Табиғи апаттардың алдын алу мақсатында бүгінде өңірде бірқатар іс-шара атқарылып жатыр. Таяуда түрлі сала қызметкерлерін өңір басшысының өзі Деркөл кентіне қарасты Сарыарқа шағынауданына бастап барып, қар аршуға атсалысқанын да жария еттік. Мұның барлығы су тасқынының алдын алу қамы екені түсінікті.
Биыл қыс мезгіліндегі ауа райы жылдағыдан өзгеше басталып, біресе аяз күшейсе, бір ауық күн жылынып кетіп жүр. Мұндай ауа райы, яғни көктайғақ пен қардың қалың жаууы тұрғындарға қолайсыздық тудырды. Ауа райының күрт құбылуы жергілікті билік пен коммуналдық қызмет көрсететін мекемелерді де біраз әуреге салды. Сонда да аталмыш мекеме қызметкерлері көше тазалығын сақтау мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аянбай жұмыс істеп жүр.
262 мың текше метр қар шығарылған
Оралдағы қар тазалау жұмысына жауапты бірден-бір мекеме – «Жайық Таза Қала» ЖШС. Осы кәсіпорындағы 800 жұмысшы қазіргі кезде екі ауысыммен үздіксіз еңбек етуде. Сондай-ақ мереке мендемалыс күндеріне қарамастан кез келген ауа райы жағдайында тағы да 350-ге жуық жүк тиегіш техника операторлары мен жүргізушілер жұмыс істейді. Олар кейінгі кез тәулігіне, яғни 24 сағаттың ішінде 10 мың текше метр шамасында қар шығарып жүр. Сосын тиелген қарды қала сыртындағы арнайы полигондарға тасиды. Ондай полигондар бүгінде қаланың Телецентр, Зашаған кентінің Балауса шағынаудандарында және Бәйтерек ауданының Асан ауылында бар екен. «Жайық Таза Қала» мекемесінің қызметкерлері қаладағы орталық және магистральды көшелерді, халық көп баратын жерлерді, аялдамаларды және мектеп, балабақша, аурухана секілді әлеуметтік нысандардың маңайын тазартты. Жалпы осы қысқы кезеңнің басынан бері 262 мың текше метр қар арнайы полигондарға шығарылған. Мекеме басшысы Ринат Нұрғалиевтің айтуынша, қаланы қардан тазалауға күндізгі ауысым бойынша 360-тан астам және түнгі уақытқа 200-ге жуық арнайы техника жұмылдырылған. Солардың арасында жүк тиегіш техникалар, автогрейдерлер және басқалары бар. Әр техника арнайы «GPS» қондырғысымен жабдықталған. Өйткені ол нақты уақыт режімі бойынша жұмыс істеуге және көліктің бағытын бақылауға мүмкіндік береді. Қаладағы қар тазалау жұмыстарына қатысты Орал қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің мамандарына бірнеше сауал қойдық. Аталмыш мекемедегі абаттандыру секторының бас маманы Ғаділ Қыстаубаев сұрақтарымызға қысқаша жауап қайырды.
– Қазіргі уақытта Жұлдыз, Ескі әуежай, Ет комбинаты сияқты жеке секторларда екі ауысым бойынша сенбі-жексенбі күндері де қар шығарылуда. Сондай-ақ оған жұмылдырылатын техникалар әр ай сайын арнайы техникалық тексерістерден өткізіледі. Бүгінде қала көшелерін кеңейту жұмысы толықтай атқарылды. Өйткені барлық шағынауданда автогрейдерлер жүріп өтіп, міндеттерін орындады. Әрі қарай қар шығару жұмыстары үздіксіз жалғасуда, – деп жауап берді Ғаділ Русланұлы.
«Су басудың себептері әр түрлі»
Зашаған кентіндегі Арман, Кең дала, Сарытау, Көктем, Болашақ және Балауса сияқты 6 шағынауданда көктемде су басу қаупі болады. Бұл шағынаудандардың кейбірінде су жиналып қалатын ойпаң жерлері де бар. Мұны аталмыш кент әкімінің орынбасары Асылжан Хайруллин де растап отыр. Зашаған кентінің құрамына қазір 13 шағынаудан және 2 елді мекен кіреді. Онда 71 мың тұрғын өмір сүріп жатыр. Жалпы 172 көше болса, соның атап өткен 6 шағынауданындағы 55 көшесін су шайып кету қаупі жоқ емес. Қарғын судың алдын алу үшін атқарылып жатқан жұмыстар да аз емес. Мәселен, биылғы қысқы кезеңде, яғни бүгінге дейін 50 мың текше метрге жуық қар шығарылған. Бұл жұмыстарға 40-қа жуық техника жұмылдырып, 40 адамнан тұратын 5 шағын жұмыс тобы құрылған. Сондай-ақ кент аумағында 37 шақырым арық жүйесі бар. Соның ішінде 3 шақырым арық 2023 жылы салынған болса, биыл 2 шақырым арық қазу жоспарланып қойған. Бүгінде Сарытау шағынауданындағы үлкен айналма арықты тазалау жұмысы жүргізіліп жатыр.
– Әр жылда қар шығару, су құбырлары мен арықтарды тазарту жұмыстары жүйелі ұйымдастырылып келеді. Иә, кент аумағында су толып қалатын учаскелер бар. Су басудың себептері әртүрлі. Жеке үйлердің іргетасының төмен болуы немесе сайда орналасуы, тұрғындардың уақытында қар аршу жұмыстарымен айналыспауы және кей уақытта арықтардың толып қалуы секілді бірнеше себеп, түрлі жағдай болады. Мысал келтірсем, алдыңғы жылы Көктем, Кең дала және Сарытау маңындағы суды өткізетін Саратов тасжолы бойындағы үлкен айналма арықтағы су көтерілді. Салдарынан М. Мөңкеұлы көшесіндегі көпқабатты 8 тұрғын үйдің жертөлесін су басып кетті. Көктемгі су басу қаупінің алдын алу жұмыстарына тұрғындар да белсенді болса деген тілек бар. Олар да өз ауласындағы қарды уақытында сыртқа, яғни жолдың жиегіне шығарып отырса дұрыс болар еді. Ал жалпы кент тұрғындарына әлеуметтік желілер арқылы қар шығару жұмыстары болатынын алдын ала ескертіп жүрміз, – деді кент әкімінің орынбасары Асылжан Сүйінбекұлы.
Сондай-ақ ол қар аршуға тұрғындар да белсенділік танытып, қолдау көрсетсе деген ұсынысын да жеткізді. Өйткені жұмыс барысында қар астында жатқан су құдықтарын арнайы жұмыс тобы білмегендіктен техникамен оқыс түйіп кетіп, жеке үйлердің суы тоқтап қалған кездер де болған. Сол себепті тұрғындардан жұмысшыларға жеке үй маңындағы, соның ішінде қар астында қалған су құдықтарын көрсетіп отыруын сұрайды. Айта кетейік, мұндай оқыс жағдайлар Деркөл кентінде де орын алып жатады.
Қарғын судан қауіп бар
Қала сыртындағы саяжайларда да су басу қаупі жоқ емес. Қазіргі кезде қала бойынша 85 саяжай бірлестігі бар екен. Солардың ішінде 30-ы Жайық, Шаған, Деркөл секілді өзендерге жақын орналасыпты. Бұл жөнінде сенбі күні қала әкімдігінің қолдауымен өрт сөндіру қызметкерлері мен ерікті жастардың рейд барысында білдік. Жалпы жыл сайын ұйымдастырылатын осындай түсіндірме жұмысы биыл қаңтар айының ортасынан басталған. Рейдтік шара барысында Орал қаласы төтенше жағдайлар басқармасының инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Асланбек Хайруллин апатты жағдайда саяжай тұрғындарына арналған 27-ден астам орналастыру пункті бар екенін айтты.
– Биыл қардың қалың болып жатқаны өздеріңізге белгілі. Осыған байланысты жыл басынан тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Су тасыған жағдайда арнайы қосындар да дайындалды. Оқыс оқиғаларға сақадай сай тұрамыз. Алайда соның алдын алу немесе болдырмау мақсатында атқарылып жатқан шаралар да аз емес. Түсіндірме жұмыстары қаңтар айынан бастап су тасқыны кезеңіне дейін жалғаса береді, – деді ол.
Біз бірге барған саяжай көшелерінде тұрақтап қалған бірді-екілі үй тұрғындары болмаса, біраз үйдің қақпасы құлыптаулы. Олардың көбі қыс мезгілінде тұрақтамайтын көрінеді. Десе де төтенше жағдай қызметкерлері барлық үйді аралап, өз міндеттерін толық атқарды. Олар есік ашып қарсы алған тұрғындарға су басу қаупі төнгенде қандай құжаттарды алып, қандай әрекеттерге көшу керектігін түсіндірді. Нәтижесінде сол күні төтенше жағдайлар қызметкерлері мен еріктілер 12 саяжайды аралады. Олар бұл уақытқа дейін 23 саяжайға барып үлгеріпті.
Биыл қыс мезгіліндегі ауа райы жылдағыдан өзгеше басталып, біресе аяз күшейсе, бір ауық күн жылынып кетіп жүр. Мұндай ауа райы, яғни көктайғақ пен қардың қалың жаууы тұрғындарға қолайсыздық тудырды. Ауа райының күрт құбылуы жергілікті билік пен коммуналдық қызмет көрсететін мекемелерді де біраз әуреге салды. Сонда да аталмыш мекеме қызметкерлері көше тазалығын сақтау мен қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аянбай жұмыс істеп жүр.
Топырақтағы күзгі ылғал нормадан жоғары
Көктемгі қарбалас шақ та басталды. Жер-жерде жыл сайын халыққа қауіп төндіріп, әуре-сарсаңға салатын су тасқынының алдын алу шаралары қола алынуда. Осы орайда облыста атқарылып жатқан жұмыстарға қоса, өзен-көлдің ахуалы, ауа райының болжамы жөнінде де білуді жөн көрдік.
Қар ерте еруі мүмкін
Биылғы қыс жылы өтуде. Біресе қар, біресе жаңбыр жауып, ауа райы білгенін істеп тұр. Мұндай жауын-шашынның көктемгі су тасқынына әсер етері сөзсіз. «Қазгидромет» РМК БҚО бойынша филиалының директоры Тілеген Шапановтың айтуынша, желтоқсан-қаңтар айларында облыстың барлық ауданында нормадан жоғары жауын-шашын жауған. Сәйкесінше ылғал қоры мол.
– Көктемгі су тасқынына әсер ететін негізгі факторлар – топырақтың күзгі ылғалдануы, қардағы ылғал қоры, тоңның және өзендердегі мұздың қалыңдығы және көктемде қар еритін уақыттағы ауа райының температуралық режімі. Топырақтың күзгі ылғалдануына тоқталатын болсақ, қыркүйектен қараша айына дейін жаңбыр өте көп жауды. Осы ретте әр аудан үшін әр айдың жауын-шашын нормасы әртүрлі екенін айтқан жөн. Былтыр жауын-шашын 1,5-2 есеге нормадан жоғары жауды. Соның әсерінен топырақта ылғал мол. Мысалы, Тасқала ауданында жауын-шашын мөлшері 83 мм болса, күзде 141 мм жауын-шашын түсті. Яғни нормадан 71 пайызға артық. Әсіресе, Жаңақала ауданында 144 мм жауын-шашын жауып, өзге аудандардан асып түсті. Бұл көрсеткіш нормадан 167 пайызға артық. Топырақ ылғалдығының көрсеткіші облыстың барлық жазық аймағында орташа көпжылдық мәннен жоғары. Сонымен қатар өңірдегі өзен-көлдердің бассейндеріндегі топырақтың күзгі ылғалдануы нормадан 69-133 пайызға артық. Ал бұл жайт көктемде еріген қар суының жерге сіңуін азайтады. Қар суы жерге сіңбей, өзен-көлге құйылып, суды толтырады деген сөз, – деді филиал директоры Тілеген Шапанов. Тілеген Қойшыбайұлы айтып өткендей, ақпанның 1-індегі мәліметке сәйкес облыстағы қардың орташа биіктігі 5-20 см аралығында. Яғни биіктігі 4-8 сантиметрге нормадан төмен. Жаңбыр көп болғанымен, қар мөлшері аз. Қардағы ылғал қоры – 11-65 мм аралығында. Мысалы, бір шаршы метр жердің қары ерісе, 65 литр су шығады деген сөз. «Қазгидромет» мамандары осы арқылы өзен бассейндерінің аумағын, қардың және өзенге құйылатын қар суының мөлшерін есептейді.
Қардың ең жоғары ылғалдығы Тасқала, Бәйтерек, Теректі, Бөрлі, Шыңғырлау аудандары мен Орал қаласында тіркелген. Топырақтағы тоңның қалыңдығы өткен жылмен салыстырғанда 30-60 сантиметрге төмен, яғни 26-79 см аралығында. Алайда осы 79 сантиметрдің өзі тоңның қалың екенін білдіреді. Бүгінде Орал қаласында, Сырым, Шыңғырлау және Бәйтерек аудандарында тоң қалың. Желтоқсан-қаңтар айларында жаңбыр көп жауып, соңы аязға ұласқаны белгілі. Соның әсерінен топырақтың бетінде мұз жамылғысы қалыптасты. Қазір облыстың солтүстік аудандарындағы барлық жер мұз жамылған. Оның қалыңдығы – 5-45 мм. Бұл еріген қар суының жерге сіңбей, өзен арналарына құйылуын тездетеді. Соның салдарынан өзендегі су деңгейі жедел көтерілуі мүмкін.
– Биыл ақпанның 1-інде алдын ала гидрологиялық болжам шығарылды. Ал негізгі гидрологиялық болжам наурызда белгілі болады. Сондықтан қолда бар дерек бойынша айтсақ, Бөрлі ауданынан өтетін Шыңғырлау өзені, Тасқала ауданындағы ІІ Шежін, Бәйтерек және Тасқала аудандарынан ағып өтетін Деркөл мен Шаған, Сырым ауданындағы Өлеңті мен Шідерті өзендеріндегі су көлемі нормадан жоғары деп болжануда. Мысалы, көктемде Шыңғырлау өзеніне түсетін су көлемінің нормасы 96 млн текше метр болса, биыл 88-132 млн текше метр су келуі мүмкін. 2023 жылы көктемде осы өзеннің Бөрлі ауданына қарасты Кеңтүбек ауылындағы тұсынан 138 млн текше метр су келді. Биыл 132 млн текше метр су келеді деп болжануда. Былтырғы мен биылғы көрсеткіш шамалас. Бірақ ол кезде Шыңғырлау өзенінің осы ауыл тұсындағы су деңгейі 800 метрге көтеріліп, арнасынан асып, ауылды су басқан еді. Ал, негізінде, ауыл тұсындағы өзеннің қауіпті деңгейі – 700 метр. Сондықтан биыл да су мөлшері қауіпті деңгейден асуы мүмкін. Ал ІІ Шежін өзеніне түсетін судың нормасы 23,7 млн текше метр болса, биыл бұл көрсеткіш 28-42 млн текше метрге жетуі мүмкін. Деркөл өзеніндегі норма 60,8 млн текше метр, биыл 70-110 млн текше метр су келуі ықтимал. Өлеңті мен Шідерті өзендеріне келетін судың мөлшері 27-35 млн текше метр болса, 62-94 млн текше метр су келеді деп күтілуде. Ресейдегі Ирикла су қоймасы былтыр желтоқсан айының 19-ына дейін төменге қарай 15 текше метр су жіберген еді. Ал желтоқсанның 20-нан бастап су деңгейі 25 текше метрге дейін көтерілді. Бұл Ирикла қажетті суға толған соң, артық судың төменге жіберіліп жатқанын білдіреді, – деді Тілеген Қойшыбайұлы. Бүгінде Жайық өзенінің Орал қаласының тұсындағы деңгейі – 138 сантиметр. Бұл өзенге қатысты мәліметтер наурыз айының алғашқы онкүндігінде белгілі болмақ.
Филиал директоры наурыз айындағы ауа райы болжамына да тоқталды. Өңірде наурызда ауаның орташа температурасы нормадан 2 градусқа жоғарылайды. Яғни әдеттегіге қарағанда екі градус жылы болады. Ақпанда жауын-шашын 10-22 мм аралығында жауса, наурызда 14-27 мм аралығында жауып, нормадан артық түседі деп болжануда. Алдын ала болжам бойынша ақпанның үшінші онкүндігінде ауа температурасы +4-+9 градусқа дейін көтерілуі мүмкін. Жылдағыға қарағанда қардың ерте еруі ықтимал.
147 елді мекен – ерекше бақылауда
Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бас маманы Исмаил Азаматтың айтуынша, департамент көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық жұмыстарын қарқынды жүргізуде. Биыл облыстағы су басу қаупі бар 147 елді мекен ерекше бақылауға алынған. Сонымен қатар өңірдегі жолдарда су басу қаупі бар 49 учаске анықталған. Оның 46-сы автокөлік жолы болса, 3-еуі – теміржол. Соның ішінде республикалық маңызы бар автожол – 6, облыстық – 13, аудандық – 27.
Төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін 100-ден астам техника мен жабдықтар сатып алынған. Көктем мезгілінде төтенше жағдайларды жоюға 4043 адам, 1050 техника (382 трактор, 92 су айдайтын, 141 эвакуациялық, 95 инженерлік, 209 жеңіл автокөлік, 135 жүк автокөлігі), 88 жүзу құралы, 12 аспалы мотор және 329 мотопомпа дайындалған. Сонымен бірге 23 374 тонна инертті материал, 557 тонна жанар-жағармай, 192 710 дана қапшық дайын тұр.
– Қазіргі уақытта су тасуы мүмкін Деркөл, Шаған, Шыңғырлау және басқа өзендерде мұз кептелістеріне жол бермеу мақсатында мұз кесу, ойықтарды бұрғылау, қамыс шабу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Алдағы уақытта өзен-көлдерде сеңдер тұрып қалмас үшін мұзды қолдан жару жұмысы ұйымдастырылады. Сондай-ақ әр апта сайын облыс орталығында, аудандарда сенбілік өткізілуде. Сенбілік барысында құтқарушылар, жергілікті атқарушы құрылымдар, еріктілер қар шығарып, арық пен каналдарды, су өткізу құбырларын тазалауда. Бұдан басқа, қызметкерлер еріктілермен бірлесіп, тұрғындардың әлеуметтік осал топтарының, мүмкіндігі шектеулі жандардың үйлері-нің аулаларындағы қарды шығарып, көмек көрсетуде. Саяжай алқаптарындағы тұрғындарға су басқан жағдайда қауіпсіздік ережелерін сақтау туралы жадынамалар таратылуда, – деді Исмаил Салауатұлы. Бүгінде облыс бойынша 361 812 текше метр қар шығарылған. Айта кету керек, былтырғы дайындық шеңберінде өзендерге 19 уақытша гидробекет орнатылып, елді мекендерде 41 шақырымнан асатын қорғаныс бөгеттері салынған.
Жәнібек ауданында да су тасқынына дайындық жүруде. Мұндағы Талов, Жақсыбай, Борсы, Қамысты, Тау, Жасқайрат ауылдық округтері су тасқынының алдын алу бағытында бекітілген облыстық кешенді жоспарға енгізілген.
– Аудан аумағында су тасқынының алдын алу және жоюға қарсы іс-шаралар бекі-тіліп, аудандық штаб құрылды. Барлық ауылдық округ бойынша тиісті хаттамалық тапсырмалар берілді. Биыл төтенше жағдайлардың алдын алуға 8 млн 400 мың теңге бөлінді. Сонымен қатар төтенше жағдайлар резервіне 9 млн 651 мың теңге қарастырылды. 2024 жылғы тасқын суға дайындық шеңберінде «МТЗ» тракторына аспалы бір фреза, төрт мотопомпа, су деңгейін өлшейтін бір аспап сатып алынды. Сонымен қатар бір тіркемелі мотопомпа (құны – 4 млн теңге), бір палатка (құны – 2,9 млн теңге) және 5,5 млн теңгеге жанар-жағармай сатып алу жоспарланып отыр. Су тасқынының алдын алу және жою жұмыстарына 25 техника шығарылмақ, – деді Жәнібек аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Серік Алтаев. Су тасқыны орын алған жағдайда 90 адам жұмылдырылмақ. Сонымен бірге бір моторлы қайық, 23 мотопомпа, 9 мың қапшық және 20 тонна инертті материал дайын.
Ал Бөрлі аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бас маманы, азаматтық қорғау капитаны Бауыржан Дәулетовтың айтуынша, аудан бойынша 100 000 тоннадан аса қар шығарылған. «Ауданда төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында су тасқынына дайындық іс-шаралар жоспары бекітілді. Арнайы комиссияның жоспарлы отырысы өткізіліп, төтенше жағдайлар кезінде іс-қимылдарға дайындауды ұйымдастыру туралы өкімі бекітілді. Аудандағы су басу қаупі бар 17 елді мекенде 12 000-ға жуық тұрғын бар. Жергілікті атқарушы құрылым тарапынан көтемгі қауырт науқанға жұмылдыру үшін 213 адам, 162 техника, 5400 қапшық, 27 мотопомпа, 289 тонна инертті материал дайындалды. Қазір аудандағы өзендердің деңгейі бірқалыпты. Мұздың қалыңдығы – 45 см, тоңның қалыңдығы – 55 см болса, қардың биіктігі – 21 сантиметр», – деді Бауыржан Сәлімжанұлы.
Жайықтағы су деңгейі жоғары
«Қазсушар» РМК Батыс Қазақстан филиалының бас инженер-гидротехнигі Шынболат Ермағамбетовтың айтуынша, филиалдың теңгеріміндегі барлық су нысанына дайындық паспорттары толтырылып, тексерістен өткізілген.
– Жыл сайын көктемгі су тасқынын қауіпсіз өткізіп, су қоймаларына қажетті су көлемін дер кезінде жинақтау үшін мобильді бригадалар ұйымдастырылады. Ол жер қазатын 6 техникамен, 8 аутокөлікпен және үш дизель стансасымен, екі дәнекерлеу агрегатымен қамтамасыз етілген 20-25 адамнан құралады. Филиалға қарасты су шаруашылығы нысандарының дайындығын күшейту бойынша іс-шаралар жасақталды. Киров, Бітік және Дөңгелек су қоймаларында және Жайық-Көшім жүйесінің бас имараттарында бейнебақылау жүйесі орнатылды. Төтенше жағдайларда күзет бекетінде дабыл қағылады. Шаған су қоймасының су қашырту имаратының аумағында да дабыл сигналы бар, – деді Шынболат Ермағамбетов.
Шынболат Бекұлының айтуынша, Январцево гидробекетінде былтыр қаңтар айының 31-інде Жайық өзенінің деңгейі 159 см, су ағысы секундына 82,1 текше метр болған. Биыл қаңтар айының 31-інде өзен деңгейі 198 см, шығыны секундына 126 текше метрді құраған. Яғни былтырғыдан судың деңгейі 39 см, шығыны 43,9 м³/с артық дейді. Осы сияқты басқа гидробекеттерде де судың деңгейі мен шығыны былтырғыдан көп. Орал қаласының тұсында Жайық өзенінің деңгейі былтырғыдан 55 см жоғары. Көшім каналына да судың кіруі былтырғыдан төрт есеге көп (былтыр 3,1 м³/с, биыл 12,5 м³/с). Қаңтардың 31-індегі жағдай бойынша, Жайық-Көшім суару-суландыру жүйесінің бойында орналасқан су қоймаларындағы су мөлшері – 13 7,2 млн текше метр. Толтырылуы 52,7 пайызды құрайды. Бұл биыл жинақталған су көлемінің былтырғыдан 53,0 млн текше метрге көп екенін көрсетеді. «Шаған су қоймасының деңгейі Жайық өзенінің деңгейіне тікелей байланысты. Жайық өзенінің деңгейі 630 см-ден асқан кезде Шаған өзені кері ағып, өзен бойындағы саяжай қоғамдарын су басу қаупі туындайды. Соңғы жылдары Шаған өзенінің жағалауында салынған ғимараттардан ине шаншар орын қалмады. Су қорғау аумағы түгілі, су қорғау белдеуі де құрылыстың астында қалды. Жағада орналасқан саяжай иелері арнаға айлақтар (пирстар) салып, тарылтуда. Олар су тасқыны кезінде мұз кептелісіне әкеліп соқтыруымен қатар Шаған су қоймасының ағызу имаратына да қауіп төндіруде. Мысалы, 2023 жылдың көктемгі су тасқыны кезінде тізгінінен айрылған қалқымалы айлақтар су қоймасының ағызу имаратына келіп тіреліп, әуре-сарсаңға салды», – деді Шынболат Ермағамбетов. Айта кету керек, қазіргі таңда облыс шекарасына жақын Қараөзен арнасында орналасқан Ресейдің Александров-Гай және Приузень су қоймалары 92%, Сарыөзен арнасында орналасқан Варфоломеев су қоймасы 61% толған.
Материалды дайындағандар:
Аманжол Исламғали,
Ясипа Рабаева,
«Орал өңірі»