Екі баласы мүгедек жалғыз басты атыраулық әйел күтпеген жерден сыйлыққа ие болды, деп хабарлайды деп хабарлайды taulik.kz.
Фото: Massaget.kz
Massaget.kz сайтының жазуынша, Атырауда тұратын мүгедек балалары бар жалғыз басты анаға қара бетперде таққан жігіт пәтер сыйлады. Бұл туралы қайырымды жігіт әлеуметтік желідегі парақшасына жариялап, видеосын көрсетті. Бұған дейін де науқас балалар мен мұқтаж отбасыларды қуантып жүрген азаматпен тілдестік.
Оның айтуынша, Атырауда тұратын Эльмира есімді жалғыз басты ананың үш баласы бар. Оның екеуі медициналық есепте тұр. Яғни 18 жастағы ұлы туа бітті мүгедек болса, 14 жастағы қызы ауыр науқасқа шалдыққан. Өкпесі мен жүрегін ауыстыру қажет. Қыз бала соңғы бес жылда тыныс алу аппараты ақылы ғана өмір сүріп жатыр. Бұндай күрделі ағза ауыстыру отасын тек шетелдік ауруханаларда ғана жасайды. Тағдырдың тауқыметіне мойымаған ана екі-үш ай сайын екі баласын емге Астанаға алып келеді. Өздері Атырауда «времянка» аталып кеткен үйде тұрады. Балаларының денсаулығына алаңдаған ана қайырымды жігітке жағдайын айтып хат жазған.
Қара бетперде киген жігіт бұл жағдайға бей-жай қарай алмаған. Алғаш барған кезде тыныс алу аппараты мен Меккеге қажылыққа сертификат сыйлаған. Сол кезде жасөспірім қыз «өз үйіміз болса» деген арманын айтыпты.
«Өзімнің үйім болғанын, ас бөлмесі, жуынатын бөлменің болғанын қалаймын. Жуынатын бөлмеміз болса ағамды қиналмай жуындырар едік», – дейді ол.
Қайырымды жігіт баланың арманын орындап, тосын сый жасады. Яғни пәтер кілтін тапсырды. Кілтті көрген балалар мен анасы қуаныштан көз жасына ерік берді.
«Астана қаласынан ішіндегі жиһазымен екі бөлмелі пәтер сыйладық. Қазір олар Атыраудан көшіп жатыр. Балалардың мектеп мәселесін шешуде», – дейді қара бетперде киген жігіт.
Жұмбақ жігіт осы қуанышты сәттің видеосын әлеуметтік желіге жариялады. Ондағы кең, әрі жарық және барлық жиһазымен тұрған пәтер, отбасының ас бөлмесінде отырған қуанышты сәті, қыз баланың арманы туралы айтқаны көпшіліктің жүрегін елжіретті. Бірі осы көрініске еріксіз жылағанын айтса, енді бірі бетперде таққан жігітке алғысын жаудырған. Тіпті, бірі жұмбақ жігіттің Димашқа ұқсайтынын да айтыпты. Пікір жазғандардың барлығы қайырымды жігітке шексіз ризашылықтарын білдірген.
Құпия жігіт бұл жолы да өзінің кім екенін айтудан бас тартты. Өзі туралы көпшіліктің білмегенін қалайды.