7.08.2020, 17:04
Оқылды: 80

Қалдықсыз өндіріске көшкен «Кублей» тері өңдеу цехын іске қосады

Өңірдегі мал баққан ағайынның сойған ірі қарасының тері-терсегі алдағы уақытта ит-құсқа жем болмайды. Өйткені агроөнеркәсіп кешені саласындағы қайта өңдеуші кәсіпорындардың бірі әрі бірегейі «Кублей» ЖШС тері-терсек өңдеу цехын іске қоспақ. Соған орай аудан-ауылдардағы тұрғындардан мал терісін қабылдау жоспарланған.

IMG-20200807-WA0023

Қазіргі «жаман» ауру кезінде және экономикалық қиындықтарға қарамастан тұрақты өсуді, еңбек өнімділігін арттыруды ойлайтын оралдық серіктестік жаңа цехты іске қосуға дайындалуда. Бүгінде тері-терсек өңдеу цехына итальяндық құрал-жабдықтар қойылған. Мұнда мал терісін жұмсартатын үлкен сыйымдылықтар да көзге бірден түседі. Олар африкалық қызыл ағаштан жасалыпты. Оның біреуінің сыйымдылығы 30 текше метр шамасында, бұл жабдықтарды пайдалану мерзімі  - 30 жыл. Цехта ұнтақтайтын, сығатын және дайын терінің көлемін өлшейтін машиналар бар. Олардың көмегімен малдың тері-терсегі итальяндық технология бойынша өңделмек. Қазір зауытта тері өңдеу жұмыстарына бас-көз болатын тері өңдеу технологы маман жұмысқа қабылданған. Жалпы жаңа өндіріс орнында хромдалған WET-BLUE жартылай дайын өнім - тері өндіріледі. Жартылай дайын өнімнен, яғни қалың тері материалынан арнайы жұмыс аяқ киімінің үстіңгі және астыңғы бөліктері дайындалады. Ондай аяқ киім кен орындарында еңбек ететін жұмысшыларға арналып тігіледі.

IMG-20200807-WA0022

Аталмыш серіктестіктің өндіріс жөніндегі меңгерушісі Гүлнұр Дошматованың айтуына қарағанда, жаңа цех іске қосылуға толықтай дайын. Еліміздегі тиісті орындар итальяндық мамандардың «Кублей» кәсіпорнына келіп, жобаны іске қосуына рұқсат берген. Сондықтан шетелдік мамандар Италия үкіметінің «ақ батасын» күтуде. Өз мемлекеттерінен «ақжол» шешім алған соң, итальяндық мамандар келіп, өндіріс ошағының «отын» жағып, құрал-жабдықты пайдалануға тапсырмақ.

IMG-20200807-WA0021

Үлкен бөшкелерде терілер түрлі химикаттардың көмегімен жібітілмек. Ондай заттар Италиядан технологияға сәйкес тасымалданады. Оның үстіне елімізде тері өңдеуге жарамды  химиялық заттардың өндірілмейтіні бесенеден белгілі. Тері өңдейтін жабдықтар аусымына 600 теріні өңдеуге қауқарлы. Цехтың басты артықшылығы - өндірісте қалдықтың қалмайтындығында. Кәсіпорында тоңазытылған, мұздатылған ет және жартылай дайын ет өнімдерін өңдейтін кешен жұмыс істейді. Онда ірі қара, уақ жандық, жылқы соятын қасапхана бар. Одан басқа қалбыр зауыты да 100-ден астам өнім түрін өндіреді.

IMG-20200807-WA0019

-2017 жылы ашылған мына цехымызда мал қалдықтары өңделеді. Бәсекеге қабілетті болу үшін қалдықсыз өндіріс үрдісін енгіздік. Мұнда малдың сүйегі, мүйізі, шеміршегі, сіңірі, яғни азық-түліктік емес қалдығының барлығы өңделіп, етсүйек ұны және мал майы өндіріледі. Оның құрамында 50 пайыздан астам күрделі белоктар – протеиндер бар. Цехтағы заманауи еуропалық жабдықтар толықтай аутоматтандырылған, компьютермен басқарылады. Күн сайын цехта 18-20 тонна қалдық өңделіп, 9-10 тонна етсүйек ұны мен мал майы алынады. Өнімдерімізге сұраныс күшті. Оларды Түркістан, Қостанай және өзіміздің өңірдегі құс фабрикаларына өткіземіз. Мал майын сабын өндірісімен айналысатын кәсіпорындар алады. Бізде қалдықсыз өндіріс жолға қойылған. Кәсіпорындағы өндіріс циклдері тұйықталған, яғни малды союдан бастап оның қалдығын өңдеп кәдеге жаратамыз. Қалдықсыз өндіріс барысында табиғатқа зиянды қалдықтар шығарылмайды, сондықтан ол қоғамға экологиялық жағынан қауіпсіз, - деді Гүлнұр Дошмұханова. Оның айтуынша, етсүйек ұны құс фабрикаларында бройлердің, бордақылау алаңдарындағы малдың азықтық жеміне қосылатын таптырмас қоспа. Сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласында тыңайтқыш ретінде пайдаланылады. Ал мал майы сабын өндірісінде қолданылады.

IMG-20200807-WA0024

«Кублей» ЖШС-ның өндірген сапалы өнімдері тек елімізде ғана емес, таяу және алыс шетелдерге танылған. Отандық өнім Иран, Қытай, Қырғызстан, Түркіменстан, Ресей елдеріне шығарылады. Оның вакуумдық орамадағы сиыр еті, қалбырдағы өнімдері Атырау, Ақтау және Оралдағы ірі сауда орындарында өз тұтынушыларын тапқан.

Гүлбаршын Әжігереева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале