2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап ASHYQ қосымшасымен «жасыл» мәртебесі бар адамдардың ғана кіруіне рұқсат берілетін нысандар тізімі кеңейеді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы Жандос Бүркітбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Сауда ойын-сауық орталықтарына, сауда үйлеріне, спорт орталықтары мен фитнес-орталықтарға, йога орталықтарына, караоке, бассейн, сауналарға, моншаларға, «Қазпошта» бөлімшелеріне, Халыққа қызмет көрсету орталықтарына ASHYQ қосымшасымен «жасыл» статусы бар адамдардың кіруіне рұқсат беру жөнінде қосымша алдын алу іс-шараларын енгізуді ұсынамыз», - деді ол.
Осы ретте министр міндетін атқарушы аталған норманы 2022 жылдың 5 қаңтарынан бастап енгізуді ұсынатынын атап өтті.
«Халықтың вакцина салуы, жаппай ревакцинация жасауды арттыру, сондай-ақ ұсынылатын эпидемияға қарсы іс-шаралар - елдегі коронавирусқа қатысты жағдайдың нашарлауына жол бермейді», - деді Жандос Бүркітбаев.