Қаратөбе ауданы орталығындағы №278 сайлау учаскесіне келушілердің қарасы мол. Таңнан басталған сайлауға ауыл тұрғындары белсенді қатысып, таңдауларын жасап, ауылдың болашағына бей-жай қарамайтындарын танытып отыр. Көпшілікпен бірге «Арын» тобының әншілері де дауыс берді.
- Аудан әкімінің сайлауы елімізде алғаш өтуде. Бұл сайлауды демократиялық қоғам құрудағы үлкен қадам деп айтуға болады. Мен де конституциялық құқығымды пайдаланып, сайлауда таңдауымды жасадым. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, - деді әнші, аудандық мәдениет-демалыс орталығының маманы Қуаныш Дүйсекеш.
Ғарифулла Құрманғалиев атындағы аудандық мәдениет-демалыс орталығының жанынан құрылған «Асыл әжелер» әжелер ансамблінің мүшелері де дауыс берді. Ұлттық нақыштағы әдемі киіммен келген әжелер ақжарма тілегін білдірді.
- Құрметті Қаратөбе ауданының тұрғындары! Біз «Асыл әжелер» ансамблінің әншілері, баршаңызды сайлау учаскесіне келіп, өздеріңіз таңдаған үміткерге дауыс беруге шақырамыз. Жерлестеріміз бізден үлгі алады деп ойлаймын. Сайлауға түскен кандидаттардың жұмысымен таныспыз, - деді ансамбль жетекшісі Гүлсара Шүңірекова.
Сайлау учаскесінде сайлау әдеттегідей өтіп жатыр. Ешқандай заң бұзушылық болған жоқ.
Ясипа Рабаева,
zhaikpress. kz