Ел азаматтары қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 68 қаруды өз еріктерімен тапсырды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Ұрланған қаруды іздеу мен алу бойынша іс-шаралар жалғасуда. Бүгінгі таңда алынған қарудың жалпы саны 967 бірлікті және 19 мыңнан астам оқ-дәріні құрайды. Мысалы, Талдықорғанда 5 қаңтарда жаппай тәртіпсіздіктерге беленді қатысқан, қалалық полиция басқармасының ғимаратынан 7 Макаров тапаншасы мен 1 Калашников автоматын ұрлаған осы қаланың үш тұрғыны ұсталды. Ұрланған қару тәркіленді. Күдікті адамдар сот санкциясымен қамауға алынды. Жамбыл облысында Тараз қаласының тұрғыны ұсталды. Оның гаражында 4 автомат, 8 жарақаттайтын тапанша, 1 газды тапанша, олардың оқсалғыштары, 945 бірлік оқ-дәрі және суық қару табылып алынды. Қарудың 68 бірлігі ерікті түрде тапсырылды. Азаматтарды тауып алған қаруды ерікті тапсыруға тағы да шақырамын. Ол әкімшілік те қылмыстық та жауапкершілікті туындатпайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
оның дерегінше, қабылданған іс-шаралар нәтижесінде азаматтар мен бизнес субъектілерінің жалпы сомасы 110 млн теңгеге бағаланатын ұрланған мүлкі, оның ішінде 10 автомашина, тұрмыстық техниканың 301 бірлігі, 188 бірлік зергерлік бұйым, 250 ұялы телефон, 16 млн теңге, киімнің 472 бірлігі алынған.
«Күдікті адамдардың өмір салты мен жеке басын зерделеу олардың үштен бірі – 113 бұрын сотталған, оның ішінде кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық үшін, ал 8-і ұрлық, тонау сияқты қылмыстар үшін республикалық іздестіруде болғанын көрсетеді», - деді Санжар Әділов.