10.10.2023, 10:30
Оқылды: 73

 «Қанаттыға қақтырмай...  қабағанға қаптырмай»

(балалар  қауіпсіздігі  хақында)

 

Қаз-қалпында

Аялдама. Ағылып-төгіліп жатпағанмен, іркіліссіз келіп аялдап,  жолаушыларын тиеп алып жөңкіліп жатқан автобустар... Жолға қарап қойып,  телефондарына шұқшия түскен адамдар.  Көктемнің жайма-шуағы көлік күткендерді жайықтырып,  әдеттегі тызылдаған асығыстықтан ада қылғандай. Кенет, баж-бұж еткен дауыс! Тыныштық быт-шыт! Аялдаманың іргесінде  бір топ ит бір-біріне «права качать етіп» жатыр.  Төрт қара,  бір сары ит алтыншы домалақтау қарааланы топыраққа аунатып-ақ тастаған.  Адамдар – жым! Тормен бөлген артқы қалқаның бер жағынан үнсіз,  үрейлене қарап тұр. «Кет, жоғал!» деуге,  бірдеңе лақтырып, жасқап жіберуге жайлары жоқ... Иттер де адамдарды елең қылуды қойған, құйрықтары қайқиып, өздерінің ит заңымен тірліктерін жалғастырып, бүлкілдеп әрі қарай асты. Топыраққа аунап қалған қараала құйрығын қысып, солардың артынан ілесті.

Аялдамадағы шағын дүкеншенің бұрышынан қалқанқұлақ,  түлкішек құсаған  ақсары тағы бір ит сығалап, бұқпалап әлгілердің соңынан қарап тұр. Бұл да «мына жерде адамдар бар-ау» деп қыңатын емес.  Керісінше,  жолаушылар ит сасыған аялдамадан кетуге асыққандай, дегбірсіздене қалыпты. Ит-мысықтан жұғатын аурулар, құрттар есіне түсті ме, бір әйел қолсөмкесінен «влажный салфеткасын» алып, саусақтарын бір-бірлеп сүрткіштейді келіп. Қаланың қожайындары қайсысы екенін  айыра алмай,  иттерге бір, кісілерге бір қарап, көзі талған Күн бетін басып, теңбіл бұлттың тасасына қашты. Автобустар да қылшық-қылшық аялдамалардан жолаушыларын  ала сала безіп барады.

 

Неге бұлай?

Себебі, елімізде қаңғыбас иттерді атуға  заңмен тыйым салынған. «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» заң қаңғыбас жануарлармен жұмыс істеуді реттеуге бағытталған.

ЖП ИТ

Заң күшіне енгеннен кейін Қазақстанда қаңғыбас жануарларды аулау және өлтіру тоқтатылды. Олардың санын реттеу мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен стерильдеу жолымен ғана жүзеге асырылады. Соның өзінде,  иесіз емес екенін білдіретін белгілері болса, ондайларды стерильдеуге тыйым салынған.

Иттерді төбелестіру, ветеринарлық оталарды наркозсыз жүргізу, жануарларды жазықсыз өлтіру, жануарларды қинап, дер кезінде көмек көрсетпеу, мейірімсіздікпен аулау сияқты жағымсыз кө-ріністерге тосқауыл қойылған. Бұрындағыдай қаңғыбас иттер көбейіп,  қоғамға қауіп тудыра бастаса, залал келтірсе оларды аулап, атуға бүгінде жол жоқ. Ендігі қалғаны көшелерде, ауыл, қала, далаларда бүлкілдеп босып жүрген бұралқы иттерді  аулап,  ұстап алып,  «залалсыздандыру» ғана. Әрине,  оның бәрі өзінен-өзі атқарылмайды, атқаруға қаражат керек. Шығын көлемі әр өңірде әртүрлі деп айтады дерек көздері. Дегенмен, иттерге «ота»  жасауға жұмсалатын қаржы орта есеппен жылына  60-100 млн теңгеге барып қалатын сыңайлы. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі 2020-2021 жылдар аралығында бұл мақсатқа 150 млн теңге жұмсаған. Жалпы республика бойынша шығындар 1 млрд теңгеден асатын көрінеді. Бірақ  ауыл-елдердегі бұралқы иттердің малға шабуы, балаларды қа-уып алуы сияқты оқыс оқиғалар тоқталар емес.

Былтыр облыста 2214, биылғы жылдың бес айында 642 адамды ит қапқан. Соның ішінде 153-і – 14 жасқа  дейінгі балалар. Қорқынышты дерек. Әр цифрдың ар жағында жүрегі ұшқан, тірілей жыртқышқа таланған баланың шарасыз бейнесі тұр!  Мектебі алыс,  тасымал көлігі жоқ, таң мен кеш қараңғылығында жаяу барып, жаяу келіп жүретін оқушылардың қамын кім ойлап жатыр, ал? Балалардың амандығын қамтамасыз ету керек емес пе еді иттен бұрын?

Есебі бар ма қанша баланың  иттен қорқып дірілдеп жүргенінің? Жоқ. Есесіне, «Бұралқы иттерді  аулауға және биозарарсыздандыруға биыл облысымызда 66,8 млнтеңге бөлінген, 6925 қаңғыбас  итті аулау жоспарланып отыр», «бүгінде облыс бойынша 2135 қаңғыбас ит ауланып, оның 1477-сі биозарарсыздандырылып, кері босатылған. Қалған 658-і тұрғындардың өтініштері негізінде жансыздандырылған»   деген есептер тап-тұйнақтай болып сіресіп тұр.

Не деген шым-шытырық жоспарлар,  жып-жылтыр есептер! Осының бәрі әлгі аяладамадан аялдама, көшеден көше қалдырмай адақтап,  ұйлығып, үйір-үйірімен қаламызда жөңкіліп жүретін иттің қамы. Бала-шағаны таласа «ештеңе емес», тек ит аман болсын, ит!.. Олардың басына зиян келтірмей ғана «баппен» аулау жұмыстары  аудандық және қалалық ветеринариялық стансалар арқылы жүзеге асырылса, Орал қаласы бойынша «қолға түскендерді» Жәңгір хан атындағы БҚАТУ-дың  ветстансасы биостерильдеп береді екен.

... Сабақ басталғалы екінші айға кетті. Күн қысқарып,  ауа райы суытып дегендей,  күз күшіне еніп келеді. Жауын-шашын көбейіп, жер лайсаңданатын кезең де  алыс емес.  Азу тістері ақсия  шабалақтап, абалап  тұтқиылдан тап берген иттен   балшықта  қашып құтылу оңай ма? Елестетіп көріңіз... Қаншасы болып жатыр мұндайдың... Шешім жоқ. Бір-бір үйдің «Сенің табаныңа кірген шөгір менің маңдайыма қадалсын» деп мәпелеп өсіріп отырған балаларына осындай қатер бар.

Ұрпақты «Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай»,қабағанға қаптырмай өсіруге мемлекеттің де жауапкершілігі болуы керек шығар. Қалай? Қайтіп?..

 

Ит  қапқан...

Әне,  күні кеше, қыркүйектің ортасында мына тұрған Бөрліде төрт жасар баланы ит қауып алыпты. Оқиға  Ақсай қаласында болған. Қас пен көздің арасында қабаған ит  шабын айырып, аталық бездерін ақтарып тастаған, санын да жаралап тастаған баланың  болашақта денсаулығы қандай болатыны белгісіз.  Күрделі, ауыр халде  облыс орталығына жеткізіліп, күрделі ота жасалған. Әрине, ит иесі ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық кодексінің 407-2-бабы 1-бөлігіне (үй жануарларын ұстау ережесін бұзу) сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Сенбернар тұқымдас итін дәрімен өлтіру туралы шағым да түсіріпті, бірақ одан енді не пайда, әбден  болары болып қойған соң.   Тағы бір мысал: маусым айының басында Оралда 13 жасар қызды  бірнеше жылдан бері көппәтерлі үйдің ауласын мекендейтін қаңғыбас ит қауып, аяғының бұлшық етін сүйегіне дейін жеткізіп,   жұлып алған. Бұл жарақаттың да орнын қалыпқа келтіру оңайға түспейтіні анық. Оқиға болған жердегі  аула тұрғындары болса, қаңғыбас иттен қалай құтыларға білмей дал... Әбден әккі болған мақұлық ит аулаушылардан да, адамдардан да қалай жасырынуды меңгеріп болған, тіпті, қолға түсе қалған жағдайда да, заң бойынша 10 күн карантинде ұсталып, содан кейін  қайтадан аман-есен тіршілік ету ортасына жіберіледі.  Мұндағылар да қабаған итті   комиссияның шешімінсіз, дәрімен  ұйықтатып  қатырып тастай алмайды.

Биыл Оралда мыңнан астам ит ұсталып, зарарсыздандырылыпты дейді, қайдам... Өріп жүр... Итпен араласып, «ит көзі түтін танымай» өсіп жатқан балаларды аяйсың.  Бала түгілі,  жабылса үлкен кісіні де жеп қоярдай  бұралқы иттерден кім қорғайды оларды? Мұғалім бе, былайғы шаруалары бастарынан асып отырған?  Ата-ана ма, жұмыстан бір босай алмайтын? Әкім бе, заңмен қолы байланып қалған?

Үлкендердің бәлен шақырым жердегі  мектепке жаяу барып-келіп оқығандары туралы айтқан әңгімелерін естіп шошушы едік бала кезімізде,  бүгінгі балалар өскенде қандай естелік айтар екен? Үш ауысым, қараңғы көше, қабаған ит және зәреңді зәр түбіне жіберіп  қалтыратқан қорқыныш туралы әңгімелерін бүгінгі балалардың  балалары шошына тыңдап отыратын шығар...

Дариға Мұштанова,

«Үзіліс» арнайы бетінің қоғамдық редакторы,

Ы. Алтынсарин белгісінің иегері,

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

ҚР Мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале