Облыс әкімі Ғали Есқалиев қыс мезгіліндегі төтенше жағдайлардың алдын алу жұмыстарының ұйымдастырылуын, техникалардың дайындығын, іске жарамдылығын тексерді.
Орал қаласындағы П.Атоян атындағы стадионда өткен іс-шараға төтенше жағдайлар департаменті мен жол-патрульдік полициясының, Ұлттық ұлан әскери бөлімдерінің, «Жедел жәрдем», өрт сөндіру қызметі мен «Жайық таза қала» ЖШС және тағы да басқа салалардың қызметкерлері қатысты. Қала аумағында төтенше жағдайларға қарсы әрекет ету үшін 15 азаматтық қорғау қызметі құрылған.
Өңір басшысы қаланың санитарлық тазалығына жауапты «Жайық таза қала» ЖШС мекемесіне барып, жаңа техникалардың мүмкіндіктеріне назар аударды. Бүгінгі таңда қала бойынша жалпы ұзындығы 615 шақырым аутокөлік жолы бар. Соңғы үш жылда шаһар тазалығы үшін 79 жаңа техника сатып алынған. Ал қысқы кезеңге жалпы саны 180 арнайы техника дайын. Сондай-ақ іс-шара шеңберінде Ғали Нәжімеденұлы «Жайықжылуқуат» АҚ-ның ағымдағы жылыту маусымын өткізу барысымен танысты. Қазіргі таңда «Жайықжылуқуат» АҚ 24, «Батыс су арнасы» ЖШС 60, «Қаз-ТрансГазАймақ» АҚ облыстық өндірістік филиалы 51 және «Батыс Қазақстан электр желілерін тарату компаниясы» АҚ 21 дана арнайы техникамен қамтамасыз етілген.
Қала аумағында 8 өрт сөндіру бөлімі мен жедел құтқару жасағы бар. Өрт сөндіру бөлімдеріндегі 82, жедел-құтқару жасағындағы 23 техника да қысқы маусымға сақадай сай.
Марлен Мәлікұлы,
zhaikpress.kz