Бүгінгі таңда клининг қызметіне деген сұраныс күн санап артып келеді. Уақытты үнемдеуге ұмтылған қала тұрғындары үшін бұл – тұрмысты жеңілдететін тиімді шешім. Бұрын клининг тек ірі қалалар мен ауқатты адамдарға тән қызмет ретінде қабылданса, бүгінде ол орташа табысты отбасылар үшін де қолжетімді бола бастады. Осыған қарап қоғамдағы өмір ырғағының өзгере бастағанын байқаймыз.

Мамандардың айтуынша, қазіргі кезде адам үшін ең қымбат ресурс – уақыт. Жұмыс, бала тәрбиесі, күнделікті тірлік арасында үй тазалауға да уақыт керек. Осы тұста клининг қызметі тұрмыстық қажеттіліктен нарықтық сұранысқа айналған. Біздің өңірде де бұл сала қарқынды дамып келеді. Бұл бағытта өз орнын қалыптастырып келе жатқан компаниялардың бірі – «City» клининг компаниясын атап өтуге болады. Өңірлік клининг компанияларының тәжірибесіне қарағанда бұл қызметті тек қалталы азаматтар ғана емес, айлық табыспен күн көретін отбасылар да жиі пайдалана бастаған. Демек, клининг біртіндеп «ерекше қызмет» мәртебесінен шығып, қалыпты тұрмыстық қызмет көрсету түріне айналып келеді.

– Клининг қызметіне деген сұраныстың артуы бірнеше факторға байланысты. Бірін-
шіден, бұл – уақыт үнемдеу. Кәсіби мамандар үйді бірнеше сағат ішінде сапалы түрде тазартып береді. Екіншіден, сапа мәселесі. Арнайы құрал-жабдықтар мен кәсіби химиялық заттар арқылы қол жетпейтін жерлерге дейін тазаланады. Үшіншіден, денсаулық, ауыр физикалық жұмыстан босау, әсіресе егде жастағы адамдар үшін маңызды, – дейді «City» клининг компаниясының негізін қалаушы Надежда Есетова (суретте).
Кәсіп иесі Надежда Есқалиқызы бұл саладағы алғашқы қадамын аяқ киім тазалаудан бастаған. Кейіннен сұранысты зерделей отырып, клининг қызметін жолға қойыпты. Бүгінде «City» клининг компаниясы генералды тазалау, ылғалды және экспресс тазалау, үй ішінің ауасын тазалау мен ылғалдандыру, сондай-ақ химиялық тазалау сықылды бірнеше қызмет түрін ұсынады.
– Қызмет бағасы үйдің шаршы метріне қарай есептелінеді. Мысалы, тұтас тазалау 1 шаршы метріне 650 теңгеден, ал күрделі жөндеуден кейінгі тазалау 700 теңгеден басталады. Терезе сыртын жуу, душ кабиналары, гардероб бөлмелері мен тұрмыстық заттарды шаң-тозаңнан арылту қосымша бағаланады. Баға үйдің немесе кеңсенің көлемі мен жұмыстың күрделілігіне байланысты нақты белгіленеді. Қазіргі күнде біздің қызметті күнделікті айлықпен күн көріп отырған отбасылар да пайдаланып жүр. Өйткені бұл уақытты үнемдеудің және тұрмыстық ауыртпалықты азайтудың тиімді жолы, – дейді кәсіп иесі.

Орал қаласында бұрын тек 3-4 клининг компаниясы болса, қазір бұл салада бәсекелестік айтарлықтай күшейді. Соған қарамастан, «City» клининг қызметі тұрақты клиенттер базасын қалыптастыруға тырысуда. Кейіпкеріміз қызмет сапасын арттыруға, клиенттердің сенімін арттыруға ерекше мән беретінін айтады. Үй тазалауға арналған құрал-жабдықтар мен химиялық заттар аллергия тудырмайтын тек сапалы, фирмалық өнімдерден таңдалады. Сонымен қатар қызметкерлердің біліктілігін арттыру да басты назарда.
Кәсіп иесі нарықтағы әріптестерінің жұмысын бақылап, ірі қалалардағы клининг қызметінің тәжірибесімен де танысып отырады. Бұл – сапаны арттыруға және заман талабына сай дамуға мүмкіндік береді. Клиент тартуда бартерлік жарнама, әлеуметтік желілер, әсіресе Instagram арқылы блогерлермен жұмыс істеу тиімді нәтиже берген.
– Компанияда ең басты ұстаным – қызметкерлер еңбегін әділ бағалау. Осы күнге дейін ұжымда өкпелеп кеткен жан болған жоқ. Бастапқыда 3-4 адамнан құралған компаниядағы қызметкерлердің саны қазір 10-ға жетті. Олардың жасы 18 бен 55 жас аралығында. Клиенттерді тарту үшін түрлі акциялар жиі ұйымдастырамыз. Мысалы, толық тазалауға тапсырыс бергендерге қосымша қызметтер ұсынамыз. Ал Жаңа жыл қарсаңында сыйлық сертификаттарын табыстаймыз, – дейді Надежда Есқалиқызы.
Өңірімізде клининг саласында еңбек етіп жүрген кә-сіпкерлердің тәжірибесі бұл кәсіптің болашағы бар екенін аңғартқандай. Бірнеше адаммен басталған шағын кәсіп бүгінде ондаған адамды жұмыспен қамтып отыр. Әсіресе әйелдер үшін бұл сала тұрақты табыс көзіне айналуда. Жаңа жыл қарсаңында, жаз мезгілінде немесе жөндеу жұмыстарынан кейін клинингке тапсырыс көбейеді екен. Бұның өзі тұрғындардың тазалыққа деген көзқарасы өзгеріп келе жатқанын көрсетеді.
Клининг қызметі – уақытша тренд емес, қоғамның әлеуметтік және тұрмыстық сұранысынан туған құбылыс. Өңірде бұл саланың дамуы тұрғындардың өмір сапасының артқанын аңғартады. Мамандар кәсіби тазалау – саналы таңдаудың белгісі деген пікірде. Тазалыққа деген сұраныс пен сапалы қызметке деген жауапкершілік «City» клининг компаниясын табысты бизнеске айналдырған. Бәсекелестік ортада дамуға ұмтылған мұндай кәсіп иелері қала тұрғындарының тұрмысын жеңілдетіп қана қоймай, жаңа жұмыс орындарын ашуға да үлес қосуда.
Гүлжан Ғалым,
Орал қаласы