11.10.2024, 9:15
Оқылды: 21

«Қариясын сыйлаған елде қасиет бар»: Оралда облыстық фестиваль өтті

Дәл осындай атаумен Орал шаһарында облыстық  фестиваль өтті.

кария

Қариялар күні мен қайырымдылық айлығы аясында өткен шараны қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің мәдени-ағарту бірлестігі ұйымдастырды. Фестивальдің ерекшелігі – сахнада тек аға буын өкілдерінен құрылған ансамбльдер өнер көрсетті.

Халық әндері арқылы жас ұрпақты өз елін, жерін құрметтеуге және ұрпақтар сабақтастығын дамытуды мақсат еткен фестивальге Бәйтерек, Казталов, Теректі, Сырым, Ақжайық аудандарынан келген ансамбльдер қатысты.

Зейнет жасына шықса да, қоғамдық өмірге белсене араласып, ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, қазақ әндерін төгілдіре шырқап жүрген  ата-әжелердің ең жасы 50-де болса, ең үлкені 80-нің сеңгіріне  шыққан.

Саналы ұрпақ өсіріп, салауатты өмір салтын ұстанып, қазақ халқының салтдәстүрін, халық өнерін дәріптеп жүрген қариялардың ісі – көпке үлгі. Фестивальге 11 вокалды топ қатысты. Олар бір-бірімен танысып, ой бөлісіп, мәре-сәре болды.  Фестивальге қатысушы вокал топтары бірінші патриоттық ән, екінші еркін тақырыптағы әндерді  орындады.

«Негізгі мақсатымыз – қариялардың өнерін сынға алу емес, керісінше оларды сахна төріне шығарып, құрмет көрсету», – дейді ұйымдастырушылар.

Бұл күні «Айшуақ», «Асыл әже» және басқа ансамбль ұжымдары көрермен қошеметіне бөленді. Фестиваль соңында барлық қатысушыға естелік сыйлықтар мен дипломдар  табыс  етілді.

Гүлжамал Жолдығали

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале