Қаңтар оқиғасы бойынша азаптау әрекеті бойынша 15 адам күдікке ілінген, оның 9-ы қамауда отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасының орынбасары Әсет Шындалиев мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Сурет дерек көзі: minber.kz
«Қанды қаңтар кезінде 238 адам қаза тапты. Оның ішінде 6 адам азаптаулардан кейін өлген. Азаптау әрекеті бойынша 15 адам күдікке ілінді. Оның тоғызы қамауда отыр», - деді Әсет Шындалиев Мәжіліс кулуарында.
Сондай-ақ ол қаңтар оқиғасы кезінде қаза болғандардың толық тізімін жариялау үшін әр құрбанның қандай жағдайда өлгені анықталып бітуі керектігін ескертті.
«Біз ол күдіктілердің бәрі кінәлі деп қазір айта алмаймыз. Тергеу жүріп жатыр. Қайтыс болғандардың саны белгілі. Бірақ тергеу шаралары жүріп жатыр. Адам қай жерде, қандай жағдайда өлгенін анықтау қажет», – деді Бас прокурордың орынбасары.