28.02.2023, 10:30
Оқылды: 196

«Қаралы сұлу»

Өткен сенбіде Х.Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрында жазушы-драматург Роза Мұқанованың (М.Әуезовтың әңгімесі бойынша) «Қаралы сұлу» қойылымының премьерасы болды. Қойылымның режиссері – Алмат Шарипов. Метафизика жанры бойынша көрермен назарына ұсынылған драмадағы басты рөлді – Қарагөзді актриса Хорлан Шамелова сомдады.

74BAD814-80AE-4C3C-81D7-5BB18879B3AC

«Аласұрып іздегенім,

Ынтығып сағынғаным күнә ме еді...

Тазалық пен күнәсіздік

Адамға емес, Аллаға ғана тән бе еді?

Мен де пенде едім ғой,

Амалым бар ма?...».

Бұл – алты жыл бойы торға түскен бұлбұлдай жарсыз төсектің иесі атанған жесір әйелдің сөзі.  Көп күндер өтіп жатса да, оның жанын жадыратып, көңілін көтерген сәт болған емес.  Қаралы күй Қарагөз өмірінің күнделікті дағдысына айналған.  Айналасы думан-той. Бірақ ән айтып, би билеген көңілді топқа қосылуға оның ары  жібермейді. Күн сайын ол өз ойларымен алысып, жынды адамның күйін кешеді. Ішіндегі қыз-қыз қайнаған нәпсі оны жарыққа ұмтылуға, өмірдің бар қызығын көріп, ойнап-күлуге шақырады. Дегенмен ол қаралы күйді таңдаған. Жылдар бойы жарын аза тұтқан жесір әйелдің зары неткен аянышты еді. Сәт сайын қызыл оттай жанып, іштегі жыландар оянып, арпалысып, алысқанда жесір әйел екіұдай халге түседі. Оның жалғыз жұбанышы – ұлы Мұқаш қана.  Соны сүйіп, құшақтап, мауқын басқандай болады. Өзі құралпы жастардың әніне елітіп, барғысы келгендей болады. Бірақ ол жалғыздықты таңдаған. Өзінің жастай жесір атанған тағдырын мойындаған. Соған көнген. Күн сайынғы жабырқау, жүдеу хал оның сенімді серігіне айналған.

Сахнаға ілінген екі ақ мата режиссер мен қоюшы суретшінің шешімімен өмірдің  желкені ретінде алынған.  Өмір де кеме секілді. Бірақ бір кеменің ішінде жүрген адамдар жаны жаралы жанды көзге ілмейді. Ол – кешегі де, бүгінгі қоғамның көрінісі. Басына іс түскен адам өз қайғысымен өзі қалады. Жанындағы қаумалаған қалың топ оны қолдамақ түгілі, сыртынан сыпсыңдап сөз айтып, жарасына тұз себеді. Аласұрған жесір әйелдің жай- күйін тек санаулы адамдар ғана түсінеді.  Сахнада есіктің рөлін атқарған екі өрім тұр. Бұл сол замандағы қазақ қыздарының сертке беріктігін, жарға деген адалдығын айшықтағандай. Қойылымның соңында өз нәпсісінің алдында сыр берген қаралы сұлу Қарагөз күйіп өртенген денесін салқын сумен шайып отырып, қос өрімді құшақтап, бұзған күйі жерге құлайды. Қарагөздің жанында күзетші кемпір ғана көбелектей шыр айналып, жүгіріп жүр. Режиссер Қарагөздің әрі қарайғы тағдырына нүкте қоюды көрерменнің өз еркіне қалдырады.

Күрделі психологиялық драма көрерменге түрлі ой салады. Сахнада шынайы  өмір, жесір әйелдің ішкі иірімдері шебер суреттелген. Тек Қарагөздің күзетші кемпірге «Шешін!» дегенін мүлдем қабылдай алмадым. Бұл өз ойым... Жалпы драмада еркіндікке жете алмай, ескі ғұрыптардың тұтқынына айналған қазақ әйелінің бейнесі айқын  суреттелген.

Қойылымның режиссері Алмат Шариповтан бұл қойылымды неліктен  таңдағанын   сұрадық.  

– Театрдың  мақсаты  – адам жанын зерттеу. Қазір қоғамда жесір, жалғызбасты әйел көбейіп кетті ғой. Бізге олар мұңсыз сияқты көрінеді. Бірақ олардың ішкі жан дүниесіндегі аласапыранды ешкім білмейді.  Жұбайы қайтыс болып  немесе ажырасып та жалғыз қалып жатқан әйелдер қаншама? Осы трагедия олардың бәрінде бар. Біз бұл қойылымда тұрмыстық тірліктен бөлек, жалғызбасты, жесір әйелдердің жан арпалысын көрсеткіміз келді. Негізінен қимылға, әнге, іс-әрекетке құрылған қойылымның соңын көрермен қалай қабылдаса да, өзі шешеді. Сахнадағы екі өрім бұзылған сәтте парик киген, әлемжәлем киінген  қыздар шығады. Бұл бүгінгі қоғамның көрінісі. Осы көрініс арқылы қос бұрымын қиып, жасандылыққа бой ұрған қыздардың көбейгенін айтқымыз келді. Жалғызбасты әйелдердің жанайқайы  бүгінгі қоғамда әлі де өзекті, - дейді бізбен ой бөліскен режиссер Алмат Шарипов.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале