7.11.2022, 10:15
Оқылды: 40

Камералар қырағы

Биылғы 10 айдың қорытындысы бойынша облысымызда аса ауыр қылмыс  –  13,3, аутокөлік ұрлау  – 25, зорлау  –  61, топ болып қылмыс  жасау фактісі 49 пайызға төмендеген. Ол туралы облыс әкімімен болған  кездесуде полиция департаментінің басшысы, полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов мәлімдеді. Сонымен қатар өңірдің бас полицейі  қоғамдық тәртіпті қадағалау үшін облысқа 530 бейнебақылау камерасы,  жылдамдық өлшегіш 40 құрал және жаңа компьютерлер мен жедел әрекет ету орталығына арналған мониторлар алынғанын атап өтті.

1 (6)

-Мемлекет басшысы облыс орталықтары мен барлық қаланы түгелдей бейнекамералармен қамтамасыз етуді тапсырған болатын. Өкінішке орай, ол тапсырма толықтай іске асып жатыр дей алмаймыз. Өйткені осы кезге дейін орнатылған 300 камераның қолданылу мерзімі өтіп кетті. Алдағы  уақытта көшелер мен адам көп шоғырланатын орындарға үйлердің аулаларына бейнебақылау құрылғыларын орнатуды жоспарлап отырмыз. Осы кезге дейін қойылған 300 камера өзінің шығынын толықтай ақтады. Алдағы уақытта тағы 1000 құрылғы қоюды қолға алу қажет, – деді  М. Аблазимов. Сонымен қатар полиция генерал-майоры Махсудхан Аблазимов қала ішінде камера және жылдамдық бақылау құрылғылары көбейгенімен, жол-көлік оқиғалары және жылдамдық асыру сияқты әкімшілік құқықбұзушылық саны артып отырғанын атап өтті. Оның бірден-бір себебі пандемияға байланысты қойылған шектеулердің алынуынан екен. Өйткені осы күні пандемия кезіндегідей тексеру жоқ, көлік көбейіп, жүру уақыты шектелмейді.

1 (11)

Жалпы облысымыз алғашқылардың бірі болып, қоғамдық тәртіпті қадағалау үрдісін цифрландырды. Соның арқасында қылмыс жасаған аутокөлік иелерін, айыппұлын төлемей жүрген көлік қожайындарын анықтайтын мүмкіндік бар. Жаңа заман технологиясының мұндай озық үлгісі өңір басшысына полиция департаментінің жедел әрекет ету орталығының жұмысымен таныстыру барысында көрсетілді. Одан бөлек жаңа бейнебақылау камералары қылмыс жасаған адамның бет-келбетін «танып», арнайы орындарға оның қай жерде жүргені туралы хабар бере алады. Бірақ бұл мүмкіндікті  пайдалану үшін ұлттық қауіпсіздік комитетінің арнайы рұқсаты керек екен.

Көше бойына қойылған камералардың мүмкіндігін баяндап жатқан уақыттың өзінде айыппұлын төлемей қашып жүрген үш көлік жүргізушісі анықталып, сол маңда жүрген патрульдік экипаждарға хабар жеткізілді.

Жедел әрекет ету орталығының пайдасы шаш-етектен десек, артық айтқанымыз емес. Аталмыш  орталықтың басшысы, полиция подполковнигі Елжан Кәкиевтің сөзінше, қазір қаланың біраз бөлігі бақылау құрылғыларымен жабдықталған. Былтырғы  маусым  айына дейін  бар болғаны қалада 80 бейнебақылау камерасы есепке алынса, оның үстіне тағы 300 құрылғы қосылған. 24 сағат бойы жұмыс істейтін камералар көмегімен біраз құқықбұзушылық пен қылмыстың  ізі  суымай  ашылған.

– Кезекпен патрульге шығатын полиция қызметкерлері өздеріне бекітілген учаскелерді  бақылап отырады. Қаңтардың 1-інен қазан айының 31-іне дейінгі көрсеткішті айтар болсам, 83 қылмыс ашылды. Оның 5-еуі –ұрлық, 13-і – қарақшылық, 8-і – көлік  ұрлау фактісі. Бұл өткен жылы ашылған қылмыс санынан әлдеқайда көп, одан бөлек 12 мыңнан астам әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, – деді  жедел әрекет ету орталығының басшысы, полиция подполковнигі Елжан Кәкиев.

Кездесу барысында 2018 жылдан бастап елімізде енгізілген құқық қорғау қызметінің процессуалдық жұмысын модернизациялауға бағытталған заң күшіне еніп, қылмыстық істер «Е» форматында жүргізіле бастады. Бұл жұмысты елімізде алғашқы болып біздің өңірдің полиция департаменті қолға алды. Осы күні ол істі атқаруға қажетті барлық құрылғы алынып, құқық қорғау қызметінің мамандары толық жабықталды.

– Қылмыстық істерді электронды түрде жүргізу тергеу жұмысының ашықтығын қамтамасыз етеді. Енді кез келген іс тіркелген күннен бастап, арнайы базаға шығып тұрады. Оның барысы да көрсетіліп тұрады. Сондай-ақ бақылаушы құрылым қызметкерлері әр істің барысын қадағалап отыруға мүмкіндік алды.  Әрине, тіркелген барлық қылмыс дерегі ашық түрде көрсетіледі дей алмаймыз. Өйткені зорлау, кісі өлтіру, кәмелетке толмағандарға қарсы жасалған түрлі қылмыстар жасырын жүргізілуі керек, – деді  тергеу басқармасының басшысы, полиция полковнигі  Махамбет Темірбаев.

Түгелбай Бисен,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале