24.02.2023, 9:30
Оқылды: 67

«Қаралы сұлуды» жаңа қырынан көрсетемін»

Қазақ театр өнері саласында жас режиссерлер буыны қалыптасып келеді. Түрлі  жанрда  қойылымдар қойып, әрдайым шығармашылық ізденісте жүретін жас режиссерлердің  бірі  –  Х. Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының режиссері Алмат Шарипов. Ол жуырда облыстық қазақ театрында «Қаралы сұлу» драмасын сахналамақ. 

00ef5ca2-bd47-41fb-a0d2-9bc32c8f5383

– Алмат Нұрланұлы, М. Әуезовтің шығармашылығынан «Қаралы сұлу» қойылымын Жайық жұртшылығының назарына ұсынғалы отырсыз. Бұл драманы сахналауға не түрткі болды?

– Мен бұрын Алматы қаласындағы М. Әуезов атындағы қазақ ұлттық драма театрында қызмет еттім. Әуезов театрының басшылығы «Қазақи шығармаларға көп көңіл бөлсек» деген ұсынысын айтты. Көркем әдеби кітаптарды оқып, зерттедім.  2017 жылы М. Әуезовтің 120 жылдығы аталып өтілді. «Қаралы сұлу» – сол уақыттан бері іштей дайындап жүрген шығарманың бірі. Бұрын бұл шығарма қазақ сахнасында бір рет сахналанған. Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, режиссер Болат Атабаев Роза Мұқановаға пьеса жаздырып, Ғ. Мүсірепов  атындағы қазақ мемлекеттік академиялық балалар мен жасөспірімдер театрының сахнасында қойған. «Болат ағадан кейін енді қандай деңгейде сахналанар екен?» деген сөздер айтылды. Алайда бұл қойылымды қайта сахнаға шығарамын деп алдыма мақсат қойдым. Жалпы, қазақ – қыз баланың, әйел адамның қадір-қасиетін бағалайтын халық. Қазіргі заманның өзінде де әйел заты небір қиындықты бастан кешіруде. Дәл осы ой бұл шығарманы таңдауыма  түрткі  болды.

– «Қаралы сұлу» драмасын дайындауға қанша уақыт жұмсадыңыз, қойылымның әртістерін қандай талаптар бойынша таңдадыңыз?

– Бұл қойылымды сахнаға шығару үшін әртістер бір айдан астам уақыт дайындалды. Өз басым аталмыш пьесаны әр тараптан бағалауға, таразылауға тырыстым. Шығарма авторы Мұхтар Әуезов не айтқысы келгенін бағамдайсың. «Пьесаның авторы – Роза Мұқанова не айтқысы келді?» деп тағы ой қорытасың. «Мен көрерменге не жеткіземін?» деген ой және мүжиді. Сол себепті әріптестеріммен ақылдастым. Жалпы әртіс қауымының сахнадағы ең басты қаруы – сөйлеу мәнері. Сол жағынан келгенде актер таңдауға тура келеді. Біреудің түр-сипаты үйлесіп, типажы келіп тұрғанмен, сөздері жаттанды шығуы мүмкін. Шағын пьесаның сөзін айта алмай, жеткізе алмай тұрса, онда ол режиссердің қатесі деп бағаланады. Өйткені қойылымның сәтті шығуы – актерден емес, режиссерден сұралады.

– Дайындық қалай өтті? Өзіңізге тән режиссерлік «фишкаңыз» бар ма?

– Мен енді «фишкам» деп айта алмаймын. Бірақ сахнаны шектен тыс безендіруден (декорация) қашатын адаммын. Бұрын қойған қойылымдарымды да байқаған шығарсыздар, көп декорация жоқ. Бұл қойылымда да екі матамен шектелемін. Қалғанын әртістер өздері алып шығады. «Қаралы сұлуды» жаңа  қырынан  көрсетемін.

– «Қаралы сұлу» көрсетілімінен кейін көрермен театрдан қандай ой түйіп шығады деп ойлайсыз?

– Дұрыс айтасыз, көрермен әр қойылымнан ой түйіп шығады. Бұл драманың да өзіндік айтар ойы бар. Жасыратыны жоқ, қазір адамдар өзімшіл. Материалдық игілікке көп мән беріп, біреуден асып түссем деген оймен жүреді. Сондай-ақ әр адамның өз шындығы бар. Бұл қойылымда да іштегі сол шындығымен арпалысып, алты жыл аза тұтқан әйел тағдыры бейнеленген. Сол қиындықтарға мойымай, бәрін жеңе білу керектігін осы қойылым арқылы көрерменге түсіндір-һгім келеді. Бұл шығарма сол кездің көрінісі болғанымен, қойылымдағы мәселе әлі де өміршеңдігін жоймағаны рас. Дұрыс шешімді адам өзі қабылдап, сол үшін күресу керек. Біз көрерменге пьеса арқылы өмірдің өзі күрестен тұратынын жеткізгіміз  келеді.

Сұхбаттасқан Гүлзаман Меңдігереева,

Х. Бөкеева атындағы облыстық  қазақ драма театрының БАҚ бойынша менеджері

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале