Оңтүстік Кореяның Канвон қаласында өтіп жатқан IV қысқы жасөспірімдер Олимпиадасында бүгін конькимен сырғанаудан қыздар және ұлдар арасында қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының соңғы жүлде жиынтығы сарапқа салынды.
Фото: Нұрғали Жұмағазы
Конькимен сырғанаудан жерлестеріміз Олимпиададағы барлық қашықтықтағы сайыстарды аяқтады.
Қыздар арасындағы масс-старт сайысының финалдық кезеңіне әпкелі-сіңлілі Кристина Шумекова мен Алина Шумекова қатысқан болатын. Өкінішке қарай, финалдық кезеңде 3-орында келе жатқан Алина Шумекова өзге спортшымен қақтығысып қалып, жүлдеден тыс қалды. Ал Кристина Шумекова жарысты 12-орынмен аяқтады.
Ерлер арасында финалдық сында жүлдеге таласқан жалғыз жерлесіміз Руслан Жанәділов Олимпиаданы 11-орынмен аяқтады.
Жарыс қорытындысы қыздар арасында:
1-орын - Нидерланды - Ангел Далеман (Олимпиадада 3 дүркін чемпион атанды)
2-орын - Нидерланды - Жасмижн Винхуис
3-орын – Қытай - Юнжи Луи
12-орын – Қазақстан - Кристина Шумекова — 5:58.38
Ұлдар арасында:
1-орын - Германия - Финн Соннекалб (3 дүркін Олимпиада чемпионы атанды)
2-орын Қытай - Баошуо Пан
3-орын – Норвегия - Ейрик Андерсен
11-орын – Қазақстан - Руслан Жанәділов — 5:31.80
Естеріңізге сала кетейік, Оңтүстік Кореядағы жасөспірімдер Олимпиадасында Қазақстан намысын спорттың 5 түрінен 10 дисциплина бойынша 41 спортшы қорғап жатыр.
Атап айтар болсақ, биатлон, керлинг, конькимен сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей, шаңғы жарысы, шаңғымен тұғырдан секіру, шаңғы қоссайысы, тау шаңғысы, фристайлдан параллельді могул бойынша бақ сынауда.
Канвон қысқы жасөспірімдер Олимпиадасының алауы 19 қаңтар күні тұтанды. Дода 1 ақпанда мәресіне жетеді. Аталған жарысқа әлемнің 80-ге жуық елінен 1 800-дей спортшы қатысуда. 7 спорт түрінен (15 дисциплина) 81 медаль жиынтығы сарапқа салынуда.