Ақ Жайық өңіріне белгілі жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, М. Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері Нұрдәулет Ақыш Ақ Жайық өңіріне келді.

Қарымды қаламгер облыстағы әдеби-мәдени іс-шаралардың куәсі болып, тарихы тереңнен тамыр тартатын көне ғимараттарды аралады. Жазушы өз кезегінде Орал қаласындағы Х. Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасына барды. ХVІІІ ғасырда бой көтерген тарихи ғимарат оқырман қауымды оқу мен білімге жетелейді. Мұнда өлке қаламгерлерінің шығармашылығы мен өмірін насихаттайтын кабинеттер бар. Ағылшын тілін үйренемін деген жастарға да есігі айқара ашық. Кітапхана ұжымы Нұрдәулет Ақышты қарсылап, рухани орданың тыныс-тіршілігімен таныстырды.
– Х. Есенжанов атындағы балалар және жасөспірімдер кітапханасы Орал қаласының орталығында орналасқан. Іргелі оқу орындары мен білім ұялары жақын. Кітапханаға аяқ басқан әр оқырман алдымен сол қапталдағы «Қадыр залына» көзі түседі. Қадыр Мырза Әли – қазақ әдебиетіне өшпес рухани мұра қалдырған шоқтығы биік қаламгер. «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп жырлаған ақын Қайрат Жұмағалиевті Ақ Жайық өңіріне қоса, күллі қазақ жұртшылығы қадір тұтады. Кітапханамызда ақын атындағы оқырман залы бар. Оған қоса, ғимаратта ағылшын тілін үйрету курсы да ұйымдастырылған. Айта кетелік, аталмыш курсты Қазақстандағы АҚШ елшілігі тікелей қаржыландырып отыр. Оқулықтар жеткілікті. Сондай-ақ кітапханашылар демалыс күндерінде де еңбек етеді. «Өнер – әдебиет» бөлімінде дауылпаз әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің өз дауысымен орындаған жыр-термелер сақталған. Дастан-жырлар, көптеген кітаптың түпнұсқалары да осы қорда сақтаулы тұр, – деді кітапханашы Гүлназ Хамзина.
Жоғарыда айтып өткендей, бұл кітапханаға үлкен-кіші оқырман және дарынды жас ақын-жазушылар жиі барады. Бүгінде қауырсын қаламгерлер «Ақберенге» үйір. «Ақберен» жас ақындар мектебіне биыл 23 жыл толды. Белгілі ақын Талап Таймасұлы жетекшілік ететін тәлім ошағы қазір Х. Есенжанов атындағы кітапханада жұмыс істейді. Нұрдәулет Бәбиханұлы әдеби қабілет-қарымы бар жеткіншектермен жолығып, әдеби шығармаларына арқау болған оқиғалар туралы әңгімеледі. Жазушы «Жұмбақ іздер», «Кебежеден шыққан қылыш», «Киелі көлдің қарақшылары», «Тау ішіндегі тауқымет» повестері шытырман оқиғаға толы екенін атап өтіп, жазылу тарихын ойлы оқырманмен бөлісті.
– Мен Шығыс Қазақстан облысының оңтүстігіндегі Тарбағатай ауданына қарасты Маңырақ ауылында өмірге келдім. Бұл – Қытай Халық Республикасымен іргелес елді мекен. Ауылымыз қала орталығынан шалғай жерде. Анам мені киіз үйдің ішінде толғатып, өмірге әкелген. Әкем – қарапайым қойшы. Бала кезде жанұяма жәрдемдесемін деп мал бағатынмын. Таулы мекеннің тұмса табиғаты, ағыны қатты өзендер – қиял ордасы, шабыт шырақшысы. Алғаш үшінші сынып оқып жүргенде-ақ парағыма әлдебір оқиғаларымды жаздым. Дегенмен «Қазақстан пионерлері», «Пионер» секілді газет-журналдарға туындыларымды жолдауға көңілім бармады. Себебі «Онда тек үздік оқушылардың жазған өлең, шығармалары басылады» деген ұғым көкейде ұялаған еді. Өсе келе аудандық газетке әңгімелер жариялап, қабілетімді шыңдап, талмай ізденіп, ақыры жазушы ретінде қалыптастым. Тоғызыншы сыныпта шығарма бастап жазып, ол әлдебір себептермен аяқсыз қалды. Бірде «Таймас» баспасы шығармаларымды жинақ ретінде жарыққа шығарды. Басылым кезінде тағы бір шығармамды сұрап, өтініш білдірген. Оған осы тоғызыншы сыныптағы туындымды толықтырып, жолдап жібердім. Жазған әңгіме, өлең, шығарманың бәрін де сақтап жүргендеріңіз жөн. Бүгінгі жас қаламгерлерге осыны айтқым келеді. «Жұмбақ іздер», «Кебежеден шыққан қылыш» – менің туған жерімде орын алған оқиғаға негізделген шығармалар. «Киелі көлдің қарақшылары» хикаятының желісі Атырау қаласында өрбіді. «Тау ішіндегі тауқымет» повесі – қазақ альпинистері жайында жазылған тұңғыш туынды. Студенттік кезеңнің үшінші жылында Алматыдағы Медеу мұз айдыны спорт кешенінің құрылысына қатыстық. Өзім тау баласы болғандықтан, биікке өрмелеу әдісін, шың басынан құлдилаған ірі-ұсақ тастардан қалай бой тасалау керектігін оп-оңай меңгеріп алдым. Көзбен көріп, жүрекпен сезініп, кейін осы оқиғаны қағаз бетіне түсірдім, – деді жазушы Н. Ақыш.
Жүздесу барысында оқырман мен жазушы сұрақ-жауап алмасып, ой-пікір бөлісті. Бәбиханның Нұрдәулеті бозбала шағынан сыр шертіп, алғашқы еңбек жолы жайында да әңгімеледі. Жазушы жақын арада «Афанасий Латута» атты жаңа романы жарық көретінін тілге тиек етті. Афанасий – Ақмоладағы ұлтазаттық көтерілісін бастаған украин азаматы екен. Нұрдәулет Бәбиханұлына осы романды жазуға белгілі тарихшы Зиябек Қабылдинов түрткі болған. Жиын соңында жұртшылық аутордан қолтаңба алып, естелік суретке түсіп, жазушы оқырмандарға ризашылығын білдірді.
Нұрым Ғұмар,
«Орал өңірі»