Өткен апта соңында қаламыздағы Достық үйінде «БҚО қауіпсіз жолдары жобасының 2-кезеңі» тақырыбында онлайн форматта дөңгелек үстел өтті. Оған жергілікті атқарушы құрылым, облыс әкімдігі жанынан құрылған қауіпсіз жол қозғалысын қамтамасыз ету бойынша жұмыс комиссиясы, ҮЕҰ және БАҚ өкілдері қатысты.
Жиынды облыс әкімінің орынбасары Тимуржан Шәкімов ашып, талқыланып отырған мәселенің маңыздылығына айырықша назар аударды. Оның айтуынша, жол-көлік оқиғасы негізінде өлім-жітімнің көбеюі бүгінде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының өзін алаңдатып отыр. Әлемдік статистика бойынша жыл сайын 1,35 млн. адамның өмірі осы қара жолдың үстінде үзілетін көрінеді. Ал енді 5-29 жас аралығындағы балалар мен жастар өлімінің дені жол апатына қатысты тіркелуі ешкімді бейжай қалдырмаса керек. Сондықтан БҚО әкімдігі мен ірі шетелдік компаниялар («Шелл» және «Эни» концерндері мен «ЕАSSТ» ағылшын қайырымдылық ұйымы) арасында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған. Нәтижесінде өткен жылдың наурыз айында жол-көлік оқиғалары мен оның құрбандарының санын азайту мақсатында «Батыс Қазақстан облысының қауіпсіз жолдары» жобасы өмірге келсе, соның бірінші кезеңі мәреге жетіп отыр.
Айта кетелік, облыс аумағында биылғы жылдың өткен сегіз айы ішінде 175 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 197 адам дене жарақатын алса, жасөспірімдер қатысымен болған 25 жол ережесін бұзу фактісі кезінде 1 бала қайтыс болып, 28-і түрліше зардап шегіпті. Және бір назар аударарлық нәрсе, республика бойынша жақсы және қанағаттанарлық жол сапасы көрсеткіші 60 пайызды құраса, ол біздің өңірде 31 пайыз ғана екен. Әрі бұл еліміз бойынша ең төменгі көрсеткіш. Жалпы, биыл облысқа 37,4 млрд. теңге көлемінде қарастырылған қаражатқа 437,3 шақырым жол жөндеу жоспарланса, жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесін 34 пайызға жеткізу көзделген.
– Азаматтардың жолдағы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жол-көлік оқиғаларының санын азайтуға көмек ету мақсатында былтыр маусым айында іске кіріскен қауіпсіз жол жобасы аясында біраз жұмыстар атқарылды. Әсіресе қала мектептерімен тұрақты байланыс орнатылып, оқушыларға жол қауіпсіздігін сақтау ережелері терең түсіндіріліп қана қоймай, осы бағытта арнайы алаңдар жасақтау қолға алынды. Алда да үлкен жоспарлы жұмыстар тұр. Өткен қыркүйек айынан бастап, аталмыш бірлескен жобаның екінші кезеңі басталды. Әр кез қоғам мен биліктің назарын қауіпсіз жол мәселесіне бұрып, келесі кезекте коммуникациялық іс-шаралар өткізу жоспарлануда. Біз күш біріктіріп әрекет еткенде ғана жол үсті қауіпсіздігі мен адамдар өмірін сақтауға оң ықпал жасай аламыз, – дейді «Гауһар жолы» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі, қауіпсіз жолдар бірлескен жобасының жергілікті үйлестірушісі Гүлнар Бисенова.
Бауыржан Махутұлы,
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер