Қазіргі кезде ішкі істер құрылымдары тергеушілерінің құзырында 2 548 қылмыстық іс бар. Қылмыс жасады деген күдік бойынша уақытша ұстау абақтысына 887 адам ұсталып, оның 789-ы қамауға алынды. Олардың 205-і бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, оның ішінде 8-і іздеуде жүрген адамдар. Бұл ақпараттарды ҚР Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов мәлім етті.
Жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесінде қылмыскерлер мен жасырылған жерлерден 828 дана қару, 18 мыңнан астам оқ-дәрі және 286 арнайы құрал тәркіленді. Сонымен қатар 65 дана қару ерікті түрде тапсырылды. Ішкі істер құрылымдарының тергеушілері арнайы прокурорлармен өзара тығыз іс-әрекет жасай отырып, қаңтар оқиғаларының себептерін анықтау, сондай-ақ қажетті дәлелдемелер қорын жинау бойынша жұмыстарды жалғастыруда. Бұл жұмысқа барлығы 200-ден астам тергеуші тартылған. Бұрын хабарланғандай, қазіргі уақытта зақымданған нысандарды тексеру аяқталды. Олардың саны 1,5 мыңнан астам және 760-тан астам автокөлік. 1,7 мыңнан астам сот сараптамасы тағайындалды. Куәлар мен жәбірленушілер ретінде 10,5 мың адамнан жауап алынды.
Жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыру мен оған қатысу және терроризм әрекеттерін жасауға қатысты 467 адам қамауға алынды. Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ризабек Ожаровтың айтуынша, олардың жеке басы, отбасылық жағдайы, жасы, денсаулық жағдайы, лаңкестік-бұзақылық оқиғаларға қатысу дәрежесі, өз істеріне деген көзқарасы және басқа да сипаттайтын деректер мұқият зерттеуде.
«Осы факторларды ескере отырып, арнайы прокурорлар 76 күдіктіні тергеу абақтысынан босатты. Қамау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, үйқамаққа және жеке кепілдікке ауыстырылды. Қамаудан босатылғандардың арасында екі әйел және 9 кәмелетке толмаған жасөспірім бар. Тергеу изоляторларында кездейсоқ қамалған адамдар жоқ екенін жауапкершілікпен мәлімдейміз. Қамауға тек ауыр және аса ауыр қылмыстар жасағаны туралы нақты айғақтар бар адамдар ғана алынды.
Біз келтіріп отырған мәліметтер - тек арнайы прокурорлардың тергеуіндегі істерге қатысты дерек-дәйектер», – деді Ризабек Ожаров.
«Тергеудің заңсыз әдістері туралы ақпаратқа қатысты Бас прокуратураның өкілімен әрбір шағым бойынша егжей-тегжейлі талқылау жүргізіліп, бірқатар қылмыстық іс тіркеліп, тергеу үдерісі басталды. Сондай-ақ қазіргі кезде қылмыстық істер бойынша барлық адамдар тергеу мекемелеріне ресми түрде, қалаған жағдайда адвокаттарымен бірге шақырылады», – деді ІІМ өкілі.
Мекемеаралық жедел тергеу тобы терроризм актісі мен жаппай бұзақылық оқиғаларын тергеуді жалғастыруда. Жұмыстар 8 өңір бойынша: Алматы, Шымкент қалаларында және Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Шығыс Қазақстан, Ақтөбе және Атырау облыстарында жүргізілуде. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Бас прокуратураның Арнайы прокурорлар қызметінің бастығы Ожаров Ризабек мәлімдеді.
«Себебі дәл осы аймақтарда адам өлімдері орын алып, мемлекеттік және жеке нысандар қиратылып, өртелген. Бір айдың ішінде біз ауқымды тергеу әрекеттерін атқардық. Жауаптар алынуда, бейнематериалдар зерделенуде, сараптамалар тағайындалуда, эксгумациялар, мәйіттерді идентификациялау жүргізілуде және марқұмдардың қайтыс болу себептері түбегейлі анықталуда», – деді Ризабек Ожаров.
Мәліметтерді дайындаған Нұртай Алтайұлы,
zhaikpress.kz