Бүгін Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығында қала суретшілерінің көрмесі өтті. Суретшілердің шығармашылығын насихаттау, оларды көпшілікке таныту мақсатында ұйымдастырылған көрмеге кіл таңдаулы туындылар топтастырылды.
Шара барысында Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла қазақ халқының бұрыннан сурет өнеріне жақын екенін айта келе, көрмедегі картиналар жөнінде ой-пікірін ортаға салды. Сонымен қатар Қайыр Оразғалиев, Ерғали Бекешев, Манас Аққожин, Бақытқали Уразов, Хайдар Шаблиев, Әшім Тасқалиев, Мэлс Отаров, Бекжан Жұмабаев, Жеңісбек Утешов, Асхат Абдешев, Қанат Оразов және Аслан Серікбаевқа алғыс хат табыстады. «Інжу» тобы мен түрлі деңгейдегі ән байқауларының лауреаты Расим Жұмағалиев ән шырқады.
Қазақстан Суретшілер одағы БҚО филиалының төрағасы Қайыр Оразғалиев Ақ Жайық өңіріндегі суретшілердің ерекшеліктері және олардың таңғажайып жұмыстары жайында сөз қозғады. Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Асхат Абдешев көрмені ұйымдастырған Қадыр орталығының ұжымына алғыс білдірді.
Қонақтар көрмедегі 40-тан астам картинаны тамашалады. Жалпы Қадыр орталығында суретшілер көрмесі жиі өткізіледі. Картиналар Қадыр сарайы қонақтарының көңілінен шығуда.
Марлен Ғилымхан,
Қадыр Мырза Әлі атындағы мәдениет
және өнер орталығының ақпарат бөлімінің басшысы