Содырлар тәртіп сақшыларының қаруды тастап, берілуін талап еткен. Бұл туралы Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«5 қаңтар күні кешкі уақытта 7 қару-жарақ дүкеніне шабуыл жасалып, әскери қару-жарақ алғаны туралы кезекші бөлімге жедел ақпарат түсе бастады. Олардың өз қаруы болғанын да жоққа шығармаймын. Шамамен осы уақытта, қаруланған және дайындығы бар бірнеше топ департаменттің әкімшілік ғимараты мен қаланың әр жеріндегі полиция басқармаларына шабуыл жасауға ниеті бар екені жедел ақпарат көздерінен белгілі болды. Олардың мақсаты - қару-жарақ арсеналдарын басып алу болды. Бұл туралы бірден ІІМ Ерлан Тұрғымбаевқа хабарланды. Елордада полиция ғимараттарын қорғаудың арнайы жоспарын дереу қолданысқа енгізу туралы шешім қабылданды және кейінірек белгілі болғандай, бұл шара шынымен де дер кезінде жасалды», – деді Қанат Таймерденов.
Оның айтуынша, ғимараттарда қару-жарақтың ірі арсеналы болғандықтан, ең алдымен төтеп беру маңызды болды.
«Мен бүкіл полиция бөлімшелерінің басшыларымен хабарласып, ықтимал шабуылдарға дайын болуы үшін олар мен олардың жеке құрамы орындарына орнығуына бұйрық бердім. Расымен де, кешкі сағат жетілер шамасында қарулы адамдар біздің ғимаратқа жинала бастады. Алғашында қорқытып, беріліңдер деп талап етті. Бірақ біз берілуден бас тартқаннан кейін, шабуыл басталды. Түнде бір ғана департамент ғимаратына 27 шабуыл жасалғанын айтқан болатынбыз. Таңға жуық бізге көмек керек болды. Түнгі үш-төрт шамасында бізде оқ-дәрі таусыла бастады. Біз бұл туралы министрге хабарлағанымызда, ол Ұлттық ұланға бұйрық беріп, олар броньдалған арнайы көлікпен бізге қарай кіріп, оқ-дәрі жеткізіп үлгерді. Ол кезде біз мұның қаншалықты тез аяқталатынын түсінбедік», – дейді Алматы қалалық полиция департаментінің басшысы Қанат Таймерденов.