24.12.2021, 10:01
Оқылды: 68

Қамшы Мәншүкке не үшін берілген?

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлік көрсеткен «Шығыстың қос жұлдызының» бірі – Мәншүк Мәметованың есімі қазаққа етене таныс. 1982 жылы 7 шілдеде қазақтың қайсар қызының 60 жылдық мерейтойына орай «Кеңес Одағының батыры Мәншүк Мәметова мемориалдық музей-үйі» ашылған болатын. 2019 жылдан бастап Батыс Қазақстан тарихи-өлкетану музей бөлімі Мәншүк Мәметова атындағы мемориалдық музейі аталды.

10

 

Мұражайдың осы ғимаратта орналасуының тарихи себебі - 1932-1934 жылдары Мәметовтар отбасы осы үйде тұрған. Мұражайда Мәметовтар отбасы мен Мәншүк Мәметоваға қатысты 10 000-нан астам экспонат сақталған.

Солардың бірі – сабында «Мәншүк 1934» деген жазуы бар қамшы. Бұл қамшының осында сақталуының өзіндік тарихы бар. 1934 жылы Мәметовтар отбасы Орал қаласынан Алматыға қо­ныс аудармақ болады. Алайда Мәншүк оқуына байланысты анасымен Оралда қалып, әкесі Ахмет Мәметов Алматыға аттанып кетеді. Кейін Мәншүк демалыс алып, анасы екеуі елдің батасын алып жолға шығуды ойлап, Бөкей ордасына барады. Осы кезде аталмыш ауданда атжарыс ұйымдастырылып жатыр екен. Мәншүк сол бәйгеге қатысып, алдыңғы қатардан көрінді. Оған ауыл ақсақалы: «Негізі қамшыны ер балаға сыйлайды, бірақ сенің ер мінезіңе ризамын» деп қамшыны Мәншүкке сыйға тартады.

Елдің батасын алған анасы Әмина Мәметова мен қызы Мәншүк Мәметова Алматыға біржола аттанып кетеді. Мәметовтар отбасы Алматы қаласындағы Карл Маркс көшесінде тұрған. Мәншүк мектеп бітіріп, оқуға түсер кезде әкесін тұтқындап, Мәметовтар отбасына халық жауы деген айып тағылады. Кейін анасы Семейге көшіп кеткенде Мәншүк Алматыда қалады. 1941 жылы соғыс басталғанда ел арасында «Халық жауының баласы соғысқа аттанар болса, оның ата-анасын ауыр айыптан босатады» деген сыбыс тарайды. Осыны естіген Мәншүк бір жағынан әкесін осындай айыптан арашалап алмақ болып, 1942 жылы соғысқа аттанады. 1943 жылы 15 қазанда Мәншүк Мәметова Невель қаласын жаудан қорғау жолында ерлікпен қаза тапқан.

– Бұл мұражайға келушілердің саны өте көп. Студенттер мен оқушылар, Орал қаласының қонақтары жиі келеді. Барынша сапалы қызмет көрсетуге тырысамыз. Үнемі ізденіп, Мәншүк Мәметова жайлы мағлұматтарды жинап жүреміз. Айына кемінде 200-300 адам біздің мұражайға ат басын бұрады. Әсіресе Жеңіс күні қарсаңында келушілердің саны күрт көбейеді, – деді мұражай экскурсоводы Аяла Талғатқызы.

Аманжол Исламғали,

М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың студенті,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале