3.03.2026, 18:00
Оқылды: 68

Қандай сыйлықты қалайсыз?

Гүл көктемнің шуақты мерекесінің бірі 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні. Бұл күні ер-азаматтар  абзал аналарға, қырмызы қыз-келіншектерге сыйлық жасайды. Біз мереке қарсаңында әйелдер қауымына әлеуметтік сауалнама жүргізіп, «Бұл күні кімнен қандай сыйлық күтесіз?», «Күні бүгінге дейін қандай сыйлық есіңізде қалды?», «Бұл мейрамды қалай атап өтесіз?» деген сұрақтарды қойған едік. Ендеше, құлақ түрелік.    

 Нұрғаным (1)

Нұрғаным  Қазмағамбетова, зейнеткер:

–  Жыл  сайын  8  наурызда  және  Жаңа  жылда  қос  ұлым  мен қызым,  немере-жиендерім  гүлшоқтарын  сыйлайды.  Мен  негізі  ешкімнен  ештеңе  күтпеймін.  Дегенмен  биыл  да  балаларым  құшағымды  әдемі  гүлге  толтырады  деп  ойлаймын.  Көңілімнен  шыққан  сыйлықтар  өте  көп.  Жуырда  балаларым  тосынсый  жасап,  70  жасқа  толған  мерейтойымды  атап  өткені  ерекше  есімде  қалды.  Мен  8  наурызда  ұдайы  енемді  құттықтап  барушы  едім,  өкінішке  қарай  ол  кісі  жақында  дүние  салды... Өзім Орал  қалалық  мәдени  ағарту  бірлестігіне  қарасты  «Бәйтерек»  комьюнити  орталығының  «Жайық  толқындары»  вокалдық  тобының  мүшесімін.  Өнер  саласында  қызмет  ететіндіктен,  бұл  мерекеде  көбінесе  мәдени  іс-шараларда  жүремін.

Айнура (2)

Айнура Халилова, «Батыс» өңірлік қолбасшылығының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі басқармасының психологі, майор:

–  Мен 8 наурызда әрқашан жақындарымнан құттықтаулар күтемін. Десе де, сыйлықты үлкен-кіші деп  бөлмеймін.  Мен үшін отбасым мен достарымның шын жүректен құттықтағаны маңызды.  Біз бұл  күні бір үстел басында жиналуға тырысамыз. Жыл сайын жұбайым өзім қатты ұнататын  қызғалдақтарды сыйлайды.  Туыстарым да гүлдер мен түрлі сыйлықтар тарту етеді.  Шуақты  мерекеде  ең  алдымен  анамды құттықтауға барамын.

WhatsApp Image 2026-03-03 at 15.10.26

Юля Баймұқанова, ана, Ақсай  қаласы:

– Жыл сайын мереке күні жұбайымнан гүл күтемін. Әрине, ол мен сұрамай-ақ қызым екеумізге ең әдемі гүлдерді тарту етеді. Шалғайда жүрген үлкен ұлым да гүлшоғын жіберіп, құттықтайды. Ал кіші ұлым мектепте жасаған арнайы сыйлығын сыныптағы мерекелік кеште сыйлайды. Есімде ерекше қалған сыйлық – алтын сырға. Бұл менің мереке кезінде алған алғашқы қымбат сыйлығым болды. Бір жылы 8 наурыз күні таңертең жұбайым мені зергерлік дүкенге апарып, маған өте қатты ұнаған сырғаны сатып алып берді. Содан бері бірнеше жыл өтті, неше түрлі қымбат сыйлықтар алдым. Бірақ сол алғашқы сырға әлі есімде. Кейде 8 наурызда жұбайым екеуміз аналарымызға барамыз. Біз екеуіне бірдей сыйлықтар сатып аламыз.

 Асылай (1)

Асылай Ғұбашева, облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы үгіт-насихат тобының аға инспекторы, полиция аға лейтенанты:   

– Көктемдегі ең шуақты әрі жанға жайлы мерекелердің бірі – 8 наурыз мерекесі. Әйел адам болған соң, бұл күні өзімізге көңіл бөлініп, қандай да бір сыйлық алғанды жанымыз қалап тұратыны рас... Яғни әйелдер дәл осы күні барынша еркелеп қалуға тырысады. Меніңше, сыйлық үлкен, кіші деп бөлінбейді. Ең бастысы – шын көңілден сыйланғаны. Бұл күні, ең алдымен, анамды құттықтаймын. Есімде, бала кезімізде гүл алатын ақшамыз болмайтын. Сондықтан қағаздан әдемі етіп гүл жасап немесе ақ матаға түрлі-түсті гүл кестелеп сыйлайтынбыз. Ана туралы ән айтып, концерт қойып беретінбіз. Анам соған мәз болып қалушы еді. Қазіргі кезде өзім де анамын. Бұл күні сыйлықсыз қалған емеспін. Жұбайым, балаларым, бауырларым, құрбыларым сыйлықтарын ұсынып жатады. Есімде қалған ерекше сыйлық – ұлымның алғаш балабақшаға барған жылы ертеңгілікте қағаздан жасаған гүлі мен ішінде екеуміздің суретіміз бар құттықтау хатымен жүгіріп келе жатқан сәті... Сыйлыққа келгенде кірпияз емеспін, кез келген сыйлықты қабылдауға дайынмын. Жалпы қыздар мерекесінде анамды, сіңлімді, жақын құрбыларымды сыйлықсыз қалдырмауға тырысамын. Сыйлық сыйлар кезде оның ол адамға қажеттілігін және пайдаға жарататынын ескеремін.

 Айымгүл

Айымгүл Сағынғалиева, «АВАpro» түзету-дамыту  орталығы директорының  орынбасары,  АВА-терапист:

Мен үшін мерекелік сыйлықтың құнынан гөрі, оны сыйлайтын жанның ықыласы мен шынайы көңілі әлдеқайда маңызды. Әрине, әйел заты болған соң назар аударғанды ұнатамыз. Бірақ мен үшін ең үлкен сый – кішкентай ұлымның өзі жасаған сыйлығын зор қуанышпен тарту еткені.

Жыл сайын 8 наурызда жұбайым ерекше көңіл бөліп, кейде мейрамханаға апарады, кейде өзі дәмді кешкі ас дайындайды. Әр жылы әртүрлі сыйлықтар аламын. Негізі, гүлсіз бұл мереке өтпейді. Әсіресе жұбайым бұл күнге ерекше мән беріп, үйдегі барлық қызға міндетті түрде гүл сыйлайды. Тіпті бір айлық сәби болса да, кішкентай гүл алып келеді. Бұл – оның әдемі салты. Жақындарымнан, апа-жеңгелерімнен, туыстарымнан да сыйлықтар алып жатамын. Бірақ есімде ерекше қалғаны – мен жұмыс істейтін орталықтағы ерекше балалардың ата-аналары әкелген сыйлықтар. Біздің орталықта терапистер көп қой, соның ішінде арнайы мені ойлап, алғыс ретінде әкелген сыйлықтары жүрегімде сақталып қалды. Себебі ол – жай ғана сыйлық емес, еңбегіме деген құрмет пен сенімнің белгісі.

Соңғы жылдары мен SPA-салондарға сертификат сыйлағанды ұнатамын. SPA сертификаты жай ғана сыйлық емес, демалуға берілген «рұқсат» сияқты. Кейде әйелге дәл сондай тыныштық пен күтім ауадай қажет. Ал жұбайымның күнделікті көрсететін құрметі мен ерекше ілтипаты мен үшін кез келген гауһардан да қымбат.

 WhatsApp Image 2026-03-03 at 15.09.49

Ольга Протопопова, облыстық төтенше  жағдайлар  департаментінің  бас  маманы, азаматтық  қорғау  полковнигі:

– Мен халықаралық әйелдер күніндегі сыйлықтардың ішінен ыстық ықылас пен шынайылықты бәрінен жоғары бағалаймын. Жанға жайлы жылы сөздер мен қамқорлық мен үшін өте маңызды. Мен гүл көктемді, шуақты күнді және керемет көңіл-күйді асыға күтемін. Бұл күні мен, әсіресе жұбайымның қасымда болғанын және балаларым алыста болса да, хабарласып, менімен бірге қуанышқа  кенелгенін  қалаймын.

Менде «ең жақсы сыйлық» туралы нақты түсінік жоқ. Бірақ қыздарымның кішкентай кездерінде сыйлықтарды өздері жасап, зор мақтанышпен және күлімсіреп тұрып сыйлағандары еске түседі. Перзенттерімнің қарапайым да шынайы ықыласы ерекше қымбат. Мерекені отбасыммен және достарыммен атап өтемін. Әрине, әрқайсысына шын жүректен сыйлықтар тарту етемін.

 Аягүл (4)

Аягүл Нуфтуллина, Жұбан Молдағалиев атындағы облыстық орталық әмбебап  ғылыми  кітапхананың  қоғаммен  байланыс және көрме-көпшілік жұмыс секторының жетекшісі: 

– Жақын адамдарымның кішігірім тосынсыйы немесе шын жүректен шыққан жылы лебізі – мен үшін ең үлкен тарту. Бұл мереке мен үшін әрқашан гүлшоқтары мен жылы лебіздерден басталады. Әйел адамға әрдайым ерекше құрмет пен назар керек. Бір тал гүл, шынайы айтылған алғыс, «Сіздің бар болғаныңызға рақмет!» деген қарапайым сөздің өзі жүректі тебірентеді. Әрине, кітапты да, әдемі бұйымды да қуана қабылдаймын. Бірақ мен үшін ең бағалысы – уақыт. Жақындарыммен бірге өткізген бір сағат, олардың шынайы әңгімесі, мейірімге толы құшағы аса қымбат.

Менің өмірімде ерекше орын алған, жүрегімнің төрінде сақталған бір сыйлық бар. Ол – бала күнімде әкем сыйлаған Зейнеп Ахметованың «Шуақты күндер» кітабы. Сол кездегі кішкентай қыздың жандүниесіне бұл туынды өзгеше әсер етті. Мүмкін, менің кітапханашы мамандығын таңдауыма, руханиятты қадірлеуіме дәл осы әкемнің сыйлығы әсер еткен шығар деп ойлаймын. Сол бір кітаптың берер тәрбиесі мен әкемнің ықыласын ештеңемен теңгермеймін. Бұл – мен үшін материалдық құндылықтан рухани қазынаның әлдеқайда биік екенінің белгісі.

Мамандығым кітапханашы болғандықтан ба, мен сыйлықтың адамға ой салатынын, жанын байытатынын ұнатамын. Сондықтан жақындарыма олардың талғамына сай кітап немесе естелік болып қалатын дүниелерді таңдағанды жөн көремін. Жалпы, 8 наурыз – біздің әулетіміз үшін айрықша мәні бар, жанымызға жақын мереке. Себебі, дәл осы күні інім өмірге келіп, ерекше қуаныш сыйлады. Мен әжемнің көзі тірісінде оны ерекше ілтипатпен құттықтап, мейіріміне бөленіп  жүретінмін, өйткені мен әжемнің қызы едім. Бүгінде сол дәстүр жалғасын тауып, анамды құттықтаймын. Жақындарымызбен қара шаңырақта бас қосып, мерекені де, інімнің туған күнін де бірге атап өтеміз.

 

Сауалнаманы жүргізген: Ясипа Рабаева,

 «Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале