Наурыздың 2-сі күні облыс әкімі Ғ.Есқалиевтің төрағалығымен «Жол қозғалысы қауіпсіздігін арттырудың 2019-2021 жылдарға арналған жол картасының» жүзеге асырылуы туралы жиын өтті.
Облыс әкімдігінде болған жиынды ашқан өңір басшысы соңғы уақытта адам өліміне әкеліп соққан жол апаттары жиілеп кеткеніне айрықша алаңдаушылық білдірді.
«Биылғы жылдың екі айы ішінде облыста 22 адам ажал құшты, бұл былтырғы жылдың сәйкесті кезеңінен екі есеге көп. Осы ретте барша қаза болғандардың тума-туыстарына қайғырып көңіл айтамын», - деп Ғали Нәжімеденұлы сөз кезегін ҚР Бас прокуратурасы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің БҚО бойынша басқарма басшысы Жанат Нұрмағамбетоваға ұсынды.
Басқарма басшысының айтуынша, комитет 2011 жылдан бастап жол-көлік оқиғаларының есебін жүргізуде. Апаттарды азайту мақсатында 2013 жылы «Апаттар картасы» жасалған. Картаның мақсаты – мүдделі құрылымдарға апаттар туралы ақпарат беру. Картаға көз жіберсек, Орал шаһарындағы апат қатері жоғары қауіпті жол учаскелерін көреміз. Олар, негізінен, Абай даңғылы (11 учаске), Жәңгір хан көшесі (9 учаске), Мұхит көшесі (6 учаске), Нұрсұлтан Назарбаев даңғылы (7 учаске) бойларында және айналма жолда (10 учаске) орналасқан.
Жол апаттарынан зардап шеккендердің басым бөлігі Орал қаласының (261), Теректі (36), Ақжайық (31) аудандарының үлесінде. Төмен көрсеткіш Шыңғырлау (9), Қаратөбе (7), Тасқала (7) аудандарының еншісінде.
Жол-көлік оқиғаларының болу себептері өзгеріссіз: тайғақ жол, жол белгілерінің болмауы немесе дұрыс қойылмауы, анық көрінбеуі, жолдың дұрыс жарықтандырылмауы, жаяу жүргінші жолдарының жоқтығы.
– Жалпы, статистикаға сүйенсек, соңғы үш жылда жоп апаттары мен оларда зардап шеккендер саны кеміп келеді. 2020 жылы 2018 жылмен салыстырғанда 12 пайызға азайды (385 - 338). Өткен жылы халықаралық және республикалық маңызы бар күрежолдарда 61 жол-көлік оқиғасы тіркелді, соның 43-і демалыс және мереке күндері болды. Биыл жол-көлік апатының саны былтырмен салыстырғанда 19 пайызға төмендеді (47-38). Бірақ зардап шеккендер 44 пайызға көбейді, 79 адам (2020 жылы - 59) жарақаттанды және 22 адам (2020 жылы - 11) қайтыс болды. Оның ішінде: 15-і ер адам (2020 жылы -7), 7-еуі әйел адам (2020 жылы - 4). Жүргізушілердің кесірінен 29 оқиға, жаяу жүргіншілер кесірінен 4 оқиға орын алды. Мас күйде бес жол-көлік апаты болды, - деді Жанат Жандоллақызы.
Жол картасы аясында атқарылған және биылға жоспарланған жұмыстар Орал қаласының әкімі Абат Шыныбековтің баяндамасында көрініс тапты. Оның хабарлауынша, қалада жалпы құны 414 млн теңгеге 69 жасанды жол кедергісі төселіп, 36 бағдаршам қойылған (21-і жаяу жүргіншілерге арналған). Жолдың айрықша қатерлі учаскелерінде: Нұрсұлтан Назарбаев даңғылында 10 бағдаршам орнатылған, оның екеуі жаяу жүргіншілердікі, бір жасанды жол кедергісі төселген; Әбілқайыр хан даңғылында 14 бағдаршам (4-еуі жаяу жүргіншілерге), 5 жасанды жол кедергісі; Абай даңғылында 12 бағдаршам (5-еуі жаяу жүргіншілерге), 2 жасанды жол кедергісі; Ықсанов көшесінде 4 бағдаршам, 1 жасанды жол кедергісі бар. Сондай-ақ Мұхит көшесінде 7 бағдаршам (2-еуі жаяу жүргіншілерге); Жәңгір хан көшесінде 8 бағдаршам (3-еуі жаяу жүргіншілерге); айналма жолда 3 бағдаршам (1-еуі жаяу жүргіншілерге), 1 жасанды жол кедергісі жұмыс істеп тұр. 107 млн теңгеге жаңадан 448 жарық шамы орнатылған, шаһарда барлығы 11 500 жарық шамы бар.
– Биыл жаяу жүргіншілерге арналған жарық диодты жол белгілерін орнатуды, көшелерге тағы да 500 жарық шамын қоюды, «Құс фабрикасы» аумағындағы жолды, Айтқұлов көшесі бойын жарықтандыруды, қауіпсіздік алаңқайларын орнатуды, қаладағы қоғамдық көлік маршруттарын оңтайландыруды, жаңа аутобустар алуды және басқа да көптеген жұмысты жүзеге асыруды жоспарлап отырмыз, - деді Абат Шыныбеков.
Одан әрі облыстағы жол-көлік оқиғаларының себептері, алдын алу шаралары жөнінде БҚО полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Жанболат Жаншин баяндады.
Алайда әдемі слайдтармен безендірілген баяндама өңір басшысын қанағаттандырмады.
Ғали Нәжімеденұлы полиция өкіліне бірнеше өткір сауал қойды. Атап айтқанда, алдыңғы аптада болған 4 жол-көлік оқиғасы көліктердің жолдың қарсы бетіне шығып түйісуі салдарынан болған.
– Соңғы оқиға бойынша айтсақ, сағат 24.00-де жол жабылғанымен, аутокөлік жүргізушісі полиция қызметкерлеріне бағынбай, Орал – Атырау бағытына шықты дедіңіз. Сонда Атыраудан бері қарай шыққан аутокөлік біздің облыс аумағына қалай өткен? Бұл фактілерді тексеру қажет. Егер полиция қызметкерлері өз жұмысын адал атқармаған болса, өзіндік қауіпсіздік қызметіне тексеру жүргізуді ұсынамын. Сондай-ақ халық жолға кезекшілікке 1-2 патрульдік бригада қайталап түседі деп шағымдануда. Олардың жұмыс кестесін қайта қарап, алмастырып отырыңыздар. Тағы да ескертемін, жол-көлік оқиғаларының орын алуы тек жүргізушілердің кінәсі емес! Бұл ретте біз де әлі жауапкершілікті сезінбей отырмыз. Мысалы, өткен жылы жемқорлықты болдырмау және жолда тәртіп орнату мақсатында көліктерді арнайы камерамен жабдықтадық. Жаңадан сатып алынған «Арқан» аутокөліктері облыстық, республикалық жолдарда кезекшілік атқаруы тиіс еді. Бұл көліктердің тікелей мақсаты – жылдамдықты асырған жүргізушілерді анықтау болатын. Әкімдік тарапынан кемінде 100 метр қашықтықтан көліктің жылдамдығын анықтайтын камера сатып алуды шегелеп жазып бердік. Ал сіздер алған «Арқан» аутокөліктері не бары 25 метрден түсіреді! 25 метрден жазатын камералар күрежолдарда тиімсіз. Қазір олардың барлығы қала ішінде жүр. Осы мәселе бойынша айтарыңыз бар ма? - деген өңір басшысының нақты сауалына Ж. Жаншин мардымды жауап бере алмай, жалпы статистиканы қайталаумен шектелді.
Жиында ресейлік нөмірлі аутокөліктерді тіркеудің базасын жеделдетіп жасау, заңсыз такси қызметін реттеу, күрежолдарды күтіп-ұстау, Орал – Атырау тасжолы жиегін ұзарту бойынша ЖСҚ-ны тез арада аяқтау, шаһар көшелерін қардан тазалау және т.б. өзекті мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
– Өткен жылы 2 қарашада облыстық құқықбұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында Ақжайық, Бөрлі, Сырым аудандары әкімдерінің жол-көлік оқиғаларының алдын алу шараларын қабылдау бойынша жұмыстары қанағаттанарлықсыз екенін ескерткен болатынмын. Нәтижесінде 2020 жылы өңірде малдың қатысуымен болған оқиғаларда адам өлімі тіркелген жоқ. Алайда 2021 жылы 28 ақпанда Сырым ауданының аумағында 1 оқиға орын алып 1 адам қаза тапты. Бұл жол-көлік оқиғасы таңбалау жұмыстарының дұрыс жүргізілмеу, үй жануарларының бос жүру, ауылдық округ әкімдерімен тиісті мемлекеттік құрылымдардың өзара байланыс жоқтығынан және аудан әкімі тарапынан қадағаланбау салдарынан болып отыр. Осы ретте Сырым ауданының әкімі Төлеген Төреғалиевке сөгіс жариялаймын. Ал облыстық ветеринария басқармасының басшысы Серік Нұрмағанбетовке ветеринарлық станса жұмысын қатаң бақылауға алуды тапсырамын. Бұл мәселені бірлесе шешуіміз қажет. Жұмыс істегісі келетін адам жағдайды реттеу үшін мүмкіндік іздейді, ал істегісі келмейтін адам – сылтау іздейді. Біреудің қатесі – біреуге сабақ болуы тиіс. Осындай жол-көлік оқиғаларын болдырмау үшін жолаушы, жүргізуші, коммуналдық мекемелер, полиция қызметкерлері және т.б. құзырлы құрылымдар өз міндеттерін тиянақты, асқан жауапкершілікпен атқаруы тиіс, - деп мәжілісті түйіндеді Ғ.Есқалиев.
Отырыста қоғам белсенділері, қала тұрғындары А.Мусилов пен Б.Дүйсалиевтің жол қауіпсіздігіне қатысты ұсыныс-пікірлері де тыңдалды.
Тоқтар Кенжеғалиев,
zhaikpress.kz