28.01.2026, 11:45
Оқылды: 7

Қалдық  мәселесі әлі күнге шешілмей келеді...

Бүгінде  тұрмыстық  қатты қалдықтарды  жинау, сұрыптау, өңдеу – қала  тіршілігіндегі  ең  өзекті  мәселелердің бірі. Шаһардың  санитарлық-экологиялық ахуалын  жақсарту мақсатында  кейінгі жылдары қоқыс жинау инфрақұрылымы  кезең-кезеңімен  жаңартылып келеді.

логотип орал таза сервис

Қала әкімдігі берген мәліметке сенсек, қазіргі кезде Оралда 536 қоқыс алаңы жұмыс істеп тұр. Онда 2271 контейнер орнатылған, оның ішінде 386-сының көлемі 0,75 м³ болатын темір контейнерлер, ал 1885-і – 1,1 м³ евроконтейнерлер. Сонымен қатар 400 алаңда қалдықтарды сұрыптап жинауға арналған жүйе қарастырылған. Қауіпті қалдықтарға қатысты жұмыс та назардан тыс қалмаған: қалада сынапқұрамды шамдар мен құралдарды жинауға арналған  11  арнайы  орын  іске  қосылған.

Жүйелі жұмыс 2022 жылдан бастап қарқын алды. Аталған жылы қала аумағына 100 темір контейнер мен 900 евроконтейнер жеткізілді. Бұған қоса, 50 қоқыс алаңына 100 бейнебақылау камерасы орнатылды. Алайда бейнебақылау жүйесінің үздіксіз жұмысын қамтамасыз етуге жауапты мердігер ұйымның болмауына байланысты  қазіргі таңда аталған құрылғылар  істен  шыққан.

2023 жылы да бұл бағыттағы жұмыс өз жалғасын тапты. Қалаға 642 жаңа евроконтейнер әкелініп, 87 жаңа қоқыс жинау алаңы ашылды. Ал биыл, 2024 жылдың қорытындысы бойынша, 1 000 евроконтейнер сатып алынып, 108 жаңа алаң  іске  қосылды.

2025 жылға арналған жоспар да ауқымды. Жыл соңына дейін тағы 1 000 евроконтейнер сатып алып, 100 жаңа алаң салу көзделіп отыр. Бұл бастама толығымен жүзеге асқанда, қала толықтай евроконтейнерге көшеді, ол үшін қосымша 2 000 контейнер  қажет.

Мамандардың айтуынша, евроконтейнерлердің артықшылығы – олар экологиялық талаптарға сай әрі тасымалдауға әрі тазалауға ыңғайлы. Сонымен қатар бөлек жинау жүйесінің енгізілуі қайта өңдеуге жарамды қалдықтардың көлемін арттырып, полигондарға  түсетін  жүктемені  азайтады.

Қалалық әкімдік алдағы уақытта бейнебақылау жүйесін қайта іске қосу және техникалық қызмет көрсетуді жолға қою жұмыстарын да назардан тыс қалдырмайтынын мәлімдеді. Бұл тек тазалықты ғана емес, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз  етудің  де  бір  жолы.

Қала экологиясын жақсарту жауапты мекеме мен әкімдіктің құзыретіндегі шаруа емес, әр азаматтың да міндеті. Қалдықты дұрыс сұрыптап тастау, қоқыс жәшігіндегі тәртіпті сақтау әр тұрғынның күнделікті әдетіне айналса, игі істердің  жемісі де  ұзақ  күттірмесі  анық.

Қаланың  тазалығы –  тұрақты  назарда

Бүгінде тұрмыстық қатты қалдықтарды басқару жүйесін жетілдіру – өңірлік маңызға ие мәселелердің бірі. Қала аумағында санитарлық жағдайды жақсартуға бағытталған нақты шаралар жыл сайын жүйелі түрде жүзеге асырылуда.

Бұл ретте қоқыс шығару қызметінің тиімділігін арттыру, заманауи техникалармен жабдықтау және қадағалау жүйесін енгізуді басты  назарға  алған  жөн.

Қазіргі таңда қала бойынша қатты тұрмыстық қалдықтарды шығарумен «Орал таза сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысады. Ол мекемедегі штат саны 145 адам, ондағы жүргізушілердің орташа жалақысы 350 мың теңге, ал жұмысшылардың жалақысы 180 мың теңгені құрайды. Жалпы кәсіпорын қызметкерлерінің орташа  жалақысы – 265 мың  теңге.

Күнделікті атқарылатын жұмыстардың көлемі ауқымды. Бір тәулікте қала аумағынан 700-ден 1000 м² аралығында, салмағы 180-нен 220 тоннаға дейін болатын қоқыс шығарылады. Бұл жұмысты кейде 22, кейде 25 арнайы техника атқарады. Қазіргі кезде кәсіпорынның техника паркінде 45 техника бар. Заманауи талаптарға сай болу үшін жыл сайын техникалық базаны жаңарту көзделуде. Кейінгі жылдары алынған техника туралы айтар болсақ, 2021 жылы екі, 2022 жылы үш, 2023 жылы  екі және 2024 жылы екі техника алынған. Қоқыс тазалаушы компанияға биыл 3 жаңа арнайы техника сатып алу жоспарланып отыр. Бұл өз кезегінде қалдықтарды шығару сапасын арттыруға және өндірістік процестің үзіліссіз жүруіне сеп болмақ. Сонымен қатар бейнебақылау жүйелерін жаңғырту мен қайта іске қосу жұмыстары да назарда. 2022 жылы қала аумағындағы 50 қоқыс алаңына орнатылған 100 бейнекамера техникалық қызмет көрсететін болмағандықтан, уақытша істен шыққан еді. 2025 жылы аталған камералар орналасқан 10 көше бойындағы бейнебақылау жүйесін қайта қосу көзделуде.

Былтыр Лермонтов пен Некрасов көшелерінің, Қ. Жұмағалиев пен Самар көшелерінің қиылысына, Абай даңғылы 108, Х. Чурин 119, Мұнайшылар көшесі, 1/1, Лев Толстой көшесі 22, Құрманғазы көшесі 33, Строитель шағынауданы, 32/1, С. Датұлы көшесі 17, Циолковский көшесі, 37/2 мекенжайларындағы бейнебақылау камералары  іске  қосылады.

Қаланың тазалығы тек тазалық қызметінің емес, әр тұрғынның мәдениеті мен жауапкершілігін көрсететін көрсеткіш. Қалдықтарды уақтылы және дұрыс тастау, арнайы бөлінген алаңдарды тиімді пайдалану ортақ игілікке  қосылған үлес  болмақ.

Коммуналдық төлем  толық түспейді

Қала келбетінің көркі оның тазалығында. Бұл ретте облыс орталығындағы санитариялық жағдайды қамтамасыз ету міндеті «Орал таза сервис» компаниясына жүктелген. Мекеме шаһар аумағындағы 3000-нан астам қоқыс контейнерін тұрақты босатып, тұрмыстық қалдықтарды сұрыптау ісін  де жүйелі  түрде  жүргізіп  келеді.

Компания басшысы Рафхат Данағұловтың айтуынша, қала экологиясын жақсартудың басты жолы тұрғындардың тазалық мәдениетін қалыптастыру.

Осы мақсатта Оралдың үш ауданында арнайы экопункттер ашылған.

Шаһар халқы өңдеуге жарамды қалдықтарды картон, пластик, сұйық май қалдықтары мен алюминий құтыларды  сол пункттерге  тапсыруға дағдылана  бастады.

– Экопункттер «Школьник», «Зашаған» және 5-шағынаудандарында орналасқан. Бұл бастама тұрғындардың қалдықты сұрыптап тапсыру мәдениетін қалыптастыруға айтарлықтай ықпал етіп отыр, – дейді  Рафхат  Данағұлов.

«Таза Орал» мекемесі экологиялық ағартушылық бағытында да белсенді жұмыс жүргізуде. Компания қаладағы мектептер мен балабақшалармен байланыс орнатып, түрлі байқаулар мен түсіндіру шараларын ұйымдастырып келеді. Сонымен қатар тұрғындармен кері байланысты арттыру мақсатында арнайы Telegram-бот іске қосылған. Онда қала тұрғындары қоқыс жиналып қалған аумақтар туралы ақпарат жолдайды. Ал жауапты қызметкерлер мәселе шешілген соң фото және бейне  есеп  беріп  отырады.

Жуырда мекеме басшылығы Оңтүстік Кореяға іссапармен барып, ол елдегі қалдықтарды басқару  жүйесін  көріп  қайтқан.

– Кәріс халқының қоқыс сұрыптауға жауапкершілікпен қарауы біз үшін үлкен тәжірибе болды.

Онда қоқыс жинаушыларға мемлекет тарапынан қолдау көрсетілетінін де байқадық. Осындай жүйе бізде де қалыптасса, қала тазалығы әлдеқайда жақсара  түсер  еді, – дейді компания өкілдері.

Қаланың  тазалығы  коммуналдық қызметтің ғана міндеті емес. Бұл – ортақ жауапкершілік. Ал қазіргі таңда Оралда тұратын 370 мың тұрғынның 200 мыңы ғана қоқыс шығару қызметіне төлемді уақтылы жасайды. Түсімнің аздығы жаңа техника сатып алуға және қызметкерлер жалақысын өсіруге мүмкіндік бермей  отыр.

Компания алдағы уақытта тарифті көтеру мәселесін қарастыруда. Мұндай қадам бұған дейін өңірдегі бірқатар кәсіпорынға тиімді болғаны белгілі. Мәселен, «Жайықжылуқуат» АҚ тариф өсімінің арқасында қазандықтарды жөндеп, жылыту жүйесін жаңғыртып, қызметкерлердің жалақысын арттыра алған еді. Алайда «Таза Орал» үшін бұл үдерістің өзіндік қиындығы бар. Себебі жылу беруші мекемелерден айырмашылығы, қоқыс шығару қызметінің нақты тұтынушылар базасы қалыптаспаған. Нақты деректердің жоқтығы тарифтік саясат жүргізуге  кедергі  келтіріп  отыр.

Қалай десек те, қала тазалығы – әрбір тұрғынның ортақ ісі. Тазалық мәдениеті қалыптасқан қоғамда экологиялық мәселелер де тиімді шешімін  табары  анық.

Түгелбай  Бисен,

«Орал  өңірі»

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале