«Әрине алтын алғым келді. Барымды салып бокстастым. Бапкерлер айтқан тактиканы ұстандым. Маған қолдау көрсеткен жанкүйерлерге алғысым шексіз. Жүлдемді ұлттық құрамадағы командаластарыма, бапкерлерге және Қазақстан халқына арнаймын», - деді Карина Ибрагимова марапаттау рәсімінен кейін.
Әлем чемпионатының күміс медалі - Ибрагимованың карьерасындағы ең үздік нәтиже.
Ертең, 26 наурыз күні бас жүлде үшін аса ауыр салмақтағы боксшымыз Ләззат Күнгейбаева сынға түседі. Қарсыласы - марокколық Хадидже Эль-Марди.
Чемпионат қорытындысы бойынша 4 боксшымыз қола жүлдегер атанды. Тұғырдың үшінші сатысына Алуа Балқыбекова (48 кг), Надежда Рябец (66 кг), Валентина Хальзова (75 кг) және Фариза Шолтай (81 кг) көтерілді.
Үндістан астанасы әйелдер арасындағы әлем чемпионатын осымен үшінші рет қабылдап отыр. Жеңімпаздар Халықаралық бокс қауымдастығынан 100 мың, күміс жүлдегерлер 50 мың, қола жүлдегерлер 25 мың АҚШ долларын алады. Қазақстан әйелдер құрамасы толық құраммен өнер көрсетті.
zhaikpress.kz