14.11.2023, 16:00
Оқылды: 43

Қаламгер мен қоғам

Осыдан біразырақ күн бұрын Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығында Қазақстан Жазушылар одағының Батыс Қазақстан облысындағы мүшелері бас қосты. Осы басқосуда Қазақстан Жазушылар  одағы БҚО филиалының директоры Бауыржан Ғұбайдуллин соңғы бір-екі айда атқарылған жұмыстар, ҚЖО басшылығының филиалдың алдына қойып отырған міндет-мақсаттары, ел ішінде, халық арасында көркем әдебиетті насихаттау мен оқу мәдениетін жандандыруға қатысты жоба-жоспарлар жөнінде баяндады. Сондай-ақ мүшелік жарна төлеу, әдеби газет-журналдарға жазылу мәселелері де назардан тыс қалған жоқ.

cfd4f532-6967-4e57-b1a5-f479854bd220

- Туар айды айтпағанда, келер жылға да біраз жоспар түзіп қойдық. Оларды да уақытында рет-ретімен баян қылармыз. Батыс Қазақстан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы біздің ұсынысымызбен жергілікті 7-8 автордың былтыр-биыл шыққан кітаптарын облыс аумағындағы кітапханалар үшін сатып алуда. Бұл – Жайық жұрты үшін жыл ауысар сәт таянған шақта үлкен рухани базарлық! Кітабы мемлекеттік сатып алу арқылы таратылатын ақын-жазушылардың қатарында Ғайса-Ғали Сейтақ, Дариға Мұштанова, Қазыбек Құттымұрат-ұлы сынды танымал қаламгерлерге қоса, Бауыржан Ширмеденұлы, Асан-Темір Қаршығаұлы, Әділет Орынбасаров секілді жас толқын өкілдері де баршылық. Әдебиетке, Ақ Жайық қаламгерлеріне қатысты осындай қолдауы үшін облыс әкімдігі мен мәдениет басқармасының басшылығына ризашылығымды білдіремін. Біраз шаруаны Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Серік Тоқмамбетовпен бірге атқармақ ниеттеміз. Бұл бағыттағы жоба-жоспарлармен қазір Серік бауырымыздың өзі таныстырады, – деді Бауыржан Файзоллаұлы.

Ал Серік Әнуарұлы болса, жыл аяқталғанша және келесі жылы Қадыр ақын атындағы орталықтың Одақ филиалымен бірлесе атқаратын жұмыстарына аз-кем шолу жасады. Оның айтуынша, жуырда Қадыр ақын жайлы деректі фильм түсірілген. Фильм көпшілікке желтоқсан айында таныстырылмақ. Ал даңқты тұлға, дауылпаз ақын  Махамбет Өтемісұлының 220 жылдығына орайластырылған «Тартынбай сөйлер асылмын...» атты аймақтық-республикалық жыршы-термешілер байқауының бас жүлдесін иеленген өнерпазға 1 миллион теңге табысталмақ. Сонымен қатар Қадыр мұрасын кең көлемде насихаттау бағытында «Қадыр – қазына» атты ауқымды жоба қолға алынған. Аталған жоба аясында «Ой орманы», «Күндер-ай», «Күміс қоңырау», «Иірім», «Ең алдымен ел қамы», «Бұлбұл бағы» секілді түрлі бағыттағы байқаулар ұйымдастырылады. Жоба «Атамекен» өнер ордасында қорытындыланып, жазушы Мұнайдар Балмолданың «Кітапқа бай үй» атты қойылымы сахналанбақ. Байыпты ұсыныстар айтылған жиында қаламгерлер  бастамаларды бірауыздан қолдайтындарын  тілге  тиек етті.

Ақұштап Бақтыгереева,

ақын, Отан, Құрмет ордендерінің иегері, ҚР Мемлекеттік  сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері:

– Қадыр Мырза Әли мен Мұқағали Мақатаевты салыстырғалы отырған жоқпын. Айтайын дегенім, Қарасаздағы еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Мұқағалидың өлеңін жатқа оқитынын білесіздер. Ал ақиқатына келгенде, Қадыр – Мұқағалидан ауқымы үлкен ақын. Мұқағали ақынның шығармашылығын насихаттау бағытында «Мұқағали» деген журнал шығады. Қадырдың да әдебиеттің алуан  жанрындағы рухани мол мұрасын кең ауқымда насихаттау мақсатында «Қадыр» деген журнал неге шығармасқа?! Тағы бір айта кететін жайт, жас ақындардың мөлдіреген өлеңдері-нің басын қосып, бір жинақ шығару қажет. Қазақстан Жазушылар одағы БҚО филиалының жаңа басшылығына сәттілік тілеймін! Бастамаларыңызды өңір  басшылығы  қолдайды деп ойлаймын.

Алпамыс Бектұрғанов,

жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының  мүшесі:

– Идеологиялық мәнін түбегейлі жоғалтқан, әлеуметтік маңызын жойған ескерткіштерді алып тастау керек. Мәселен, Орал қаласындағы теміржол вокзалына қарама-қарсы қылышын көкке көтерген Чапаев ескерткіші не мақсатта тұр? Бұл мәселе айтылғалы қаншама уақыт өтті? Чапаев ескерткішінің орнына ірі эпик ақын, Қазақстанның халық жазушысы, қылышынан қан тамған қызыл империяның кезінде «Мен қазақпын!» деп жаһанға жар салған Жұбан Молдағалиевтің ескерткішін неге орнатпасқа? Осы мәселенің қатаң түрде бақылауға алынып, шешімін тапқанын қалаймын. Және бір айтпағым, туған өңірінен ұзамай-ақ бүкіл Қазақстанға танылған ғажайып ақын Жанғали Набиуллиннің шығармашылығын насихаттау бағытында әдеби шаралар өткізген жөн. Жанғали ақын қандай құрметке де лайық.

Аманкелді Шахин,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Астанадан да, әдеби орталық Алматыдан да алыста тұратын қаламгерлер көбіне назардан тыс қалып жатады. Бұл жайт қаламгердің шығармашылығына әсер етпей қоймайды. Қазіргі таңда кітап шығару мәселесі қатты күрделеніп кетті. Сол себепті Ақ Жайық ақын-жазушыларының кітабын мемлекеттік тапсырыспен шығаруға мүмкіндік туса, жақсы болар еді. Жылына ең болмағанда бір-екі жергілікті ақын-жазушының кітабы мемлекеттік тапсырыспен шығып отырса, керемет емес пе? Осы мәселеге баса назар аударып, оңтайлы шешімін табуға тырысу керек.

Сағынтай Бисенғалиев,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– 2026 жылы Желтоқсан оқиғасына 40 жыл толмақ. Жұбан Молдағалиев – сол бір кезеңдегі қазақ руханиятының басты қаһарманы. Ақын өлімінің де құпиясы ашылмады. Тап осы жайт жөнінде Қадыр ақын өзінің «Иірім» жинағында жазды. Жалпы Желтоқсан оқиғасы жайлы әлі күнге көп нәрсе жазылған жоқ. Жұбанға «Қазақстанның Халық Қаһарманы» атағын беру жөнінде ұсыныс-пікірлер айтылып келеді. Меніңше, Жұбан ақынға осы атақты беру бағытында әлде де жұмыстар жүргізу керек.

Дариға Мұштанова,

ақын, «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы мен Қадыр орталығы бірлесе атқаратын жоба-жоспарларға сәттілік тілеймін! Ақын-жазушылардың сапалы туындылары насихатталатын іс-шаралар көптеп өткізілсе екен деймін. Мысалы, «Поэзиялық шырағдан» дегендей, ерекше сипатта әдеби шаралар ұйымдастырылса, керім болар еді. Бастамаларыңызды қолдаймыз!

Ертай Бимұханов,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Сын қаламгердің шығармашылығын түлетуде үлкен рөл атқарады. Сынды айта білу керек және қабылдай білу керек. Бір-біріміздің туындыларымыз жөнінде ой-пікірімізді ашық жеткізіп, жанашырлық танытсақ, нұр үстіне нұр болмай ма? Осы бағытта түрлі кездесулердің, дөңгелек үстелдердің ұйымдастырылғаны дұрыс. Сахнаға шығарып қойып, қаламгерді мақтай бергеннен ешқандай пайда жоқ. Сипаты мүлде ескірген кейбір кештердің санын қысқартып, ақын-жазушы шығармашылығы талқыға түсетін басқосулар жиі өтсе екен деймін.

Талғат Мықи,

ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі:

– Алпамыс ағаның Чапаев ескерткішін алу жөніндегі пікіріне то-лық қосыламын. Осы ескерткіш айтыс ақындарына әбден пәле болды. Өзге өңірдің ақындары әлгі ескерткішті тілге тиек етіп, шабуылын үдетеді. Қаламызға пойызбен келген айтыскерлердің көзі бірден сол ескерткішке түседі. Содан кейін оны өлеңіне өзек етпегенде, қайтеді?..

 

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале