Елімізде тыйым салынған өсімдіктердің жолын кесуге бағытталған «Қара сора» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өтуде.

14 шілде күні Пойменная көшесінде 2003 жылы туған В. есімді азамат ұсталды. Ол осы жылдың 30 мамырында Қонаев көшесі бойында А. есімді азаматшаға «альфа-пирролидиналерофенон» атты синтетикалық есірткі сатқан. Тінту барысында Кердері көшесіндегі пәтерден электронды таразы мен 83 дана «пакет», сондай-ақ құрамында ерекше иісі бар көк түсті зат салынған пластикалық ыдыс табылып тәркіленді. Аталған фактіге сай ҚР ҚК-ның 297-бабы 1-бөлігі бойынша қылмыстық іс қозғалды (есірткі заттарын заңсыз сатып алу, сақтау, өткізу мақсатында тасымалдау, жөнелту немесе өткізу).
* * *
15 шілде күні Абай даңғылындағы 885-СПП жанынан 1980 жылы туған А. есімді азамат күдікке ілінген. Одан да пластикалық пакетке оралған құрамында белгілі бір иісі бар жасыл-қоңыр зат табылған және тәркіленген. Осы күні Доспанова көшесіндегі №17 мектеп жанынан ұсталған 1989 жылы туған О. есімді тұрғыннан да құрамында белгілі бір иісі бар қағаз орама шыққан.
* * *
16 шілде күні сағат 05.15-те Әйтиев көшесі бойында 1988 жылы туған Т. есімді жүргізушінің басқаруындағы «Хюндай Туксон» маркілі аутокөлігі тоқтатылып, тексеру кезінде қоңыр түсті, өзіне тән иісі бар 10 түйір қатты зат табылған. Бұл факті бойынша да ҚР ҚК-ның 296-бабы 2-бөлігімен (өткізу мақсатынсыз есірткі заттарымен заңсыз айналысу) сотқа дейінгі тергеу басталды.
Бауыржан Махутұлы,
zhaikpress.kz