Керекудегі Ertis музейінде Қаныш Сәтбаевтан қалған баға жетпес мұра – жер бетіндегі пайдалы қазбалардың үлгілерінен тұратын бай коллекция бар. 2019 жылы музей ашылған уақытта Торайғыров университеті академиктің бұл геологиялық коллекциясын сыйға тартқан.
Фото: egemen.kz
Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен қазып алынған түрлі металдар мен пайдалы қазбалардың, минералдардың, химиялық элементтердің үлгілері бар. Коллекциядағы түрлі кен жыныстарының саны шамамен 100-ге жуықтайды. Жергілікті геолог ғалымдардың айтуынша, таутұлғаның өлшеусіз еңбегінің жемісін байқататын бұл кен үлгілерінің жиынтығы шынында өңіріміз үшін баға жетпес байлық. Кезінде академиктің қызы Мейіз Сәтбаева әкесінің жолын қуып, өмірін геология ғылымына арнағаны мәлім. Мейіз Қанышқызы геология-минералогия ғылымдарының докторы атанды. Қазақстандағы кен түзуші минералдардың химиялық табиғаты мен мыс кеніштерінің ерекшеліктерін зерттеумен шұғылданып, әкесінің Жезқазған кен орнын ашу жөніндегі ғылыми-зерттеу жұмысын жалғастырған. Құрамы ренийге бай кен түзуші минералдардың құрылымдық-морфологиялық ерекшеліктері туралы докторлық диссертация қорғады. Жазған ғылыми еңбектері мыс-құмтас кен орындарын зерттеуге септігін тигізген. Бұл коллекцияны одан әрі байытуға Мейіз Қанышқызының да еңбегі зор. Кейін оны әкесінің туған жері – Ертіс – Баян өңіріне тарту еткен екен.
– Мейіз Қанышұлы геологиялық экспедициялар нәтижесінде тапқан кен жыныстарын әрдайым жинап жүрген. Сөйтіп оларды әкесінің жеке коллекциясына қосқан. Енді міне жаратылыстану бағытындағы біздің музейімізде ең құнды жәдігерлердің қатарынан орын алып отыр. Музей ішіндегі тұтас бір бөлім Қ.Сәтбаевтың коллекциясына арнайы бөлінді. Келушілер әр металл мен минерал үлгілерін сырттай қызықтап, олар жайлы гидтерімізден сұрап біле алады, – дейді «Ertis» музейінің басшысы Гүлжайнат Әлиева.
Коллекция қатарында метаморфты тау жыныстары бар. Олар магмалық және шөгінді жыныстарға жоғары температура мен қысым әсер еткенде түзіледі. Қазақстанда сульфаттар – күкірт қышқылының тұздары да кең тараған. Бұл кәдімгі гипс алынатын элемент. Теңіз суынан тұндыру жолымен түзілетін гипс құрылыс пен медицинада материал, ал ауыл шаруашылығында тыңайтқыш ретінде қолданылатыны мәлім. Пайдалы қазбалар қатарында фосфаттар, малахиттер, мусковит, нефелин, кальцит, темірлі гнейс, мәрмәр, галит, доломит, флюорит, хризакола бар. Коллекциядан тасқа айналған ағаш үлгісін де байқадық. Тақтатастардың (сланец), гнейстердің, кварциттердің, өзге де минералдардың түр-түрі геология ғылымының аса қызықты сала екенін аңғартқандай.
egemen.kz