Шыңғысханнан мұраға қалған төрелердің қазақтарды басқару дәстүріне қарсы күрес тарихы әрі де жатқан, әлі де ақиқаты ашылмаған тарихымыздың бірі.
Кешегі қазақ қоғамында пайда болған «ақ сүйектер» мен «қара сүйектердің» шығу тарихы да осы «келімсектердің» келуімен ежелгі қазақтың рулық басқаруын төрелерге бергендігімен ерекшеленеді.
Сол бабалар мұраты төрелерден қазақтың билігін қолға алу Сырым батыр кезінде басталып, жалғасын Исатай Таймановтың жүргізгені тарихтан белгілі. Алайда сол ұлт-азаттық күрестерді төре-сұлтандардың патша отаршыларымен бірлесіп аяусыз жаншығаны тағы мәлім.
Сол күресті кешегі патшаның 1822 жылғы «Сібір қазақтарын басқару» ережесі шыққан кезде ұтымды пайдаланғандардың бірі - қарадан шыққан Шоң би Едігеұлы болатын.
Жарғы бойынша жаңадан құрылған округтерді тек төреден шыққан сұлтандар басқарады деген бапқа бағынбай, «Мен қоныстанған мекенде бірде-бір төре-сұлтан жоқ. Қазақтарда елін басқара алады» деп хат жолдап, ақыры Баянауыл округінің қарадан шыққан аға сұлтаны ретінде басқаруды қолына алады.
Кейін Шоң би салған ізбен Күшіктің Шорманы, Шорманның Мұсасы, Сатыпалдының Қазанқапы, Өскенбайдың Құнанбайы, Естемістің Есенейі тағы басқа қарадан шығып ел басқарып округтің аға сұлтаны болып сайланады.
Зұлқожа Шарафутдинов
zhaikpress.kz
(Жүз тұңғыш, Жинақ, А, 2005ж.)