Қара бауыр шіл үшін қар астында болғанның екі бірдей пайдасы бар. Біріншісі – қар астында түнесең, тоңбайсың, жылы.
Екіншісі – қардың асты әртүрлі өсімдіктердің дән-дәнегіне бай. Шілдің үшбу түрі қар астында қорек іздеп әрлі-берлі шиырлай жүріп, өзіне ауа кірер ойық жасауды да ұмытпайды. Орманда келе жатып кейде қар астынан әлдебір құстың басы қылт етіп көрініп, лезде көз алдыңнан жоғалғанын байқайсың. Міне, қара бауыр шіл дегенің осы. Айтпақшы, шілдің бұл түрі қаршығадан қардың астына тығылып құтылады. Бұл оған қар асты әлемінің үшінші пайдасы.
Ал құр қар жамылғысын суықтан қорғану үшін ғана паналайды. Ол қара бауыр шіл секілді қардың астын әрі-бері шиырлап көп кезбейді. Сол себепті құрдың қар астындағы «пәтері» бір ғана кірер із бен ауа кірер біразырақ ойықтан тұрады.
Сұр кекілікке қар астында ұйықтаған ұнамайды. Ол түнеу үшін деревняның шетіндегі жем-тұқым сақтайтын қоймаларды паналайды. Сосын таң ата орманға оралады. Соған қарағанда сұр кекілік, меніңше, жабайылығын жартылай болса да жоғалтқан құс. Әрі оның жара-тылысынан ақылы аздау ма деп қалдым. Мәселен, жерде жайылып жүрген кекілік қай ағашқа ұшып-қонарын қанатын қомда-ғаннан-ақ қаршығаға сездіріп қояды да, оның оп-оңай жемтігіне айналады.
Құр кекілікке қарағанда анағұрлым ақылдырақ. Бірде ойдым-ойдым орманның ішіндегі аумағы әжептәуір алаңқайда шаңғымен келе жатқанмын. Маңдай тұсымдағы биік өскен бір шоғыр аққайыңның бұтақтарында қайың бүрімен қоректеніп жүрген біраз құрды көзім шалды. Мен оларды әудем жерден қызықтап, біраз тұрдым. Кенет жаңағы құр біткеннің бәрі төмен қарай топ ете түсті де, қар астына сүңгіп, көз алдымнан лезде жоғалды. Олар үріккен қаршыға да дереу сол жерден табылды. Ол тура қар астындағы құрлардың төбесімен әрлі-берлі жүр. Алайда қарды аяғымен 4-5 сантиметр аршып жіберіп, әлгілердің біреуін бүріп алуға әзірше ақылы жетер емес. Сөйте тұра жағдай осылай жалғаса берсе, құрдың біреуі құрбандыққа айналары хақ. Демек, оларды бұл қауіп-қатерден құтқарған жөн. Мен осы оймен барынша байқатпай қаршығаға жақындай түстім. Қар жұмсақ, шаңғымен жүргенің білінбейді. Алдымдағы бұтасын өсімдіктерді айнала бергенім сол еді, ұшар басын қар басқан ойпаңдағы шоқ аршаны байқамай, ылдиға күмп ете қалдым. Тереңдігі құлақ-шекемнен келетін ойдан шығып, жаңағы ойпаңды айналып өтіп, бір ағаштың тасасынан көз салсам, манағы қаршыға кекіліктердің төбесінде әлі жүр екен. Өзімнен таяқ тастам жерде бір топ момын құстың зәресін ұшырып жүрген әлгіні мен қарауылға іліктірдім. Сосын кекіліктер тығылған тұсқа таяп барып, қарды шаңғымен әрлі-берлі бұлағайлап едім, олар бірінен соң бірі, бірінен соң бірі пыр-пырлап ұша бастады. Мұндайды бұрын-соңды көрмеген адамның аузын ашып, аңқиып қалары анық.
Әлгіндей оқиғаларға орманда өз басым талай мәрте куә болдым. Дегенмен, сол жолы әшейінде қияндағыны көріп, қиядағыны қағып түсетін алғыр қаршығаның аяғының астындағы жемін іле аламаған ақымақтығына қатты таңқалдым. Сөйте тұра мен кекілікті құстардың ішіндегі ең ақы-мағы санаймын. Өйткені олар қаршығаны көре сала құрлар құсап, қардың астына бүкіл денесімен қойып кетпейді. Кекілік қаршығадан қардың астына тек басын ғана тығып жасырынады. Ал құйрығы қардың бетінде. Жыртқыш немеге осы да жеткілікті. Көзді ашып-жұмғанша, кекіліктің қаршығаның шеңгелінде аспаздың қолындағы табадай болып кетіп бара жатқанын көресің...
Қазақ тіліне тәржімалаған: Бауыржан Ғұбайдуллин
Суреттерді салған: Н. Устинов
(Суреттер М. Пришвиннің «Лисичкин хлеб» кітабынан алынды)