Осы күнгі балалар телефонға телміріп отырып, айналадағы кереметті байқамайды. Бүгін еңбектен қашқан ұрпақ болашақта іске олақ, жұмыста жалқау болады деген түсінік бар. Шыны керек, оны жоққа шығара алмаймыз. Бірақ баланы еңбекке баулып, оның жаңаны үйренуге, өз қолымен қиялындағы дүниені жасауға үйретуге болады. Ол үшін ұл-қыздың ыңғайына қарап, қолынан келеді-ау деген үйірмеге берген абзал.
Орал қаласындағы №52 мектептің қосымша Қамбар Сармалаев – ғұмырын ұстаздыққа арнап, білгенін балаға үйретіп жүрген мұғалім. Өткен ғасырдың сексенінші жылдары бір қолы мен бір аяғынан айырылып, оқыста мүгедек болып қалған ол – тағдырдың жазғанына қарсы тұрып, сүйікті ісін жалғастырып қана қоймай, ұстаздықтың шыңына ұмтылған жан.
1955 жылы Казталов ауданының Қараоба ауылында өмір есігін ашқан кейіпкеріміз ауыл мектебін аяқтаған соң Қарағанды қаласындағы педагогикалық институттың көркемграфика-сызу факультетіне құжат тапсырып, аталған оқу орнының студенті атанады. 1976 жылы оқуын ойдағыдай аяқтап, туған жеріне оралған Қамбар Мұхамбетжанұлы ұстаздық жолын бастайды. Туған жерінде жемісті еңбек етіп жүрсе де, бала арманын орындап, архитектор болсам деген ниетпен Алматы қаласына оқуға түседі.
– Ауылдағы жұмысым жаман болды дей алмаймын. Десе де, бір нәрсе үйренсем, жаңа бір шыңды бағындырсам деген ниет маза бермеді. Сол себепті арман қала Алматыға баруды ұйғардым, – дейді Қамбар мұғалім.
Бірақ жас ұстаздың жаңашылдыққа ұмтылған арманы сол күйінде қалды. Алматыдан келе жатқанда Оралда тоқтаған пойыздан түсіп, үйге қажетті зат алам деп болғанша, көлік орнынан қозғалып кетеді. Жастық жалын мен сенімі күшті жігіттікке салып, жүріп бара жатқан пойызға секіреді...
– Қапыда бір қолым мен аяғымнан айырылдым. Есімді бірнеше аптадан соң ғана жидым. Өте көп қан жоғалтыппын. Үлкендердің айтуынша, мені өлді деп мүрдеханаға шығарып тастаған екен. Бірақ сол кезде бір адам менің тірі екенімді байқап, аман қалдым, – дейді кейіпкеріміз.
Аса күрделі операциялар мен түрлі ем-дом шараларынан, дәрігерлердің біліктігі мен жастық жалынның арқасында аман қалған Қамбар Сармалаевтың өмірге қайта оралуы оңайға соқпаған. Оны өзі де жасырмайды. Бірақ бір ажалдан аман қалған жігіт жанын қинаған қиындықты жеңіп, өмірін тек жақсылыққа, игі іске арнауға бел буады.
– Бір жылдан соң Саратов қаласына арнайы протез салдыруға бардым. Тағдырдың жазуы ғой, өзім сияқты басқа да мүгедектерді көрдім. Олар да өмір сүруде екен. Содан өз-өзіме серт беріп, қалай да ойымда жүрген игілікке ұмтылуға күш cалдым, – дейді Қамбар ұстаз.
Содан ұстаздық істі одан әрі жалғастыруға мықтап бел буған жас мұғалім өзі жете алмаған мақсат-мұраттарға шәкірттерім жетсін деген оймен іске кіріседі. Әрине, бірден ойдағысын орындау мүмкін болмапты. Өйткені өмірге, жүріп-тұруға қайтадан бейімделу қайдан оңай болсын?! Осылайша ұстаз өзі де көп нәрсені үйренеді. Сол кездері өзіне қолдау танытқан ұжымы мен әріптестеріне алғысы шексіз кейіпкеріміздің.
Қамбар шебер қажырлылықпен шәкірттерін техника мен қолөнерге баули бастайды. Ауыл баласы да ешкімнен кем емес екенін дәлелдеп, өзі жете алмаған шыңды шәкіртім бағындырсын деп алдына мақсат қояды.
Шәкірттерінің кезекті жеңісі мен берілген тапсырманы ойдағыдай орындап шыққанын көру – ұстаз үшін бір мерей. Өзінің мұғалімдік жолында меңгерген оқушының бойындағы қабілетті дамытудың сан алуан түрі мен тәсілін ардагер ұстаз өзінің «Ұлттық мектептегі бейнелеу өнері мен көркем еңбек» атты авторлық бағдарламасына енгізген. Жылдар бойғы еңбек өз нәтижесін де берді. Осы күні оның шәкірттері ғана емес, өңірдің ұстаздары да аталған бағдарламамен жұмыстанады. Оқушыны өнерге, қолөнерге, шығармашылыққа баулимын деген мұғалім аталмыш авторлық еңбекті пайдаланғаны жөн. Сосын да болар облыстық балалар техникалық шығармашылығы орталығының ұжымы кейіпкерімізді қатты бағалайды.
– Оқушының еңбекке құмар, ізденімпаз болғанын қаласаңыз, оны өнерге ертерек бағыттаған жөн. Сонымен қатар орта топ және жоғары топ деп бөліп, үйренем деген баланы сатылап оқытудың маңызы жоғары. Барлық қиындықтан өтіп, жоғары топқа келген шәкірт нағыз шеберлікке талпынады, – дейді Қамбар Мұхамбетжанұлы.
Бүгінде қала шетіндегі мектепте үйірме жүргізіп жүрген Қамбар ұстаз әр шәкірттің жүрегіне жол таба білген. Ең алдымен қағаздан түрлі бұйымдар жасатып, оқушының қабілетін байқайтын ол әр баланың мінезі мен икеміне қарай тапсырма береді. Сәтті шыққан туындыларына шәкіртімен бірге қуанып, жетістігіне желпінген оқушыға күрделілеу тапсырма береді.
– Бүгін қағаздан ғарыш кемесін жасаған балақай санасына ғарыш кеңістігін тану, зерттеу жайлы ой түйеді. Ал кеме жасаған бала теңізге, көлік жасаған бала жер беті техникасына үйір болады. Сондықтан үйренемін деген баланың бетін қақпай, бағыт беру оның қарым-қабілетін жетілдіре түседі, – дейді тәжірибелі педагог.
Баланы еңбекке, өнертапқыштыққа баулуды мақсат тұтқан Қамбар ұстаздың шәкірттері мақала басында айтылған қазіргінің балалары еңбекке икемсіз деген қасаң түсінікті жоққа шығарады.
Өнертапқыштық – өмірдің жасампаз қозғаушысы. Үйірмедегі әр оқушы өзінің ой өрісі мен техникалық қарым-қабілетіне қарай алдына мақсат қояды. Бір бала осы заманғы желкенді қайық, біреуі ұшақ, келесісі әмбебап экскаватор, енді бірі соғыс техникасын, тағы бір оқушы экологиялық автокөлік, одан озсам деген шәкірт жаңа үлгідегі спорт автокөлігін жасайды. Бұл жерде бала қиялына барынша еркіндік беріледі. Кім білген, мүмкін топырлап, ұстазының мазасын алған шәкірттердің ішінде болашақ мықты инженерлер, жаңашылдыққа ұмтылған конструкторлар, тіпті біздің өңірден шығатын болашақ ғарышкерлер жүрген болар.
Еңбек – тек мектептегі ғана емес, өмірдегі негізгі пән. Қамбар ұстаздың алдын көрген отызға жуық бала бейнелеу өнерін таңдапты. Олардың ішінде тек суретшілер ғана емес, дизайнерлер, технологтар, ұстаздар бар. Техникалық бағытқа да үлкен мән беретін ұстаздан тәлім-тәрбие алған оқушылардың арасында, бәлкім, өзі армандаған архитекторлар да шығады деген үміттеміз.
Түгелбай Бисен,
zhaikpress.kz