27.04.2023, 9:00
Оқылды: 156

Қарайған суды рәсуа қылмай, Қамыс-Самарға жіберсе қайтеді?

Соңғы жылдары киік санының күрт көбейгені Үкіметтен бастап жергілікті шаруаларға дейін бас ауыртатын маңызды мәселеге айналды. Киік жайылымдарды отап, малмен ғана күн көріп отырған қарапайым адамдарға зардап келтірді. Атакәсіптен ажырамаған ауылдағы ағайынның әбден «мазасын» алды. Енді не істеу керек? Біріншіден, киіктің ішетін суы – ең басты мәселе. Жүйелі жұмыс һәм шынайы ниет болса, бұл түйткілдің де түйінін тарқатуға болатын секілді. Мысалы, кезінде жанға сая, малға пана, тіпті киікке де жайлы мекен болған Қамыс-Самар көлдері, аққу ұшып, қаз қонған айдындар, Махамбет жырлаған «қоғалы көлдер, қом сулар» бүгінде көзден бұл-бұл ұшты. Десе де әйгілі Қамыс-Самар көлдеріне «жан бітіріп», қойнауына «қан жүгіртіп», тікелей айтқанда, аңқасы кепкен ауқымды аумағын суға толтырса, киіктер атақонысына оралып, одан алыс кетпес еді... Біздің қазақ «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар» демей ме? Бұл мәселеге жергілікті ғалымдар тобы да атүсті қарамай, жан-жақты зерттеп әрі саралап, ақбөкендерді атакүлдігіне, яғни Қамыс-Самарға қайтаруды құп көріп отыр. Осыған орай жергілікті ғалымдар «Киіктің Орал популяциясы санын реттеу» атты тұжырымдама жасайды. Мұны ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі бекітіп береді. Аталған тұжырымдама негізінде Жайық, Көшім, Қараөзен, Сарыөзен, Мұқыр өзендері арқылы Қамыс-Самарға су жеткізіп, ақбөкендерді ежелгі мекеніне тұрақтандыру көзделген еді. Мамандардың айтуынша, Қамыс-Самар көлдеріне су келсе, киік құмды өңірге тұрақтап, шаруаларға да кедергі келтірмес еді.

Камыс Самар (2)

- Қамыс-Самар көлі бұрын суға толы болды. Балығы тайдай тулап, бақасы қойдай шулап жататын-ды. Құстың түр-түрі мекендейтін. Тоқсаныншы жылдары ел-жұртты аштықтан аман алып қалған берекелі көл ғой. 1994 жылдан бері су келмей, көл құрғап кетті. Қазір балық та, құс та жоқ. Жақында облыс әкімінің кеңесшілері – Алдияр Халелов, Табылғали Сапаров, «Қазсушар» РМК БҚО филиалының басшысы Рауан Хусайынов пен мамандары келіп, судың келу барысын көрген болатын. Және де Қамыс-Самарға су жіберетіндерін айтқан еді. Шыны керек, сол кезде қатты қуанып қалдым. Алайда не себепті екенін білмеймін, «Қазсушар» мамандары суды бөгеп, әлі күнге жібермей отыр, – дейді Сарыкөл ауылының тұрғыны Елемес Ғалымұлы. Елемес ағамыз айтса айтқандай, 22 сәуір күнгі іссапар барысында біз Сарыкөл маңындағы бөгеттің және Қызылжар көпірінің жабық тұрғанын көрдік. Мұның салдарынан су сай-салаға ағып кетуде. Ал Қамыс-Самар бағытына қарай мүлдем су шықпаған. Негізі, жоғарыдағы тұжырымдама бойынша биыл судың алды Қамыс-Самар көлдеріне бару керек еді. Десе де «Қазсушар» мамандарының «кедергісінің» кесірінен су діттеген жеріне жетпей отыр. Аталмыш мекеменің басшысы Рауан Хусайынов бөгелген жерлерді ашамыз деп айтса да, уәдесі құрғақ уәде күйінде қалыпты. Мәселенің жай-жапсарын білмек ниетте «Неліктен бөгеттерді уақтылы ашпады?», «Қамыс-Самар көлдеріне суды неге жібермеді?» деген сауал-сұрақтарымызды құзырлы мекемеге қызметтік хат арқылы жолдаған едік. Бірақ шұғыл жауап келмеді. Осы орайда «Қазсушарлықтардың» бұл әрекетін өз жұмыстарына жауапсыз қарағандық, салғырттық деп айтсақ, артық болмас. Олар неге осы мәселеге терең бойлап, болашаққа бағдар жасамайды? Неге судың далаға ағып, рәсуа болып жатқанын көрсе де, көрмегендей кейіп танытады? Сонда олардың елге жаны ашымағаны ма?

KSE02117-2-e1655698633897

Фотоға түсірген: Қайырбек Сариев

Шүкір, биыл ылғал мол болды. Қазірдің өзінде өзен-көлдерге біраз су жиналды. Әлі Ресейден сатып алатын суымыз бар. Осы тұрғыдан келгенде  «Жайық Пресс» медиахолдингінің бас директоры Табылғали Сапаров жауапты мекеме суды дұрыс жеткізе білсе, жеткілікті деңгейде болатынын айтты.

– Осыдан 15 жылдай бұрын Казталов ауданына қарасты Жас ауылының тұсынан Әжімбет су арнасы арқылы Жайықтың суын Қараөзенге жеткізуге жұмыстандық. Ол үшін облыстық бюджеттен 300 млн-дай теңге қаражат бөлініп, каналдар жөнделді. Мұндағы мақсатымыз – Жайықтың суыҚараөзенге түсіру еді. Бұл – бір. Екіншіден, мұның сыртында Киров-Шежін арнасын ұзартып, Ақпәтер ауылының тұсынан Қараөзенге Жайықтың суы жететіндей жол аштық. Осындай жүйелі жұмыстар қаражат тапшы һәм қиын кездерде де атқарылды. Бұған қоса республикалық бюджеттен милиардқа жуық қаражат қаралып, Киров-Шежін су арнасын күрделі жөндеуден өткіздік. Сосын оны Қараөзенге қостық. Қазіргі таңда осының барлығы да жұмыс істемей тұр. Себебі «Қазсушар»  РМК БҚО филиалы бұған немқұрайлы қарайды. Соның салдарынан Жайық өзенінен 600 млн текше метрден астам суды жыл сайын ала алмай отыр. Биылдың өзінде су ала алмай қалатын қауіп бар. Өйткені тасқын су біткесін Жайық өзенінің деңгейі түсіп кетеді. Су деңгейін қайта көтеріп тұратын қосымша шлюз жасату керек. Бірақ бұл мәселені «Қазсушар» РМК БҚФ әлі күнге дейін шешпей отыр. Олар өздерінің қате-кемшілігін жасыру үшін «Артта су жоқ» деп ақталады. Негізі, Жайық өзенінен су алсақ, бәріне жетер еді, – дейді су жөніндегі ой-пікірін ашық жеткізген Т. Сатқалиұлы.

P.S. Жалпы, «қазсушарлықтар» халыққа дұрыс түсінік жұмыстарын жүргізбей, «Арт-
та келетін су жоқ» деп ауыздарын қу шөппен сүртуде. Қамыс-Самарға суды уақтылы жеткізбесек, күні ертең ақбөкендер полигонға тұрақтамай, су іздеп тентіреп кетуі ықтимал. Сосын, «Жерімді отап кетті», «Шөбімді типыл қылды» деп шаруалардың зар қағатыны анық. Ал Қамыс-Самар көлдеріне су барса, киіктер ешкімге зиян-зардабын тигізбес еді. Дау-дамай, айқай-шу болмас еді. Киіктер атамекенінде қалар еді. «Қолымды мезгілінен кеш сермедімнің» кері келмеуі үшін осы бастан ойланған абзал. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, киіктердің ежелгі мекені Қамыс-Самарға қайта оралуына қолымыздан келгенше қарекет етіп, мейлінше жағдай жасауымыз қажет. Ол үшін «Қазсушар» РМК БҚО филиалы жоспардағы жұмысты адал атқарып, суды далаға емес, қажетті жеріне жібергендері жөн. Шұғыл!

Бибігүл Сәрсенова,

ғалым, М. Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінің жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар зерттеу зертханасының аға ғылыми қызметкері:

- Киіктің азаюы даланың тозуына, топырақ қыртысының құнарсыздануына алып келеді. «Киік тұяғы жерді түлетеді» деген сөз тегін айтылмаған. Ақбөкендер жайылған жерде топырақ қопсып, шөп қалың шығады. Тұмсығымен өсімдіктің дәнін шашып, аша тұяғымен оның жерге енуіне, сол арқылы өсімдіктің көбірек таралуына әсер етеді екен. Тұяқ тимеген жерге су да сіңбейді. Арамшөп қаптап, кеуек пен қурай өртенуге бейім келеді.

Алтынбек Ермекқалиев,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале