Жаратқан иеміз қаламгерлік қабілет берсе де, соны толық күшінде пайдаланбай, қоғам талабына сай тер төккен жандар қаншама десеңізші! Киелі Қаратөбе топырағында дүниеге келіп, есімі аудан көлемінен асып, облыс аумағына біршама танымал болған қарт қаламгер Құмарғали Ғұбайдуллиннің фәниден бақиға қоныс аударғанына да қырық күн болып қалыпты.
Құмарғали екеуміз А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының (қазір М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті) студенттік жатақханасында бір жылдай бір бөлмеде тұрып, пікірлес, мақсаттас, армандас болған едік. Ол 1965 жылы оқуын тәмамдап, Оралда ұсынылған журналистік қызметке қалмай, туған жеріне мұғалімдік мамандығы бойынша еңбек етуге аттанып кетті. Құмекең пединституттағы академик Қажым Жұмалиев атындағы әдебиет бірлестігінің белсенді мүшесі болды. Белгілі ақын Жанғали Набиуллин Құмарғали Ғұбайдуллиннің өлеңдерін бізге үлгі ететін. Әдеби ортадан алыстап кеткеніне өкініш білдіретін.
Құмекең мұғалім, мектеп директорының орынбасары, аудандық газеттің бөлім меңгерушісі, аудандық партия комитетінде жауапты қызметте болды. Аудандағы жас қаламгерлердің басын құрап, әдебиет бірлестігін ұйымдастырып, біршама жыл жетекшілік етті. Оралға келген сапарында «Орал өңірі» газеті редакциясы мен облыстық телерадио комитетіндегі әріптестерімен жүздеспей кетпейтін. Құмарғалидың жерлестері ортасында жүріп жазған өлеңдері баспасөз беттерінде жарияланып, көгілдір экран мен радиоэфирден беріліп жататын.
Ұмытыла бастаған ақындар айтысы қайта жанданған тұста Құмарғали белсенділік танытып, Қаратөбе ауданының намысын қорғағандардың белортасында жүрді. Шолпан ақынның мына шумақтары айтқанымызға дәлел бола алады.
Аламанға мен келгенде тай мініп,
Ақын едің, аға, асқан айбыны.
Қыз сыйлайтын қазағымның салтымен,
Ұсындыңыз жолын маған бәйгенің.
Кейін ұқтым, сол бір сәттің салмағын,
Табан тіреп, талпынудан танбадым.
Ақ батаңды қанатыма іліп ап,
Алабұртып аламаннан қалмадым.
Адастырмай талабым мен талғамым,
Сынақтардан сүрінбедім, самғадым.
Аманаттап алдыңғы ұрпақ ұсынған
Айтыс көшін кейінгіге жалғадым.
Аға, осылай орындалды арманың!
Құмарғали отбасымен Қаратөбеден Бәйтерек ауданының Достық ауылына қоныс аударып, жалынды жастық шағы өткен Орал қаласына жақындай түсті. Біршама жыл селолық округ жанындағы ардагерлер кеңесін басқарып, сан алуан игі іс-шаралардың басы-қасында жүрді. Оның тұңғыш та соңғы өлеңдер жинағы 2017 жылы «Дала дауысы» деген атаумен жарық көрді. Кітапты шәкірті Шолпан Қыдырниязова құрастырса, алғысөз жазып, редактордың міндетін осы жолдардың авторы атқарды.
Кітаптың тұсауы Қаратөбе ауданы мен Переметный кенттерінде автордың қатысуымен оқырмандар ортасында кесілді. Кітаптың баспа жүзін көруіне Бәйтерек ауданы әкімдігі ықпал еткенін арнайы айтып өткіміз келеді.
Адам өмірі қысқа, атқарған игі істерінің ғұмыры ұзақ болса керек. Осыны қаламгер Құмарғали Ғұбайдуллинге қаратып айтуға болады. «Жақсыдан шарапат» дегендей, Құмарғали туған құнарлы топырақтан жас қалам иелері өсіп-жетіліп келеді. Қамыққан көңілге сол медет!
Айтқали Нәріков,
ақын,
Орал қаласының құрметті азаматы