Өткен сейсенбіде облыстық полиция департаментінде облыс әкімдігінің жанындағы кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі комиссияның көшпелі отырысы өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Бақытжан Нарымбетовтың төрағалығымен өткен жиында кәмелетке толмаған жасөсіпірімдерге жыныстық қолсұғушылықтың алдын алу бағытында жасалып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар көпшілік назарына ұсынылды.
Облысымызда 186 мыңнан астам кәмелетке толмағандар болса, оның 27 мыңнан астамы 15 пен 18 жас аралығындағы жеткіншектер.
– Өңірімізде кәмелетке толмағандар тарапынан жасалған қылмыстың азайғаны байқалады. Мұндай қылмыстардың ең көбі Бөрлі және Жанақала аудандарында тіркелген. Жыл басынан бері 38 жасөспірім түрлі қылмысқа барса, оның жетеуі мектеп оқушысы, 16-сы колледж студенті, қалғандары еш жерде оқымайтын балалар. Дегенмен, облыста 18 жасқа толмағандарға қатысты қылмыс саны көбейген. Кәмелетке толмағандарға қатысты 59 қылмыс бойынша Орал қаласы көш бастап тұр. 31 қылмыс кәмелетке толмағандардың жыныстық қолсұғушылығына қатысты, - дейді жергілікті полиция қызметі бастығының орынбасары Ернар Сұлтанғалиев.
Айта кетейік, облысымызда «Демеу», «Жігер», «Қамқор» атты үш жастар денсаулық орталығы бар. Сонымен қатар «сенім телефоны» (150) тәулік бойы жұмыс жасап, жастардың барлық мәселелері бойынша тегін кеңес береді. Сенім телефонына 28 қоңырау түскен.
Кәмелетке толмағандарға қатысты жыныстық қолсұғушылық пен жыныстық бостандыққа қарсы қылмыстардың алдын алу мемлекеттік құрылымдар қызметінің маңызды және өзекті бағыты болып табылады. Мамандардың мәлімдеуінше, кәмелетке толмағандарға қатысты зорлық-зомбылық жағдайларын ерте анықтау, балаларға дер кезінде жан-жақты көмек көрсету - олардың денсаулығына келетін зиянды барынша азайтады. Сондай-ақ, әлеуметтік жетімдіктің, суицидтің алдын алуға ықпал етеді. Аталған қылмыс түрлерінің алдын алу мақсатында ювеналды полиция инспекторлары барлық мемлекеттік құрылымды тарта отырып, кәмелетке толмағандар мен ата-аналарға тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Соған қарамастан кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыс саны толастамай тұр.
Отырыс барысында Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының бастамасымен қолға алынған «Кәмелетке толмағандардың жыныстық қол сұғушылыққа, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа және балаларға қатысты зорлық-зомбылыққа қарсы қылмыстардың алдын алу жөніндегі 2019 - 2023 жылдарға арналған ведомствоаралық іс-шаралар жоспарын» іске асыру мәселелері қаралды. Бұл мәселе Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі мен облыстық полиция деапртаментінің ерекше бақылауында.
Жиынды қорытындылаған облыс әкімінің орынбасары Б. Нарымбетов қоғамның өзекті мәселелерінің біріне айналған кәмелетке толмаған жасөспірімдерге жыныстық қолсұғушылық пен ерте жүктіліктің алдын алу бағытындағы жұмыстарды ширату қажеттігін қадап айтты.
Гүлжамал Жолдығали,
zhaikpress.kz
Фотосурет: Эльвира Меңдіғали