«Атамекен» өнер ордасында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Бақтықожа Ізмұхамбетов облыс ардагерлерімен кездесті. Кездесуге облыстық, қалалық, аудандық ардагерлер ұйымдарының төрағалары мен мүшелері қатысты. Осы алқалы жиынға облыс әкімі Нариман Төреғалиев қатысты.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Жаңа Қазақстан», «Әділетті мемлекет» құруда зиялы қауымның оның ішінде ардагерлердің, ақсақалдардың маңызды рөл атқаратынын атап өтті. Халықты елдік мақсатқа, ынтымаққа ұйытып, ұлт тәрбиесіне, туған өлкеміздің өркендеуіне үлес қосу мақсатында ардагерлерді әлеуметтік қорғау шаралары – бүгінгі күндері күн тәртібінен түспейтін мәселе. Жыл сайын облыстық бюджеттен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында ардагерлер ұйымын қолдау мақсатында қаржы бөлініп отыр. «Ардагерлер үйі», «Ардагер клубы» тұрақты жұмыс істейді. «Қариясы қадірлі қоғамның ырысы мен табысы мол» демекші, бұл бағыттағы жұмыстарды әрі қарай жалғастыратын боламыз, - деді облыс әкімі өз сөзінде.
Ақ Жайықтағы жұмыс сапарын ардагерлермен кездесуден бастаған Бақтықожа Салахатдинұлы елдің тыныштығы мен бірлігін сақтауда қариялардың ықпалы мол екендігін ерекше атап өтті.
– 2016 жылдан бері ардагерлер ұйымын басқарып келемін. Елімізде 2 млн 300 мыңнан астам ардагер бар. Біздің басты мақсатымыз – Президентіміздің ұстанған бағытына қолдау көрсетіп, халқымыздың ынтымақ-бірлігін нығайтуға үлес қосу. Бір ай бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың қабылдауында болып, еліміз бойынша ардагерлердің «Қоғамдық бақылау туралы» заң жобасын талқылауға, елімізде су тасқынымен күрес кезінде халықты сабырға шақырып, түсіндіру жұмыстарына белсене қатысқанын және басқа мәселелерді баяндадым. Биылғы көктем батысқазақстандықтарға оңай болған жоқ. 2011 жылы су тасыған кезде қатты қиналып қалып едік. Сол жылдары су тасқынынан жапа шеккен 900-дей тұрғынға үй берілді. Қазіргі күнде облыс басшысы Нариман Төреғалиевтің ұйымдастыруымен көп жұмыс істелінуде. Табиғи апаттан қаланы аман алып қалуда облыс басшысының еңбегі бар екенін атап өткен жөн, - деп сөзін сабақтаған Мәжіліс депутаты халықты сан соқтырып жатқан ойынқұмарлық, алаяқтыққа тосқауыл қажеттігін айтып, дінге тым беріліп, қара жамылып, жөн-жосықсыз сақал өсіріп жүргендерді сынға алды.
Нариман Төреғалиев атап өткеніндей, өңірдегі ардагерлер ұйымдары белсенді жұмыс атқаруда. Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсот Бергеннің мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда облыс бойынша зейнеткерлер саны 96 799 адамды құрайды. Оның ішінде 11 Ұлы Отан соғысының ардагері, 2 319 тыл еңбеккері бар. Облыста түрлі деңгейдегі 57 000 ардагер болса, солардың қатарында 365 бастауыш ардагерлер ұйымы мүшелері, 1 облыстық, 12 аудандық, 1 қалалық ардагерлер ұйымы белсенді жұмыс істеуде.
Гүлжамал Кенжеғалиева
Фото: Мәди Салық