28.11.2024, 9:30
Оқылды: 12

Қалбырлардың жарамдылық мерзімін тексеріңіз – маман

Өңірлік коммуникациялар алаңында өткен кезекті баспасөз мәслихатында облыстық сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова  мен «Батыс Қазақстан облыстық тұтынушылардың құқығын қорғау бойынша қоғам» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Дарина Телағысова «Сапалы өнім» әлеуметтік жобасының іскe асырылуы туралы баяндады.

f9458293-c85b-420a-9075-69ac3d95c77f

Жобаның мақсаты – Мемлекет басшысының 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділ Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 7-тармағын түзу. Соған сәйкес Үкімет пен мемлекеттік құрылымдарға, «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасына сауда саясатында ішкі нарық пен отандық өндірушілерді қорғауға бағытталған реттеуші шараларды әзірлеу тапсырылды.

– Еліміздің түрлі өңірлеріне импортталатын тамақ өнімдерінің саны айтарлықтай көп. Мәселен, сүт және кондитерлік өнімдер, жартылай фабрикаттар, ет өнімдері мен балалар тағамы. Бұл сатып алушыларға да қолайлы, өйткені оларға аталмыш өнімдердің мол таңдауы, яғни бай ассортименті ұсынылған. Бірақ өнім сапасы біз күткендей бола бермейді, өнімнің сату құқығын растайтын ілеспе құжаттары болмайды немесе тиісті сапа деңгейіне сәйкес келмейді. Алайда әдетте импорттық өнім отандық өндірушілердің өнімдерінен арзанырақ болады және қарапайым тұтынушы көп жағдайда өнімнің өзіндік құнына назар аударады.

Осыған байланысты былтыр ҚР Сауда және интеграция министрлігі «Сапалы өнім» жобасын іске қосты. Жобаның негізгі міндеттері – отандық өндірушілер мен тұтынушыларды қауіпті әрі сапасыз өнімдерден қорғау, парасатты бәсекелестікті дамыту үшін жағдай жасау, – деді Эльмира Нұрқызы.

Биылғы маусым айында іске қосылған жоба аясында тұтынушылардың құқықтарын қорғау бойынша аумақтық департаменттердің қызметкерлері Алматы, Астана және Шымкент қалаларында, сондай-ақ барлық облыста ауқымды жұмыс атқарған. Жобаның өңірімізде іске асырылуы жөнінде Дариға Шамұратқызы тарқатып айтты.

– Зерттеуді толық жүзеге асыру мақсатында әр аймақта жеткізушілерден 15-тен 40-қа дейін өнім үлгілері сатып алынып, олардың сапасы мен қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін анықтау үшін аккредиттелген зертханаларға жан-жақты зерттеуге жіберілді. Батыс Қазақстан облысында 32 түрлі азық-түлік өнімінің үлгілері іріктелді. Олардың қатарында шұжық өнімдері, со-сискалар, сүт өнімдері, тез дайындалатын кеспе, чипстер, шоколад кәмпиттері, май қосылған сардина балық қалбырлары  (консервілері), кондитерлік өнімдер және басқа да тауарлар бар. Осы өнімдердің зерттеу хаттамасының нәтижесінде  барлық тағам өнімінің атаулары техникалық регламент­тердің талаптарын бұзғаны анық­талды. Зерттелген тауарлардың көпшілігінің өндірілген күні көр­сетілмеген, жарамдылық мерзімі  белгіленбеген, партия нөмірі жазылмаған, тағам өнімдерін сақтау  шарттары көрсетілмеген, өндіруші  ұйымның атауы мен мекенжайы  көрсетілмеген, сондай-ақ пайдалануға шектеу бойынша ұсыныстар берілмеген. Тұтынушылар өз құқығы мен денсаулығын қорғау үшін өнім қаптамасында толық және шынайы ақпараттың болуын тексеруі қажет. Бұған қоса елімізде кез келген ақпарат қазақ және орыс тілдерінде ұсынылуы керек. Егер осындай сәйкессіздіктер анықталып жатырса, тұтынушы бұл туралы тиісті құрылымдарға хабарлауға құқылы. Бұл қадамдар тұтынушылардың құқықтарын қорғауға ғана емес, нарықтағы өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасының жоғары деңгейін қамтамасыз етуге ық­пал етеді, – деді Д. Телағысова.

Аружан Аманжол

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале