Орал қаласындағы «Атамекен» өнер ордасында Қазақстан мұнайының 125 жылдығына және әлемдегі ең ірі мұнай-газ кен орындарының қатарына кіретін Қарашығанақ кен орнының ашылуының 45 жылдығына арналған салтанатты шара өтті. Оған сала ардагерлері, сала мамандары, мемлекеттік құрылымдардың өкілдері, студенттер қатысты.
Алдымен қазақстандық мұнайшылардың өткен жолы мен бағындырған белестерін еске түсіретін, Қарашығанақ кен орнын өз еңбектерімен әлемнің энергетика нарығында ірі ойыншыларына айналдырған майталмандар туралы бейнефильмдер көрсетілді. Қарашығанақ кен орнын игеру 1984 жылы басталды. Оны 1979 жылы Сухан Камалов басқаратын «Оралмұнайгазгеология» тресі ашқан-тұғын. Бастапқыда ол жерде шынымен де өте үлкен кен орны бар деген ақпарат түсті. Әрине, кенді игеруге тиісті технология мен кадрлардың біліктілігі қажет болды. Мұның ешқайсысы да болмады. Бірақ соған қарамастан бұрғылау жұмыстары 1984 жылы басталды. Алғашқы газ, бірінші мұнай және бірінші конденсат өндірілді. Небәрі екі жылдан кейін 5 миллиард текше метр газ бен 3 миллион тонна конденсат өндіріліп, жоғары деңгейге жеткізілді. Өткен ғасырдың 90-жылдарының басына дейін кен орнын игеру жеделдетілген қарқынмен жүрді: жаңа ұңғымалар бұрғыланды, өндірістік қуаттар іске қосылды, өндіру көлемі өсті. Кен орнында қысқа мерзімде 48 ұңғыма бұрғыланды. Шикізат Орынбор өңдеу зауытына жеткізілді. Бірақ Кеңес одағының күйреуі экономикалық байланыстардың ыдырауына әкелді. Жабдықтар жаңартылмай, істен шықты. Инвестициялар, жаңа технологиялар, ресурстар және озық халықаралық тәжірибе қажет болды. Қазақстан алдында кен орнын игеру үшін серіктестер табу мәселесі тұрды. Қарашығанақ бойынша келіссөздер процесі 1992 жылы басталды. Бірінші болып Италия мен Ұлыбританияның компаниялары қосылды. 1997 жылы Өнімді түпкілікті бөлу туралы келісімге қол қойылды. Бүгінде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» («ҚПО б.в.») Италияның «Эни» (29,25%), Ұлыбританияның «Шелл» (29,25%, АҚШ-тың «Шеврон» (18%), Ресейдің «Лукойл» (13,5%) және «Қазмұнайгаз» АҚ (10%) компанияларының бірлескен кәсіпорны болып табылады. Ең бастысы, мұнай саласы еліміздің тәуелсіз республика ретінде әлем кеңістігінен орын табуына жол ашты. Мұнай өндірушілер қаржы қазанын тасытты. Соның арқасында ұрпақ несібесіне деп Ұлттық қор құрылды. Бір сөзбен айтар болсақ, қара алтын халықтың әл-ауқатын жақсартуға, тұрмысын көтеруге септігін тигізуде. Салтанатты жиында «ҚПО б. в.» компаниясының бас директоры Марко Марсили жиналған қауымды айтулы қос мерейтоймен құттықтап, игі тілегін жеткізді. Осы компания бас директорының орынбасары Мұхтар Манкеев те құттықтау сөзінде Қарашығанақ кен орнының бүгінде әлемге танылғанын, даму жолында бірнеше кезеңнен өткенін, елімізге өзінің экономикалық тиімділігін көрсетіп отырғанын әңгімеледі. Компания басшылары Қазақстанда мұнай-газ саласын дамытуға және Қарашығанақ кен орнын игеруге үлес қосқан сала ардагерлеріне алғысхаттар табыс етті. Олардың қатарында Анатолы Тегісбаев, Қайнолла Хасенов, Мирболат Тінәлиев, Құндыз Нұпов сынды азаматтар бар.
Жиында ҚР Энергетика вице-министрі Әлібек Жамауов көпшілікті айтулы мерейтоймен құттықтады. «Тәуелсіз мемлекетіміздің дамуында маңызды орын алып отырған Қарашығанақ кеніші отандық экономиканың көшбасшысы болып табылады. Соңғы онжылдықтарда Қазақстан мұнай өндіруді ұлғайтып, озық технологияларды қолданысқа енгізіп, әлемдік энергетикалық нарықта өз позициясын нығайтты. Шетелден инвестицияларды тарту үшін қолайлы жағдайлар жасау алғышарт болды. Бұл Қашаған, Теңіз және Қарашығанақ сияқты бірқатар ірі жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік берді. Аталған жобалар халықаралық ынтымақтастықтың символына және Қазақстанның жаһандық экономикаға табысты кірігуінің үлгісіне айналды. Осы орайда мемлекетіміздің ерекше байлығы – мұнайды игеріп, өнеркәсіп қуатын арттыру үшін тынбай еңбек еткен алдыңғы буын ардагер мен сала қызметкерлеріне, сенімді серіктестерімізге алғыс айтамын. Сіздерге зор денсаулық, амандық, еңбектеріңізге табыс тілеймін», – деген Әлібек Жамауов министр Алмасадам Сәтқалиевтің құттықтаухатын оқып берді. Сондай-ақ вице-министр «ҚазТрансОйл» Ұлттық компаниясының учаске ауысымының бастығы Геннадий Кораблевке ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденін, «ҚПО б.в.» компаниясының инженері Зүлфия Иманқұловаға және осы компанияның жабдықтарға техникалық қызмет көрсету учаскесінің шебері Андрей Шишкоға «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыс етті.
Жиынға қатысқан облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов іс-шараға қатысушы мұнай-газ саласының ардагерлері мен мамандарын, жер қойнауын пайдаланушы компаниялардың өкілдерін, олардың серіктестерін өңір басшылығы атынан құттықтап, өңірдің және республиканың дамуына қосқан үлестері үшін алғыс айтты.
– Өнімді бөлу туралы түпкілікті келісімге қол қойылған кезден бастап Қарашығанақ кен орнын игеруге 32 миллиард АҚШ долларынан астам инвестиция тартылды. Сондай-ақ 100 млрд теңгеден астам қаржыға 200-ден аса әлеуметтік инфрақұрылымдық нысан салынып, облыс тұрғындарының игілігіне берілді. Осы өзіміз отырған мәдениет сарайы, Орал қаласындағы екі көпір, Орал халықаралық әуежайы және басқа да әлеуметтік-инфрақұрылымдық нысандар пайдалануға берілді. Қарашығанақ кен орнының Бөрлі ауданында орналасуы облысымыздағы жалғыз моноқала ретінде Ақсай қаласының қалыптасуына және одан әрі дамуына әсер етті.
Өңірдің табиғи газға деген ішкі қажеттілігін толығымен қамтитын, бюджетке қосымша түсімдерді қамтамасыз ететін және ілеспе мұнай-газ химиясы өндірістерін ашуға себеп болатын газ өңдеу зауытын салу жөніндегі компанияның жоспарлары қуантады. Президенттің ірі кәсіпорындар айналасында шоғырланған өндірістерді енгізуді жолға қою туралы тапсырмасы аясында мұнай-газ жабдықтарын шығару бойынша жаңа өндірістер құрылуда. Бұл жерде компанияның жергілікті қамту үлесін ұлғайтуға, отандық мұнай сервистік кәсіпорындардың қатысуымен бірлескен өндірістер құруға жәрдемдесетіні сөзсіз, – деген облыс әкімінің орынбасары альянстың Қарашығанақ кен орнында жұмысын бастағаннан бері мамандар даярлауға қомақты қаржы бөліп отырғанын баса айтты. Облыс әкімінің орынбасары Қарашығанақ кенішін ашу жолында тер төккен ардагерлер Рафхат Бақтияров, Хамит Иманмұхамедов, Әмина Камалова, Владимир Макаренколарға облыс әкімінің алғысхаттарын табыстады.
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Абзал Құспан Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошановтың ресми құттықтаухатын оқып беріп, оны «ҚПО б.в.» компаниясының бас директорына табыс етті. Құттықтаухатта: «125 жыл бұрын басталған Қазақстан мұнайының тарихы – қажырлы еңбектің, инновациялардың және табандылықтың тарихы. 45 жыл бұрын ашылған Қарашығанақ кен орны – еліміздің энергетикалық секторындағы ірі жобалардың бірі. Бүгінде еліміз әлемдік мамандардың, инженерлердің, жұмысшылардың, барлық қызметкерлердің қажырлы еңбегінің нәтижесі» – делінген. «Қазақстан мұнайының 125 жылдығымен қатар қазақ геология ғылымының ғана емес, жалпы қазақ ғылымының партиархы деп есептелетін Қаныш Сәтбаевтың да туғанына 125 жыл толып отыр. Мемлекет басшысы биылғы Қазақстан халқына Жолдауында еңбек адамдарына ерекше құрмет көрсету қажет екеніне тоқталды. Алдағы 2025 жыл қарапайым еңбек адамдарының жылы болып аталып өтеді. «ҚПО б.в.» компаниясының айтулы мерейтойға орай еңбек ардагерлерін жинап, құрмет көрсетуі қуантады. Қазақстан Президентінің саясатын да өте тиімді жүзеге асыруда деп есептеймін. Сол үшін компания басшылығына алғысымды айтқым келеді», – деді Абзал Құспан.
Іс-шарада Қарашығанақ жобасының операторлары – «Эни» компаниясының Қазақстандағы басшысы Сегера Хойтинг, «Шелл Казахстан» концернінің төрағасы Али, орынбасары Руслан Балықбаев, «QazaqGaz» ұлттық компаниясының басқарма төрағасының бірінші орынбасары Мейірбек Ихсанов, «Мұнай-газ кешені ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің бас директоры Анатолы Тегісбаев әріптестерін мерейтоймен құттықтады.
Мерейтойға арналған салтанатты жиын еліміздің танымал өнерпаздарының сазды нөмірлерімен өріліп, ел байлығын тасытқандарға қуанышты көңіл күй сыйлады.
Гүлбаршын Дыбысқалиқызы,
«Орал өңірі»,
zhaikpress.kz