Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу анағұрлым жеңілдетіліп жатқанын мәлімдеді.
Бұл жайлы министр халыққа есеп беру кездесуінде айтты. «Ұлтаралық қатынас саласының үлкен бір бөлігі – шетелдегі қазақтар мен елге оралған қандастар мәселесі. Бұл бағыттағы барлық сұрақтарды шешу үшін қазір «Отандастар» қорымен бірлесе отырып, бірқатар жобаларды қолға алдық. Өздеріңіз білесіздер, Үкімет тарапынан бекітілген «2018-2022 жылдарға арналған этникалық қазақтарды қолдау жоспары» бар. Оның аясында шетелдегі қазақтардың қатысуымен көптеген мәдени-гуманитарлық ғана емес, бизнес іс-шаралар да өткізіліп отырады», - деді Аида Балаева ОКҚ алаңы арқылы халыққа есеп беру кездесуінде. Министрдің айтуынша, елге оралған қандастарымызға құжат рәсімдеу анағұрлым жеңілдетіп, «бір терезе» қағидасы енгізіліп отыр. Осының нәтижесінде қазір қандастар 5-6 мемлекеттік мекемені аралап табан тоздырмай, барлық шаруасын бір жерден шешетін болады. Оларға қажетті құжаттардың саны да екі есеге ықшамдалып, рәсімдеу уақыты 6 айдан 3 айға қысқарған.
zhaikpress.kz