24.08.2021, 10:32
Оқылды: 29

«Қалтылдақты» жекешелендіріп алдым

Ойдық-шойдық, қотыр-сотыр жолдарды пайдаланғандарың үшін алым-салық төлейсіңдер деген хабар тарағалы менен де маза кетті. Осындай сәтті пайдаланып, мен неге пайда таппаймын? Ойыма ауылдың ортасын екіге бөліп тұрған «Жылымшы» тоғанның үстінен салынған «Қалтылдақ» көпір түсе кетті. Бірақ оны әуелі жекешелендіріп алу керек екен ғой. Атам заманғы сүйектерді зерттей ме, әлде мәйіттерден алтын-күміс іздей ме, білмеймін, осындай орында істейтін, Алматыда тұратын тарихшы Кәукіш досыма «Ауылдағы «Қалтылдақ» көпірді менің ата-тегіме теліп беретін бір қағаз жазып бер. Еңбегің елеусіз қалмайды» деп хат жазып жібердім.

 _080

Кәукіш досым да көп күттірген жоқ. «Сенің жеті атаң Ауыз, Ауыздан Жұтқыншақ, Жұтқыншақтан Көмекей, Көмекейден Кеңірдек, Кеңірдектен Өңеш, Өңештен Қарын болып жалғасады. «Қалтылдақ» көпірді Өңеш деген бесінші атаң салыпты. Бұл құжат Прансиа деген елдің архибінде сақтаулы тұр. Так што, сен бұл көпірдің толыққанды мұрагерісің» деп мәйіттердің сүйегін қопаратын мекемесінің мөрін соққан бір бет қағазын салып жіберіпті. Осы қағазды ұстап, ауылсәбетке құстай ұшып жеттім. Олар да қуанып кетті.

– «Осы көпірді қашан жөндейсіңдер? Бұған бөлінген қаражат қайда? Бала-шаға құлап кетсе, не болады?», – деп жиын өткен сайын мына халық миымызды ұрып болды. Оның үстіне өзіңнің Шөлмекбай досың күнде «қызарып» келе жатып, көпір үстінен құлап кеткен сайын құтқарудан шаршадық. «Қалтылдақты» жөндеуге қаражат 2050 жылға қаралған. Ағасы, енді өзіңіз иесіз, не істесеңіз де өзіңіз біліңіз, – деп арқамнан қағып-қағып шығарып салды.

«Қалтылдақ» көпірдің қожайынымын. Шығар аузына қақпа орнатып, қара құлып салып, «ақылы» деп бадырайтып жазып қойдым. «Қалтылдақтың» үстінен өткен ауылдың малынан да, жанынан да алым алуды бастап кеттім.

– Екі келі картоп алуға ақшамыз жетпей жатқанда, мынау не масқара! – деп қүңкілдегендерге «Пайдаланбасаңдар, бес шақырым жерден айналып өтіңдер, онда менің шаруам жоқ!» – деп шорт кестім.

Бизнес жүріп жатыр. Күндіз кемпірім күзетеді, түнде өзім күзетемін. Әншейінде аяғым сырқырайды деп таңертең шай беруге тұрмайтын кемпірім, азанмен көпірге қарай жүгіріп бара жататын болды.

P.S: Сендер ауылда бизнес жоқ дейсіңдер. Міне, бизнес қайда жатыр?! Ендігі ойым, ауылдың күншығыс жағындағы шабындық көлді басыбайлы меншіктегім келіп жүр. Ол үшін Алматыдағы Кәукіш досымнан бір қағаз алу керек болып тұр...

Серік Жұмағалиев,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Орал қаласы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале