28.04.2021, 0:25
Оқылды: 45

Қарымды қаламгер, ақберен азамат

«Болар бала бесігінде бұлқынады» демекші, әдебиетке құмарлығым мектеп қабырғасында жүргенде-ақ басталды. Тырнақалды туындыларым жаңадан ашылған аудандық газетке сол мектеп партасында отырған кезде жариялана бастады. «Дән деген қарсақ құлағымен ін қазады» дегендей, содан кейін мен де шатпақтарымды аудандық басылымға бората беретін болдым. Із-түссіз кеткені қаншама? Кейде «Жаңарған өңірдің» штампысы басылған хат аламын. Онда: «Сіздің жіберген өлеңдеріңіздің көркемдік жағы газет талабына сай келмей тұр. Редакциядан байланысыңызды үзбеңіз» деген жазу тайға таңба басқандай бадырайып тұрады. Төменгі жағында: «Сәлеммен, хат бөлімінің меңгерушісі Е.Әйпішев» деген қолы бар. Ондай ондаған хат әлі күнге шейін жеке мұрағатымда сақтаулы тұр.

23ABDCB1-AA41-40C7-A039-1B02A4415BD1

Әскерден оралысымен күндіз ойымнан, түнде түсімнен шықпай, аңсарлы арманыма айналған киелі шаңырақтың табалдырығын мен де аттадым. Газеттің 36 жастағы редакторы, марқұм Ізбасар аға Өтеуов екі өлеңіммен қызметке қабылдады. Сөйтсем, менің қиялымда ылғи көктен көретін адамдарымның бәрі осы жерде жүр екен. Олармен енді күн сайын бір есіктен бірге кіріп-шығып, бірге жүретін болдым.

Қызмет бабына орай бұрын хат арқылы хабарласып жүрген Еламан ағаммен тіпті етене араласа бастадым. Себебі Елағаң хат бөлімінің меңгерушісі, бөлімнің қоржынына түскен хаттарды қорыту үшін маған береді. Берді деген аты ғана, негізінен соның денін өзі қорытып шығады. Осылайша басталған таныстығымыз келе-келе жолдастық-достыққа жалғасты.

Еламан Бәденұлының журналистік жолы редакцияның жүргізушілігінен басталды десе, біреу сеніп, біреу сенбес. Десе де, бойындағы жылт еткен талантын танып, оны жазу-сызуға тартқан да Сағит, Ізбасар сынды ағалары еді. Көп ұзамай жас жігіт Ұзақ, Болат сияқты ағаларымен қатар қалам сілтер дәрежеге жетті. Бесаспап жігіт баспахана жұмысын да жалықпай үйреніп алды. Баспахана меңгерушісі Есқақ аға Жәрдемов еңбек демалысына кеткенде, баспахананың бітпейтін жұмысын осы інісіне сеніп тапсырушы еді.

Газет қабырғасында жүріп, Елағаң орыс тілі мен әдебиет пәнінің маманы Роза Оразайқызына үйленді. Екеуі өрімдей екі ұл сүйіп, аналары ортасында бақытты өмірлерін бастағанда, дүние-ай, ашық аспаннан жай түскендей болып, ер жігіттің басына қайғы бұлты үйіріледі деп кім ойлаған?! Құбырды бойлай шығып, үйдің ішін кернеп кеткен газдан шыққан өрттің зардабынан әуелі сүйікті жары, көп ұзамай аяулы анасы қайғылы қаза-ға ұшырады. Сөйтіп, тұнық аспаннан қара бұлт басқан соң бақытты думанды күндері өтсе де, Елақаң үшін өсіп-өнген ортаның қызығы азайғандай еді. Ойлана келе облыстық телевидениеге қызметке ауысуға  мәжбүр  болды.

«Жақсы адамға қай жерде де бір орын бар» дегендей, жаңа ұжым орда бұзар отыздағы жасты жатсынған жоқ. Бұл кезде журналистиканың қыр-сырын меңгеріп алған Еламан телевидениенің тынымсыз шаруасына да төселіп кетті. Абыройлы, сыйлы болды. Телевидениенің қойторысы атанған журналист Ақ Жайық өңірінің түкпір-түкпірінде жүріп, облысымыздың тыныс-тіршілігімен жұртшылықты көгілдір экран арқылы

таныстырды. Осында жүріп, Жұмабикедей жар тапты. Үзілген үміт қайта жалғасып, сөнген шырақ қайта жанды. Екеуі енді төрт ұлдарын қатар өсіріп, қызықтарын бірге көреміз деп жүргенде Райымбегінен қапыда айырылып қалды. Алланың ісіне не шара? Жаратылысында қайсар жан бұған да көнді...

Еламан Бәденұлы жиырма жылдай облыс әкімдігінде, басқа да мемлекеттік құрылымда қызмет атқарды. Облыстық басылымда да белсенді қаламгерлердің бірі болды. Осыншама абыройлы қызмет, биік беделге иелік етті. «Орал өңірінің» байырғы қалам-

герлері А. Шахин, Е. Қыстаубаев, Ғ. Сейтақ, Ө. Жүсібалиев Елағаңның журналистика саласындағы қарымды істерін, жоғары адамгершілік қасиеттерін әрдайым құрметпен ауызға алады. Осы азаматтардың қолдауымен Еламан Бәденұлы «Қазақстанның құрметті журналисі» атағына ие болды. Алланың берері де, алары да аз емес екен. Алпысты еңсеріп, жетпіске иек артар шақта Ел-ағаң жан-жары Жұмабикеден айырылып қалды. Сүйегі болат азамат  бұл сынаққа да төзді.

«Жақсы қашан да жалғызсырамайды» дегендей, осы жолы да жора-жолдас, туған-туыстары Ел-ағаңның жанынан табылды. «Туған ай тураған етпен бірдей» дегендей, жараулы жылдар, жылаулы жылдар Ел-ағаңды жетпістің жотасына көтерді.

«Кіндігі туыстан, бірлігі туыс жақын» дегендей, қырық жылдан астам уақыт бойы бірлігіміз бұзылмаған, жел сөзге ұрынбаған, қызыл сөзге қызынбаған, ардақты дос, осы бір есте қалар есті сөздер торқалы жасыңда тартуым болсын! «Іздесе халқың сөзіңді, осалмын деме өзіңді» дегендей, сөзіңді іздейтін халқың, өзіңді іздейтін жалпың бар. Жасай бер, Ел-аға!

 Закария Сисенғали,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале