17.10.2023, 17:00
Оқылды: 47

Қаламын қаңтармаған қария

Абзал ақсақалдықтың һәм қадірлі қариялықтың бел қайыстырар бес батпан жүгін абыроймен арқалап келе жатқан алдыңғы толқын ағалардың бірі – Амангелді Ақмурзин. Дара да дана Абай бабамыздан қалған «Ақсақалдар айтпады деп жүрмесін» деген өсиет сөзді өмірлік қағидасына айналдырған бұл кісі де жазу-сызудың ауылынан алыс қонбаған. Ел-жұрты ардақтаған осынау азаматтың сеңгірлі 80 жасқа толуына орай ұйымдастырылған шараның «Журналист. Жазушы. Патриот» аталуы да сондықтан болса керек.

9ab23d03-da5a-467d-8d3b-27ee25749213

Енді «Мен кешеден келдім бүгінге» дегендей, алдымен Амангелді Меңдіғалиұлының өткен өмір белестеріне аз-мұз ат шалдырып өтсек... 1943 жылдың күзінде һәм қазан айында Жалпақтал топырағында дүние есігін ашқан оның жарты ғасырға жуық еңбек өтілінің 39 жылы ұстаздық, партиялық және журналистік қызметке арналыпты. Тек алты-ақ жыл ғана кәсіби біліміне сай жұмысқа араласқан. Айтпақшы, әуелі Орал ауыл шаруашылығы техникумында оқыса, артынан Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын ғалым-зоотехник мамандығы бойынша тәмамдайды. О бастан қайсар рухты, бірбеткей, өзіне сенімді жігіт аталған оқу орны қабырғасында жүргенде студенттер жетекшісі (старост) болумен қатар, еркін күреспен, зілтемір көтерумен айналысып, қала, облыс жеңімпазы да болған. Ал еңбек жолын Шыңғырлауда бөлімшенің кіші мал дәрігерлігінен бастап, аудандық малдәрігерлік стансасының бөлім меңгерушілігіне дейін жоғарылайды. Жалындаған жас жігіттің келешегінен үлкен үміт күткен станса басшысы Калям Рахимов кешікпей оны ұжымдағы кәсіподақ ұйымының төрағалығына ұсынып, бірқыдыру уақыттан соң аудандық «Знамя труда» газетінің штаттан тыс тілшісі атануына жол ашады. Қаламының қарымын бірден байқаған газет редакторы Вячеслав Калентьев оған тұрақты қызметке келуге ұсыныс жасайды. «Қоянның қашуына мылтықтың басуы» дегендей, өзі де іштей толғатып жүрген «қаламгерге» керегі осы еді. Айлық жалақысының айтарлықтай айырмашылығына қарамастан, тілшілік тірлікті таңдайды. Енді ол жергілікті үнпараққа үн қосып қана қоймай, өңірге танымал еңбек адамдары жайлы жазылған очерктері мен суреттемелерін, танымдық-тағылымдық мақалаларын үздіксіз облыстық басылымдарға жолдауды әдетке айналдырады.

32cc6f68-59e0-44c4-a744-adcd97dcd5b6

Иә, журналистің өзінен бұрын аты ел-жұртқа ерте танылатыны белгілі. Сол кездегі Ж. Қазымов, С. Рашев секілді қырағы көз аудан басшылары оның ой-өрісін, пайым-парасатын алыстан танып, аудандық партия комитетіне нұсқаушылық қызметке шақырады. Сол-ақ екен, өмір баспалдақтары һәм қызметтік лауазымы сатылап жоғарылай береді. Әрине, оның артында тынымсыз ізденіс пен іскерлік, сауаттылық пен жа­уаптылық секілді ізгі қасиеттер жатқаны хақ. Әйтпесе, кешікпей аудандық партия комитетінің үгіт-насихат бөлімі тізгінін ұстап, кейіннен сол кезеңде атынан ат үркетін халықтық бақылау комитетінің төрағасы болмас еді. Мұның сыртында аудандық партия комитетінің бюро мүшесі, аудандық кеңестің депутаты сынды қоғамдық жұмыстары және бар. Осынау жауапкершілік жүгін терең сезініп, міндетін мінсіз атқарғаны үшін талай сый-құрмет те иеленген.

Ал енді жаңа ғасырдың басында түрлі жағдайлармен облыс орталығына қоныс аударған кейіпкеріміз алғашында Орал қалалық әкімдігінің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінде қызмет атқарса, 2003 жылы «Жайық Пресс» ЖШС-на қарасты «Приуралье» газетіне ауысып, өзінің сүйікті ісіне дендеп бет бұрады. Осында экономика бөліміне жетек­ші­лік етіп, сан алуан тақырыпта қалам тербейді. Жазғанын тірнектеп жинап жүретін ұқыпты жанның өз есебі бойынша әртүрлі басылымда, әртүрлі жанрда 1400-дей материал жарияланыпты. Бұдан бөлек қарымды қаламгер бір роман мен екі повесть («Плата», «Осенняя рапсодия», «Сотвори свою судьбу») жазып, патша көңілді оқырман назары­на ұсынған. Әріптес ағаның «Осенняя рапсодия» повесіне ақын, халық жазушысы Олжас Сүлейменов өзінің жылы пікірін білдіріпті.

d4d56fb4-10f5-4b48-ad8d-2517399cb0f8

Орал қалалық кітапханалар жүйесінің ұйытқы болуымен Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында жоғарыда айтқан тақырыппен өткен ізгі шара да діттеген мақсатына жеткендей. Ардагер журналистің өміріне қатысты бейнебаянмен басталған жиында ақжарма тілектерге қоса, ән мен күйге де кезек беріліп, қос тілде өрілген кеш өзіндік сән-салтанатымен ерекшеленді. Арасында Амангелді Меңдіғалиұлына орысша-қазақша сұрақтар қойылып, әсерлі әңгіме тиегі ағытылды. Көргені мен көңілге түйгені көп азамат өткен күндері мен өзі танып-білген игі жақсылар жайлы тебірене сыр шертіп, бүгінгі заман жастарына қатысты ойларын да бүгіп қалмады.

Өз кезегінде Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов пен қалалық мәслихат төрағасы Есентай Қалиев ақжарма тілектерін жеткізіп, қадірлі қарияның иығына шапан жауып, ескерткіш сыйлықтарын табыстады. Үзеңгілес келе жатқан замандастары атынан ветеринария ғылымдарының докторы, профессор Ғайса Абсатиров бастаған бірнеше басқарма өкілі, шыңғырлаулық һәм деркөлдік (қазіргі тұрып жатқан мекені) жерлестері де сый-сияпаттарын ұсынып, ол кісінің еңбекқорлығына айрықша тоқталды.

Байқап отырғаныңыздай, Амангелді Меңдіғалиұлы «Орал өңірі» үшін де бөтен адам емес. Сондықтан мұндай ағалар туралы қысқа қайыру қиянат болар деген ниетте бар естіп-білгенімізді ақ қағаз бетіне түсірдік, ағайын! Әбекең уақыт алдында, ел алдында парызын өтеген, ар-ұят, намысын бермеген адам. Сондай-ақ ол әлі күнге қаламын қаңтармаған қария. Ендеше, сексенге сергек жеткен журналистің жолы қолына қалам ұстаған кейінгі толқынға жұғысты болсын деп тілейік!

Бауыржан Бисенов,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале