17.11.2025, 18:00
Оқылды: 38

Қалдықтарды қайта өңдеу – жаһандық проблема

Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінде жыл сайын Дүниежүзілік қайта өңдеу күніне орай өскелең ұрпақтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталған іс-шара өтеді. Биыл бұл шараның ауқымы кеңейіп, ерекше форматта ұйымдастырылды.

DSC00322

«Қайта өңдеу – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастыру құралы» атты ауқымды іс-шараны университеттің «Цифрлық экономика және тұрақты даму» институты ұйымдастырды. Басты мақсат – жастардың экологиялық мәдениетін қалыптастырудағы қайта өңдеу саласының рөлін талқылау, мемлекеттік құрылымдар, білім беру мекемелері, бизнес және коммерциялық емес ұйымдар арасындағы өзара іс-қимылды жолға қою, жастарды қайта өңдеу жобаларына тарту бойынша табысты тәжірибелермен бөлісу.

Алдымен университет қызметкерлерінің, БҚО бойынша Экология департаменті мен БҚО табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының және қайта өңдеумен айналысатын кәсіпорын өкілдерінің қатысуымен панельді талқылау өтті. Мұнда қатысушылар қайта өңдеу саласын экологиялық тәрбиенің элементі ретінде қарастыру бойынша мәселелерді саралады. Яғни, қайта өңдеу мәдениетін дамытуды мемлекет тарапынан ынталандыру, қайта өңдеу идеяларын ілгерілетудегі білім беру мекемелерінің рөлі, бизнес құрылымдарының жастарды экологиялық жобаларға тартуы туралы айтылып, нақты мысалдар келтірілді.

Ал шараның екінші бөлігінде қонақтар «Қалдықтардан – өнерге: тұрақты әлемге арналған идеялар» атты көрме-байқауға қатысушы мектеп оқушылары мен БҚАТУ-дың «Өнеркәсіптік экология» білім беру бағдарламасы студенттерінің жұмыстарын тамашалады. Мұнда жастар өздерінің түрлі тұрмыстық қалдықтардан жасалған қолөнер жұмыстары мен бизнес-жобаларын көрсетті.

DSC00272

– Қалдықтарды қайта өңдеу – жаһандық экологиялық проблема. Әлемдік деңгейдегі «Тұрақты даму» тұжырымдамасы аясында 17 бағыт белгіленген болатын. Соның 12-ші бағыты тұтыну мен өндірудің оңтайлы модельдеріне көшуді қамтамасыз етуге бағытталған. Осы мәселені бүгін өңіріміздегі қайта өңдеу саласының өкілдерімен талқылай келе, ортақ шешімдерді қарастырдық. Сонымен қатар жыл сайын өтетін көрме-байқауға қатысушылар қатары көбейіп келеді. Биыл жиырмадан астам мектептің оқушылары мен «Өнеркәсіптік экология» білім беру бағдарламасының бірінші курс студенттері қатысып, қалдықтарды кәдеге жарату бойынша өздерінің шығармашылық идеяларымен бөлісті, – дейді  «Өнеркәсіптік экология» білім беру бағдарламасының жетекшісі, «Тұрақты даму» орталығының басшысы Ақжібек Бөлекова. Үздік жұмыстардың авторлары Жәңгір хан университеті мен қайта өңдеуші кәсіпорындар тарапынан марапатталды.

БҚАТУ баспасөз қызметі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале