17.05.2024, 17:42
Оқылды: 11

Қарақұловтың командасы қара басты

Бірінші лига командалары арасындағы ел чемпионатында бақ сынап жатқан Оралдың «Ақжайығы» биыл жанкүйерін қуанта алмай жүр. Бұған дейін «Тараз» және «SD Famіly» командаларына жол берген Қуаныш Қарақұловтың шәкірттері өткен бейсенбі күні өз алаңында тағы бір мәрте сүрінді.

WhatsApp Image 2024-05-17 at 10.54.24

Ерекше қарқын алып, турнир кестесінің үшінші сатысына жайғасқан Түркістан облысының «Жетісай» командасын өз алаңында қабылдаған «Ақжайық» 1-2 есебімен жеңілді. Ойынды қарқынды бастаған алаң иелері қонақ команданы тықсырумен болды. Ойынның 22 минутында жас ойыншы Шыңғыс Құбашев қақырата теуіп, «Ақжайықты» алға шығарды. Бірақ Бауыржан Омаров пен оның достарының қуанышы ұзаққа созылмады. Қарымта шабуылға иек артқан «Жетісай» ойыншылары алдымен бұрыштама орындауға мүмкіндік алып, оны голға айналдырды.

Одан соң қарқынға қарқын қосқанымен оралдық футболшылар өз мүмкіндіктерін пайдалана алмады. Шабуылға ден қойып, қорғанысында бос кеңістік қалдырған «Ақжайықтың» қателігін пайдаланған қонақтар сәтті пайдаланып, қауіпті шабуылдар жасап отырды. Осындай сәттерде алаң иелерінің абыройын қақпашы Мақсот Арыстанов пен қорғаушы Тимур Реджепов сақтап қалып отырды. Тимур соңына дейін шайқасып шабуылдаушыларды тоқтатып отырса, Мақсот қақпаға ұшқан әр соққыны сәтті қайтарумен болды.

Алаң иелері қанша тықсырғанымен қонақтар сыр бермеді. Осылайша ойынның 58 минутында кезекті бұрыштама орындауға мүмкіндік алған «Жетісай» ойыншылары Рамазан Абылайханның көмегімен гол соғып, есепте алға шықты. Одан соң қанша тырысқанымен алаң иелері гол соға алмады.

Матч аяқталуға 6 минут қалғанда «Ақжайықтың» бас бапкері Қуаныш Қарақұлов алаңға Ислам Амангелдиев, Бекзат Иманғазеев және Иван Геронимусты шығарды. Ойынға қан жүгірткенімен ол үштік есепті теңестіре алмады. Әсіресе қонақтар қорғанысын қатты мазалаған жас болса да бас бола білген Иван Геронимус жанкүйердің үлкен қошеметіне ие болды. Өкініштісі сол Иванның шалт қимылдары командасына ұпай сыйлай алмады.

«Жетісай» Оралдан үш ұпай еншілеп, турнирлік кестедегі орнын нықтай түссе, бес ойыннан соң небары үш ұпай жинаған «Ақжайық» 14-ші орында қалды. Команданың жағдайы мүшкіл. Бұлай жалғаса берсе, арты өте ауыр болары сөзсіз.

Ойын соңындағы баспасөз мәслихатында команда бас бапкерінің көмекшісі Абай Аманбаев осы кезге дейінгі қателіктерден қорытынды шығарып, келесі матчта жеңіске жетудің жолын қарастыратынын айтты.

Арал Болпышұлы,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале