27.03.2024, 20:00
Оқылды: 151

Қаратөбе ауданының Аққозы ауылдық округіне қарасты Қоржын ауылы қарғын судың астында қалды

Ауылда 130 шақты үйі, 600-ден астам халық тұрады. Төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері тұрғындардың бәрін мектеп ғимаратына көшіруде. Ауылды даладағы қар суы басып қалған. Бұдан басқа  облыста 70 үй суға кеткен: Орал қаласында – 19, Бәйтерек ауданында – 10, Тасқала ауданында – 4, Теректі ауданында 37 үй. Сонымен қатар 255 ауланы су басқан. Бұл туралы бүгін бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне өткізген брифингте облыс әкімінің орынбасары Қалияр Айтмұхамбетов мәлімдеді.

су каратобе 2024

– Бүгінде облыста қалыптасқан жағдайға қолайсыз ауа райы, жауын-шашын себеп болып отыр. Өйткені кейбір елді мекендерге 40 мм-ге дейін су түсті. Ал БҚО-да айлық норма – 25 мм. Оның үстіне биыл Орал қаласының айналасы мен шаһардың өзінде, солтүстік аудандарда қар қалың болды. Жердің тоңы да бар. Соның әсерінен қар суы мен жауын-шашын жиналып, елді мекендерге қауіп төндіруде. Облыс орталығында  ғимараттардың және  көпқабатты 5 тұрғын үйдің жертөлесіне су кірді. Бірақ бұлар соңғы мәлімет емес. Аудан-ауылдардағы үй-жайлар әлі де тексеріліп, тұрғындардың хабарламалары есепке алынады. Кейбір аудандарда қауіп сейілмеді. Облыстың оңтүстік аудандарында қар ертерек еріп кеткендіктен, мұндай күрделі жағдай қалыптасқан жоқ. Сонымен қатар өңірде 19 жолдың 26 учаскесін, яғни Ақжайық ауданыда бір, Жәнібекте екі, Теректіде үш, Сырымда екі, Қаратөбеде үш, Бөрліде бір, Казталовта екі жолды су шайып, басып кеткен, – деді Қалияр Шадиярұлы.

су каратобе 2024

Облыс әкімі орынбасарының айтуыша, Тасқала ауданының тұсындағы Деркөл өзені шекті мөлшерінін асып кеткен. Бұл өзен суының қауіпті деңгейі 520 см болса, қазір 534 сантиметрге көтерілген. Ал Шежін ІІ өзенінің қауіпті деңгейі 780  см, қазір суы 814 см көтерілген. Сондықтан Тасқала және Шежін ІІ ауылдарын су басу қаупі бар. Жайық өзені әлі көтерілмеген. «Біз «Қазгидромет» РМК БҚО филиалынан жауын-шашын жөнінде мәлімет алып отырдық. Құзырлы мекеме басшыларына, аудан әкімдеріне халыққа қауіпсіздік шараларын сақтау жөнінде ақпарат беруге тапсырма берілді. Тұрғындарға  тығыз шаруа болмаса, жолға шықпау, малды шалғайда бақпау және қауіпсіздік шараларын сақтау туралы айтылды. Қыс бойы көктемгі қарғын су басау қаупіне қарсы іс-шаралар пысықталып, дайындық жүргізілді», – деді облыс әкімінің орынбасары.

су каратобе 2024

су каратобе 2024

су каратобе 2024

Ясипа Рабаева,

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале