13.11.2025, 11:30
Оқылды: 321

Қарыз батпағына батырған ҚҚС немесе кірген ізі  бар, шыққан  ізі  жоқ «пенсионка»

Жақында «Орал өңірі» газетінің редакциясына Ақжайық ауданы Тайпақ ауылындағы «Жайықтехсервис» кәсіпорнының 12 жұмысшысы қол қойған хат келді.  Үшбу хатта 2021 жылдан бері  жалақы төлеу режімі бұзылғаны, ал ең маңыздысы – жалақыдан ұсталған міндетті  зейнетақы жарналарының  БЖЗҚ-ға аударылмайтыны  айтылған.  «Арамызда  зейнет  жасына  жақындағандар  бар.  Жүйенің қателігі  біздің  болашағымызға кесірін тигізгелі  тұр» делінген  хатта.  Аталмыш шағымды  зерттеу үшін  Тайпақ  ауылына  іссапармен барып, мән-жайға  қанығып  қайттық.     

Ауылдағы ахуал: жұмыс бар, бірақ  табыс  жоқ

Тайпақ – кезінде аудан орталығы болған, қазіргі кезде төрт жарым мыңнан астам тұрғыны бар ірі елді мекен. Экономикалық белсенділігі төмен: жалғыз жүн өңдеу цехынан басқа іліп алар өндірісі жоқ. Халықтың негізгі бөлігі әлеуметтік салаларда немесе коммуналдық құрылымдарда еңбек етеді. Кәсіпкерлік нысандары, оның ішінде шаруа қожалықтарын қоса алғанда 83-ке жетеді деседі. Бірақ қара жұмысшыларға екі қолға бір  күрек  табу қиын.

35c175bd-ed0d-4d7d-9c07-dcfbedfd2d5a

Ауыз су нысанында, яғни су мұнарасында тәулік бойы тыным көрмейтін операторлар мен бақылаушылардың басым бөлігі төмен жалақымен күнелтіп, «шықпа, жаным, шықпамен» тірлік етуде.

Хат жолдаған азаматтармен «Жайықтехсервис» мекемесінің Тайпақ бөлімшесінің ескі ғимаратындағы тар бөлмеде жолықтық. Кездесу барысында жұмысшылар бірнеше жүйелі мәселені көтерді. Олардың айтуына қарағанда, түнгі ауысымға ақы төленбейді, еңбекақы ең төменгі жалақыдан да төмен, зейнетақы жарнасы ұсталғанымен, БЖЗҚ-ға аударылмайды.

«Түнгі жұмыс  ақысыз, зейнетақы аударылмайды»

– Бір тәулік оператор боламыз, түнде су мұнарасын күзетеміз. Бірақ түнгі кезекшілікке ешқандай қосымша ақы  төленбейді. Бұл заңға қайшы екенін білеміз, бірақ басшылық айтқан уәжімізді құлаққа ілмейді. Мәселені біраз жыл бұрын басшымыз келгенде айтып едік, айқайлап өзімізге ұрысты. Қолым боста ауламда көлік жөндеймін. Бес балам бар, азық-түлік қымбат, зайыбым кішкентаймен үйде отыр. Үйім апатты жағдайда, төтеншеліктер тұруға болмайды деп қорытынды берді. Несие алайын десем, зейнетақы қорына төлеміміз аударылмаған.
Қылышын сүйретіп қыс келіп қалды. Қыста қайтеміз, несие алып үй алайын десем, зейнетақы қорына тиісті төлем түспеген деп табалдырықтан қайтарады, – деп мұңайды оператор Нұрғазы Қалиев.

– Қолыма тиетіні – 75 мың теңге. Отбасымыз бар. Қазір электр қуаты мен газ төлеміне сол ақшамыз кетіп қалады. Барлығы қымбат. Зейнеткерлікке шығуыма үш-ақ жыл қалды. Маған зейнетақы жарнамның уақтылы түсіп тұрғаны маңызды. Зейнеткерлікке шығуым жақын деп осында жүрмін, әйтпесе, ең төменгі жалақыдан да төмен жалақыға кім жұмыс жасайды? Жарналар түспей жатса, ертең зейнетақым қалай есептеледі? – деді оператор Қорған Құлекешов.

– Екі жыл жарым болды осы мекемеден  нәпақа тауып жүргеніме. Жұбайым ауырады, дәріге ақша жетпейді. Несие алайын десем, «зейнетақы аударымы жоқ» деп банк қайтарып жібереді, – дейді оператор Анар Сүлейменова.

– Ескі екі қабатты үйдің екінші қабатындағы пәтерімнің қабырғасы «қайысып», құлайын деп тұр. Шатыры да майысып, әрең тұр. Жергілікті билік өкілдері қорықсаңыз, пәтер жалдап тұрыңыз дейді. Пәтер жалдауға жалақым жетпейді. От жағып отырмын. Отын қымбат. Газ өткізейін десем, ол да қалта қағады.  Мердігерлер 360 мың теңге сұрайды. Құбыр тартуды  қосқанда  миллионға шығады. Жаңғыртуға берейік десем, сараптама жасауға көршілер келіспейді. Олар үйді жаңартудан кейінгі несие төлемінен қорқады. Өйткені өмір сүру қымбаттап барады. Азық-түлік, коммуналдық төлемдер арзан емес, – деді жалғызбасты ана, бақылаушы Зинаида Дәуеш тығырыққа тірелген кейіпте нали сөйлеп.

«Өз қазанында өзі қайнап» әбден оқшауланып қалған қоғам тәрізденді тайпақтықтар. «Мал ұстаймыз, шөп қымбат, бір орамашөп 8500 теңге», «Малды бәріміз ұстамаймыз, айнала тақыр, жайылым жоқ, мал азығы жылда қымбатсиды», «Зейнетақы қорына төлемімізді тездетіп аударып, жалақымызды көтерсе» десті жұмысшылар. Баршасы түйінді түйткілді мәселелерін тілге тиек етіп, ағынан жарылды.  Еңбеккерлердің сөзінше, кәсіподақ жарнаны (1%) ай сайын ұстайды, бірақ ешқандай қолдау көрмеген.

Ресми  жауап: «Жарна  жалақыға жұмсалып  жатыр»

Тайпақтан  аудан орталығы Чапаевқа барып, кәсіпорын директоры Тимур Мырзағалиевпен және есепші Назгүл Ержановамен тілдестік. Кәсіпорынның есепшісі Назгүл Ержанова зейнетақы жарналарының ұсталатынын, бірақ аударылмайтынын жасырмады.

– Жалақыдан жарна ұсталады. Бірақ қаржы тапшылығына байланысты толық аудара алмаймыз.
Қаржы түскен сайын жалақыға бөлеміз, – деді ол.

Бұл  жағдай Еңбек кодексінің, Салық кодексінің және «БЖЗҚ туралы» заңның тікелей бұзылуының көрінісі. Жұмыс беруші жарнаны жалақы төленген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде аударуға міндетті.

Тайпақтағы кездесу

«Сонда ұсталынған ақша неге зейнетақы қорына түспейді? Ол қайда кетеді?» – деген сұрағымызға: «Шотымызға түскен ақшаны жалақы ретінде береміз. Өйткені қаржылық жағдайымыз мүшкіл. Қаржының мүмкіндігіне қарай тиісті соманы әр жұмысшының шотына әр ай бойынша аударуға тырысамыз. Иә жалақыны екі ай кешіктірген кезіміз болды», – деді есепші. Оған қоса зейнеткерлікке шығатын адамның төлемін уақтылы аударатынын, зейнетақы жарнасы түспей, зейнетақы тағайындалмай қалған жағдай болмағанын алға  тартты.

– Қазіргі кезде ең төменгі жалақы  –  85 мың теңге, неге кей жұмысшылардың жалақысы бұдан төмен, 75 мың теңге? – деген сұрағымызға: «Штаттық кестеге сай солай. Бізде бұйрыққа сәйкес сол деңгейде белгіленген. Мысалға, үш оператор бір айда кезектесіп 10 күннен жұмыс жасайды, соған сәйкес 75 мың теңге төленеді. 30 күн бойы еңбек етпейді», – деп жауап берді Н. Ержанова.

«Операторларға  түнгі ауысымға қосымша ақы төленбейді. Бұйрық бойынша солай», – деді  аталған кәсіпорын басшысы Тимур Мырзағалиев. «Осы жайт келісімшартта көрсетілмеген, бұларыңыз заңсыздық емес пе?» деген сөзімізді іркіп қала алмадық.

«Ұжымда 104 адам бар. «Жайықтехсервистің» құрылғанына 22 жыл болды. Осы уақыт ішінде ешкім кәсіподақ жолдамасымен демалысқа барып жатқан жоқ. Жаңа жыл және халықаралық әйелдер, Отан қорғаушылар мерекесіне орай сыйлықтар алынады. Зейнеткерлікке шығатын әріптестерге құрмет көрсетіледі, сый-сияпат жасалады. Тайпақтағы әріптестеріміз де осындай қамқорлық көруде», – деді есепші.

Негізгі себеп: ҚҚС бойынша орасан  қарыз

Кәсіпорын басшысының айтуынша, коммуналдық мекеменің қаржылық құлдырауына негізгі себеп – 2019-2020 жылдары берілген субсидияға салынған қосымша құн салығы. Тексеру комиссиясының қорытындысымен 2019-2020 жылдар бойынша ҚҚС салығынан 35 млн 165 мың теңге төлеуге міндеттелген. 2022 жылдың   қаңтар-тамыз айлары аралығында қосымша құн салығы бойынша берешек 24 млн 605 мың теңгені құрады. 2022-2023 жылдар аралығында аталған кәсіпорынның бар тапқан табысы осы тексеру бойынша ҚҚС салығын, басқа да салық төлемдерді төлеуге жұмсалған.

Кәсіпорынның бірнеше жылдық табысы тек осы берешекті жабуға жұмсалған. Субсидия қалай ҚҚС қарызына айналды? Су тарифі халыққа арзандатылып (357 теңгеден 90 теңгеге) беріледі, екі арадағы айырмашылықты мемлекет субсидиямен өтеп келеді. Бірақ тексеру комиссиясы субсидия да табыс деп есептелуі тиіс деген, ал та-бысқа ҚҚС салынады. Осылайша миллиондаған салық берешегі пайда болды. Кәсіпорын басшылығы бұл шешімге қатысты бірнеше рет мемлекеттік кірістер құрылымдарына, тіпті сотқа да жүгінген,  бірақ  нәтиже  болмаған.

Қаржы  ағыны: түскені – субсидия, кеткені – қарыз

Кәсіпорынның табыс және шығыс құрылымын талдағанда, келесі жайт анықталды. Қазіргі кезде мекеме мемлекеттен бір айға 9 млн теңге субсидия алады. Ал барша ұжымдағыларға төленетін айлық  жалақы қоры –   13 млн теңге. Сонда ол екі көрсеткіштің айырмасы – 4 млн теңге. Сумен қамтуда бірыңғай тариф қолданылады. Жеке адам, заңды тұлға, кәсіпкер, әлеуметтік мекеме, ұйымдар, білім беру нысандары болсын барлығы су үшін   415 теңге төлейді. Мысалға, бұрын мектептер 1683 теңге төлейтін. Сондықтан коммуналдық мекеме монополияға қарсы құрылымға бұрынғыдай тарифті санаттар бойынша тұрғындар, бюджеттік ұйым дар және өзгелері (жеке кәсіпкерлер) деп жіктеуді сұрауда. Осылай ҚҚС-қа қоса тариф төмендеген соң, түсетін табыс  шығынды  жаппайды.

2025  жылғы  қыркүйекке дейінгі  жалпы  берешек:

- 77 млн 943 мың  теңге

Тендер арқылы табыс  табудың  арқасында қазан  айының   10-ында төленгені:

- 33 млн 027 мың теңге

- Өткен аптада: 3 млн 800 мың  теңге қарыз  төленді.

Қалған  берешек:

- 41 млн 916 мың теңге

Бұл сома – барлық қарыздың, оның ішінде ҚҚС және басқа салық төлемдері, электр энергиясына, су құбырларының электр жарығына берешегінің  көрсеткіші.

Шешім іздеген әкімдік: тарифті  көтеру  мүмкін  емес

2024 жылдың табысы және шығысын таразылаған  кәсіпорын қаржылық жағдайы қиындағанын құрылтайшысы Ақжайық аудандық әкімдігіне мәлім еткен. Аудан әкімінің орынбасары Ердос Үмітовтің айтуына қарағанда,  әкімдік «Жайықтехсервис»  МКК-ның  (шаруашылық жүргізу құқығына негізделген) әлеуметтік нысандарды және өнеркәсіптік кәсіпорындарды, тұрғындарды сумен қамтамасыз ететін маңызды стратегиялық нысан екенін   ескерген. Оның қаржылық  жағдайын тұрақтандыру бағытында жұмыстанған.

– Кәсіпорын өзін-өзі қаржыландыруы тиіс. Бірақ жағдай күрделі болған соң, жарғысына өзгеріс енгізілді. Енді олар мемлекеттік сатып алуларға қатысып, қосымша табыс таба алады. Электр қуаты үшін төлемді де аудан көтерді. Тарифті көтеруге болмайды – халық үшін ауыр, – деді  Ердос Үмітов.

Е. Үмітовтың қабылдауындамыз

Ауданы әкімдігі бұл мекеменің жағдайын ескеріп, су құбырлары нысандарындағы пайдаланылған электр жарығы үшін төлемді осы күнге дейін төлеп келді. Былтыр аудан әкімдігінің төтенше жағдайлардың алдын алуға жоспарланған қаражат қорынан 37 млн, биыл 53 млн теңге қаржы бөлініп, мекеменің электр қуаты үшін бережағын өтеген. Тендерге қатысып, көше тазалау, жол белгілерін қою, т. б. жұмыстарды мойнына алған мекеме одан байып кеткен жоқ. Тапқан табысының бір бөлігіне жұмысқа қажет материалдар сатып алады, сол қаржыға берешекті жауып, жалақы да төлеуі қажет. Дегенмен бұл шаралар жағдайды түбегейлі шешпейді. Тендерде бұл кәсіпорынның қолына ешкім оңайлықпен «майлы жілікті»  ұстата  қоймайды.

– Кезінде субсидия ұңғымадан шыққан судың көлеміне қарай төленетін. Қазір әр үйдегі есептеуіштің көрсеткішіне сүйене отырып, есептеледі және су ысырабы есепке алынбайды. Сондықтан субсидия шамасы  азайып кетті. Ол да мекеме кірісінің азайып кетуінің бір себебі. Сосын тариф мәселесі бар. Биыл облыс бойынша судың тарифі өскен жоқ, басқа қызметтің барлығының бағасы өсті, – деді Ердос Рашидұлы.

Арыз бойынша бақылау  жүргізіледі.

Түйін

– Тайпақтағы жағдаймен таныспыз. Бізге арыз түсті. Соған орай камералдық бақылау жүргіземіз.  Камералдық бақылау дегеніміз салық төлеушілердің тапсыр-ған есептерімен сәйкестендіре отырып қараймыз, тексереміз. Камералдық бақылау бойынша «Жайықтехсервис» мекемесінің бережақтары анықталды. 2024 жылғы бережақтары жабылған. Енді 2025 жылғы бережақтары бойынша аталған кәсіпорын барлық есебін тапсырды. Енді өндіру жұмыстары жүргізілгеннен кейін арызданған салық төлеушілерге арыздары бойынша камералдық бақылау жүргізіліп, тиісті сома жұмысшылардың зейнетақы қорындағы шоттарына аударуға ықпал етеміз, – деп Ақжайық ауданы бойынша мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Аслан Жұмағазиев газет тілшісіне нақты жауап берді.

Зерттеу қорытындысына сүйенсек, жүйелі проблема бары айдай анық.  Тайпақтағы жағдай кәсіпорынның ғана мәселесі емес, жүйедегі қателік. Ең алдымен бұл қосымша құн салығы бойынша саясатқа қатысты дер едік. Субсидияны «табыс» деп есептеп, оған ҚҚС салу – ауылдық коммуналдық кәсіпорындарды қарызға батыратын жағдай. Екіншіден, мақаламызда айтылғандай, тариф саясатындағы дисбаланс орын алған. Су бағасы былтырдан бері өспеген. Сол аралықта шығын бірнеше есе көбейген. Үшіншіден, жұмысшылардың құқықтары бұзылып отыр. Жалақыдан ұсталған зейнетақы жарналары БЖЗҚ-ға аударылмайды. Бұл тұрмысы қиындаған ауылдықтарға несие алуға кедергі. Төртіншіден, түнгі жұмыс үшін ақы төленбейді. Кей жұмысшылардың табысы ең төменгі жалақыдан да аз. Осы жағдай да жұмыс беруші мен жұмысшылардың арасындағы ынтымақтастыққа салқынын тигізеді. Бесіншіден, жалақы қоры – негізгі ауыртпалық. Ауылдағы халық санына қарағанда штат тым көп. Кәсіпорын басшылығының айтуынша, Чапаев ауылында төрт бақылаушының әрқайсысы 400 үйдің есептеуішін қарайды. Тайпақта бір бақылаушы 200-дің үстіндегі үйдің есептеуіште-рін тексереді. Тайпақта 4000 адамға сегіз адам (үш адам оператор, үш қызметкер кеңседе, екі слесарь мен аға қызметкер) қызмет көрсетуі тиіс. Қазір онда 17 адам жұмыс жасайды. Бұрынғы аудан ізіндегі ауыл болғандықтан бұрынғы жұмысшы құрамы сақталған. Осыдан да ұжымдағылардың жалақысын өсіруге еш мүмкіндік жоқ. Қазіргі кезде  бірыңғай төлем жүйесінің құжаты жасалып, енгізуге дайындалуда. Сол жүйе іске қосылса, бақылаушы-контролерлар қысқартылмақ. Бірақ қысқарту арқылы тұйықтан  шығу  қиындау.

Жүйенің кемшілігін ең алдымен қарапайым адамдар  сезінуде. Кәсіпорын бірінші кезекте жалақы төлеуге мән беруде. Бұл да дұрыс, өйткені әлеуметтік шиелініс тумауы тиіс. Мекемеге банкрот кепешін кигізуге тағы жол жоқ. Ондайда ауыл-аудандағылар сусыз қалады. Қысқарту арқылы аталған мекеменің шекесі шылқиды деу қиын. Тарифті өсіруге тағы болмайды, ол да халықтың қалтасын қағады. Қалай болғанда да, бұл жағдайдан шығудың бір жолы болуы тиіс. Оны құрылтайшы аталған мекемемен бірлесе отырып, облыс басшылығының және ҚР Парламенті депутаттарының алдына қоюлары керек.   Әйтпесе, қарыз батпағынан шығу қиын.

Ал Тайпақ тұрғындарының талабы – әділдік. «Біз көп нәрсе сұрап тұрған жоқпыз. Өз заңмен бекітілген жалақымызды өсіруді, зейнетақы жарнамызды уақтылы аударылуын  сұраймыз», – десті тайпақтық жұмысшылар. Олардың талабы сөзсіз орынды.

Гүлбаршын Әжігереева,

«Орал  өңірі»,

Орал – Тайпақ – Чапаев – Орал

P.S. Зейнетақы қорына жарнасы түспеген жұмысшылар кімге, қай құрылымға жүгінуі керек деген сауалмен БҚО бойынша Еңбек инспекциясы басқармасы, «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ-ның  жұртшылықпен байланыс департаменті мамандарынан сұрағанбыз. Осы екі құрылым да жұмысшылардың алдымен жұмыс берушінің алдына мәселе қойып, келісімге келулері керек екендігін айтты. Ортақ келісімге келмеген жағдайда қызметкерлер жергілікті кірістер құрылымына арыздануы қажет. Сондай-ақ әркім егов үкіметтік портал арқылы өз кабинеттеріне кіріп, зейнетақы қорындағы заңды жарналарының  түсу ағынын  тексере  алады.

 

Сарапшы  пікірі

Әлжан ДОСМАҚОВ, сала  ардагері:

– «Жайықтехсервис» кәсіпорны басындағы жағдай маған таныс. Бұл мекемеде 2015 жылдың қарашасынан 2022 жылдың қаңтарына дейін басшылық қызмет-те болдым. Ол кезде айына 25-27 млн теңге субсидия алып тұрдық. ҚҚС төлеген жоқпыз. Мемлекет өзі беріп отырған субсидияны табыс деп, қайта одан қосымша құн салығын ұстау дегеніңіз ақылға сыймайды. Заң шығаруға қатысатын Парламенттегі халық қалаулыларының төменде не болып жатқанын білмеуінен, қазақша түсінбейтін депутат мемлекеттік тілде жазылған заңды түсінбей қол қоятынынан туып отырған жайт. Содан ауыл халқы, коммуналдық мекемелер зардап шегеді. Жұмысы ауыр сушылардың айлық жалақысы 75-85 мың теңге емес, кемінде 200-250 мың теңге болуы керек. Бірақ бұл мәселені аталған мекеме басшысы мен есепшісі өз бетімен шеше алмайды. Оны үкіметтік  деңгейде  көтеріп,  шешу  керек деп   білемін.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале