26.09.2022, 10:45
Оқылды: 36

Қарияларымыз – қазынамыз

1 қазан – Халықаралық Қариялар күні. Бұл мейрамда аға буынға ризашылығымызды жеткізіп, олардың қажеттіліктеріне тағы бір назар аудару бұлжымас қағида. Әрі алдыңғы толқынның өшпес өнегесі мен көнермес сара жолын ұлықтап, оны жастар арасында кеңінен насихаттау мақсатында көптеген іс-шара өтеді. Жалпы саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне, өлкенің өсіп-өркендеуіне, адами құндылықтардың терең тамыр жаюына арнаған жандарға қандай құрмет көрсетілсе де көптік етпесі хақ. Осы мақсатта ардагерлер ұйымы республикалық бірлестігінің мұрындық болуымен «Қарттарымызды қамқорлай жүрейік!» атты дәстүрлі акция басталды. Батысқазақстандық ағайын да оны қызу қолдап, аталған игі істен қалыс қалмауға ниет танытып отыр.  

Screenshot_20220925-232710_Chrome

Иә, халқымыздың қиядағыны шалатын қырағы жанары, қоғамымыздың қадірлі қазынасы саналатын қарияларға деген құрмет аясы  біздің өңірімізде жыл санап кеңейіп келеді. Осынау көненің көзіне һәм сөзіне айналған аға буынды ардақтаудың дәстүрге енген өзіндік жолы да бар. Мұндай ізгіліктің нәзік тіні экономикалық дағдарыс орын алған кезде де үзілмегеніне жалпақ жұрт куә. Ал Жаңа Қазақстанның жарқын беттері біртіндеп ашылып жатқан қазіргі уақытта үлкендерімізге алаңдаудың еш реті жоқ. Әсіресе, әлеуметтік көмекке мұқтаж, жасы ұлғайған, жалғызбасты жандар қоғам бақылауында, олар ешқашан көзтаса қалып көрген емес. Ұрпақ алмасып тұратыны – өмір  заңдылығы. Бүгінгі таңда да біздің қамқорлығымызға зәру адамдар қатары аса бір сирей қойған  жоқ.

Сонымен, «Жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, қайырымды азаматтар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйым өкілдері, бизнес құрылымдарының жетекшілері бұл жолы да аталған акцияға біркісідей атсалысатынына сенімдіміз. Ал енді бұл іске қолдау танытамын деген жаны жомарт, жүрегі ізгі азаматтар жергілікті әкімдікпен, облыстық, аудандық және қалалық ардагерлер кеңесімен бірлесе әрекет етулерін сұраймыз. Мұндайда атам қазақтың «Береке басы – бірлік» деген қанатты сөзі еріксіз ойға оралады. Ендеше, қарияларымыздың қас-қабағына қарап, олардың өмірлері жайлы болуы жолындағы жұмыста бірлігіміз нығая түссін. Өйткені уақыт деген тым жүйрік, ертең сен де үлкейіп, оның жасына келесің. Өмір – кезек, дәстүр – мәңгілік. Сондықтан әр ауылда, әр ұжымда, әр ортада ағалар кеңесі, ақсақалдар алқасы һәм ардагерлер ұйымдары елдік қасиеттерімізді, ұлттық құндылықтарымызды қайыра шыңдай  түскені абзал.

Құрметпен: облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Мақсот Берген

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале