9.06.2022, 9:30
Оқылды: 65

Қарағайға қарсы біткен иір бұтақ

Ұлы Абайдың «Талап, еңбек терең ой, қанағат, рақым ойлап қой» деген даналық сөзі бар. Хәкімнің ұрпағына ұлыс етіп қалдырған өсиетін ғұмырына азық етіп, халқына шапағатын тигізген азаматтар арамызда аз емес. Солардың бірі тарихи екі ауданды басқарып, еңбек еткен жеріне айтарлықтай із қалдырған, сонысымен де екі бірдей тұңғыштар елінің құрметті азаматы атанған Лавр Рашитұлы Хайретдинов дер едім.

Лавр Рашидұлы (2)

Халқымыздың біртуар перзенті Д.Қонаев «Атқа мінген әкімнің үзеңгісін тең баспағанын бетіне бассаң бас, бірақ тарихқа, тарихпен тағдырлас халыққа қиянат жасама», – дейді екен. Мүмкін, біздің кейіпкеріміздің де кем-кетігі болған шығар, әйтсе де оның өзі басқарған өңірлерде атқарған істерін айтпай кетуіміз әбестік, тіпті одан әрі барсақ, оған жасалған қиянат дер едік.

Лавр Рашитұлының қойы қоралас, адамдары аралас көрші Бөкей ордасы ауданында атқарып жатқан істері жаңалыққа елеңдеп тұратын жарғақ құлағымызға естіліп жатушы еді. Әсіресе Кіші орданың соңғы ханы Жәңгірге ақ шаңқан кесене тұрғызып, оған сол кездегі ел Президентінің қатысуы қатпар-қатпар тарихы бар өңірдің шежіресін одан сайын байыта түскен еді. Одан кейін кербез күй­дің керімсалы Дәулеткерейге, қазақ ғылымында есімі Шоқанмен қатар аталатын Салық Бабажановқа кесене көтеруі жас басшының абыройын асқақтата түсті.

«Уақыт – ұлы төреші»  дегендей, ақиқатын айтсақ Жаңақала Төлегендей тау тұлғасын зейнеткерлікке шығарып, Фариза ақын айтқандай, орнын толтыра алмай жүргенде іс басына Лаврдай азаматтың келуі жұртшылыққа бір серпіліс берді. Мамандығы экономист, ауыл шаруашылығында бөлімше меңгерушісінен бастап барлық сатыдан өткен, әкімдік институтының жергілікті жерде қабырғасын өз қолымен қалаған, Тауасиық Мырзағалиевтей тарланбоздың қалыбынан шыққан, шарқайрақтай шыңдалған, елуді енді ғана еңсерген ерен басшы істі бірден үйіріп алып кетті.

Күндердің күнінде бір әңгіменің үстінде Лекеңнің «Ағаларымыз бізге істейтіндей ештеңе қалдырмаған сыңайлы, осы екеулеп өңірдің рухани мәселелерін қаузасақ қайтеді», – деп маған аудандық мәслихатқа қарай барсаң деген ишара білдірді. Солай болды да. Мен мәслихатта жүріп, ауданның арғы-бергі тарихы жөнінде «Жасампаз жылдар жаңғырығы», «Жаралы жылдар жаңғырығы», «Жаңақала ауданының энциклопедиясы», «Қамыс-Самар – Жаңақала: өткені мен бүгіні» (үш том) т.б. жинақтар шығарсам, оған Лавр Рашитұлы үнемі қолдау білдіріп, қаржылай демеп отырды.

ce3ec775-c6cd-4974-ac03-f41fae1d7335

Барлық ауылдық округтерде қал-қадерінше мұражай ашуға да мұрындық болған әкімнің өзі еді. Аудан мешітінің жанынан медресе ғимаратын салғыздырып, оған білікті кадрларды тартты. Аудан емханасы, ауданда тұңғыш мектеп-гимназиясы, екі елді мекенде еңселі мектептер де сол кезеңде бой көтерген болатын. Аудан жұртшылығының басым бөлігі Құлшық жерасты суын пайдаланып отырса, оның бастауында да Лавр Рашитұлы тұр. Ауданға келісімен қолға алған істерінің бірі Құлшық жерасты суын халық игілігіне жарату болды. Депутаттар корпусы Үкіметке, Парламентке күн құрғатпай хат жазатын болдық. Тіпті бірде Премьер-министр Б.Сағынтаевтың қатысымен өткен актив жиынында «Жаңақаланың халқы су емес у ішіп отыр» дегенім үшін таяқтың ұшы "әдейі ұйымдастырдың" деген сылтаумен Лавр Рашитұлына тигенін де білемін. Қайсар жан оны қаперіне де алған жоқ, ақыры Үкіметтен бөлінген 2 миллиард теңгеден астам қаржыға 145 шақырым су магистралы тартылып, рақатын халық көріп отыр.

Ауданда бірнеше саябақ жасатып, ауылды жасыл желекке бөледі. Екі бірдей күй алыбына кесене тұрғызып, жеті өнер майталмандарының, төрт Кеңес Одағы Батырларының кесенесін тұрғызуға  бастамашы болды. Тағы бір жемісті ісі – бұрынғы аурухана ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, рухани орталыққа айналдырды. Бар істі ағаларымыз бітіріпті ғой деп қарап қалған ол жоқ. Ауданға асыл тұқымды мал алуға, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерге несие тартуға белсене араласып, оларға үнемі қолдау көрсетіп отырды. Аудан орталығында тұрғын үйлер салуға да көңіл бөлді. Лаврдың өмір жолы оқтай түзу, тақтайдай тегіс болды деуден аулақпыз. Оның бұралаңы да, шырғалаңы да аз болмады. Қолдан жасалған қиястықтар да болмай қалған жоқ. Әйтсе де, бойындағы Саржала бабасының қаны, Махамбет атасының рухы небір қиямет-қайым сәттерде қолдаушы пірі болды. Махамбет көкесі де «Қарағайға қарсы біткен иір бұтақ» дегенді осындай қайсар ұрпақтары боларын болжап айтқандай.

Біразырақ жыл қатар қызмет атқарсақ та, ерекше сыйластықта отбасымызбен араласып тұрдық. Жаны жібектей жұмсақ Дариға құрбымыздың қолынан дәм таттық, Лекеңнің отбасымен бірге меймандарына тікесінен тік тұрып құрмет көрсететініне тәнті болдық. Өнегелі отбасынан алған үлгіміз де, үйренгеніміз де аз болмады.

Иә, уақыт бір орында тұрмайды. Аунаған айлар, жылжыған жылдар Лекеңді де пайғамбар жасына әкеліпті. Ғұламалардың айтуынша, адамның жасы екіге бөлінеді екен. Адамның 63-не дейінгі жасы «қалжа жас» деп, ал Мұхамед пайғамбардың жасынан асқаннан кейінгі жасы «олжа жас»  деп аталады екен. Ендеше, олжа жасың молая берсін, ғұмырлы бол, қадірлі Лавр Рашитұлы!

Закария Сисенғали,

Қазақстан Жазушылар және журналистер одағының мүшесі,

мәдениет саласының үздігі

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале