18.06.2024, 12:46
Оқылды: 203

«Қаладан – ауылға!» жобасы: оралдық отбасы ауылға қоныс аударды

Өңіріміздегі 2024-2026 жылдарға арналған «Қаладан – ауылға!» қанатқақты жобасы туралы құлағдар болған оралдық Қадырбек Төлеуқұлов Шыңғырлау ауданындағы елді мекенге көшіп барды.

0D698996-99BA-4410-A47B-96EB8C5CC9FD

Өткен жылы тамыз айында отбасымен Шыңғырлау ауданының Ащысай ауылдық округіндегі Аманкелді елді мекеніне қоныс аударды. Өзі жергілікті мектепке қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі болып орналасты. Зайыбы да газ операторы болып жұмысқа тұрды. Екі қызы мектепте оқиды, екі балапаны балалар бақшасында тәрбиеленуде.

– Оралдағы білім ұясында мұғалім болдым. Бала-шағамен пәтер жағалау, шаһардың у-шуы шаршатып жіберді. Ай сайын балаларымның аузынан жырып, 250 мың теңге жалақымның 120 мыңын баспанаға төлейтінмін. Қыздарымның киімі, отбасымның тамағы бар дегендей тұрмысыма қиындау соқты. «Еңбек ресурстары» порталынан Аманкелдіде мұғалімдік жұмыс барын оқыдым. Содан осы елді мекенге келіп, тіршілігімен танысып кеттім. Қарапайым тұрғындары ұнады. Нартәуекел деп көшіп келдік. «Қаладан – ауылға!» бағдарламасына қатысушы болып құжат тапсырдым. Биылғы қаңтар айында осы баспана бұйырды. Осы жерге тамыр тартып, бақуатты өмір сүрсем деймін, - дейді отыз жастағы Қадырбек.

Ауылдағы тірлік-тұрмысына шүкіршілік айтқан кейіпкеріміз қолы боста ауласына бақша егуде. Тегін берілген үйін де жөндеп алуға ынталы. Қора-қопсысы сайлы екен, енді соны бағдарламада көрсетілгендей мал алып, өсіруді ойлайды. Шулы шаһарда пәтер жалдап, қиындық көріп жүрген өзі құралпы жастарды ауылға шақырып жүргенін айтады. Негізі Нұрдәулеттің Қадырбегі – Ақжайық ауданындағы Базартөбе ауылдық округіне қарасты Қадырқұл елді мекенінің тумасы. Мал өсіруге бейім. Отбасымен кітап оқығанды ұнатады.

Ащысай ауылдық округінің әкімі Жасқайрат Айсиев Қадырбектің аталмыш бағдарламаға қатысушы ретінде жаңа қонысында қолдау-көмек көретінін жеткізді. «Көпбалалы отбасы ретінде қайтарымсыз грант беру жағы қарастырылған. Одан басқа «Ауыл аманаты» бойынша 2,5%-дық несие алуына болады. Коммуналдық үй тегін беріліп отыр. Осы маңға тағы екі үйлік екі баспана салынады. Ауылды түлетіп, Аманкелдідегі негізгі орта мектеп жабылмауы үшін осындай қам-қарекеттер жасалуда. Округке қарасты Ащысай ауылында екі тұрғын қайтарымсыз грант алды. Біреуінің – 4, екіншісінің 5 ұл-қызы бар. Әрқайсысы сүтті тұқымды үш сиыр алды. Сондай көмек Төлеуқұловтардың да отбасына жасалады», - деді әкім.

Тоғызжылдық ауыл мектебінде 41 бала оқиды. Ауылдың қасымен шойын және облыс орталығына қатынайтын күре жолдар өтеді. 200-дің үстінде тұрғыны бар елді мекендегілердің тұрмысы қаладағыдан кем емес. Үйлерге газ, су құбырлары тартылған. Төрт түлік мал ұстайды, бақша салады, теміржолда және іргедегі Ақсайға қатынап жұмыс істейді. Мәдениет үйі және фельдшерлік-акушерлік пункттің әрқайсысында қыс маусымында үш-үштен газ операторы болады. Мектеп 5-6 жыл бұрын жөндеуден өткен.

Алдағы уақытта жинақы шағын мектеп салынбақ. Көшіп келем деушілерге бос тұрған үй жоқ. Сондықтан жаңа баспана салынады. Құрылысқа жер телімі бөлінген. Бірер айдың ішінде іргетастары қаланады деп күтілуде. Жер алып, егін егіп, бақша салсаң да, мал бақсаң да, жері шүйгін, халқы тату-тәтті елді мекен көшіп келем деушілерге құтты қоныс болмақ.

Аманкелділіктер жаңа ауылдастарын жатырқамай, құшақ жая қарсы алуда.

Гүлбаршын Әжігереева

Шыңғырлау ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале