12.04.2021, 17:46
Оқылды: 81

Қарыз төлесе, ыссы су үзілмейді

Сәуірдің 12-де «Жайықжылуқуат» АҚ жылу қуат орталығы Орал қаласына жылу беруді тоқтатты. Бұл туралы мекеме басшылығы брифингте мәлім етті. Мамырдың 1-іне дейін гидравликалық сынақ жүргізіледі. Ол кезде 2-3 күн ыссы су берілмейді. «Жайықжылуқуаттықтар» іс-шараны жүргізу кестесін қосымша хабарлайды.

3CEBF904-F936-46BE-B610-CE067F06C1C6

– Жылу беру мерзімі штаттық режімде, апатсыз өтті. Желілерде аздаған кемшілік болғанмен, дер кезінде жойылды. Алайда мекеменің қызметіне кедергі келтіретін кемшіліктер жоқ емес. Орал жылу қуат орталығының ең бірінші мәселесі Жайық өзенімен тікелей байланысты. Өйткені кәсіпорын техникалық суды осы өзеннен алады. Ал соңғы жылдары өзеннің суы азайып келеді. Сондықтан бұл мәселе күрмеулі күйінде қалып отыр. Екіншіден, жылу желілері бойынша да түйткілдер бар. Яғни жылу құбырларының сыртқы қаптамаларын, кәріз құдығының люктарын ұрлайды. Полиция қызметкерлеріне жүгінгенімізбен, ұрлықшылар табыла бермейді. Наурыздың 1-де ГАЗель желі өтетін порталды бұзып кетті. Диспетчерлер бұзылған жерді дер кезінде анықтағанмен, желідегі мол су ағып кетті. Айта кету керек, әдетте қалада бейнебақылау камералары көп деп айтылып жатса да, осы жерде оның пайдасы болмай тұр. Өйткені бірталай уақыт өтсе де, көліктің жүргізушісі әлі табылған жоқ. Тұрғындардың кәсіпорынға 540 млн. теңге қарыз болуы да күрмеулі мәселе. Ал өнеркәсіп мекемелерінің 57 млн. теңге қарызы бар. Егер біз осы қарыздарды дер кезінде жинап алатын болсақ, жазда ыссы су тоқтатылмайды. Себебі өткен жылдары жылу қуат орталығы жұмысын толықтай тоқаттып, сәйкесінше ыссы су берілмеген күндер болды. Ал бұл жағдай тұрғындарға оңай тиген жоқ, – деп бар мәселені жайып салды акционерлік қоғам бас директорының кеңесшісі Вячеслав Солодилов.

FBFC768D-5856-4E67-826A-B565855F39F1

Вячеслав Юрьевичтің сөзінше, қараусыз қалған үйлер де қиындық тудыруда. Мәселен, бұрын жатақхана болған Құрманғазы 111, Гагарин 36/4 үйлердің мәселесі шаш-етектен. Бұл үйлерге ешкімнің қарағысы, жоспарлы жөндеу жасағысы келмейді. Дәл осындай оншақты үй алдағы уақытта жылыту маусымын қалай өткізетіні алаңдатып отыр.

Өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы Болат Батаев биыл «Жайықжылуқуат» АҚ-ның жылу желілерінде жүргізілетін күрделі жөндеулерге тоқталды. Шамамен 250 млн. теңгеге 6 метр жылу желісі жөнделеді. Ал асфальт-бетон жамылғысын қалпына келтіретін күрделі жөндеуге шамамен 24 млн. теңге жұмсалмақшы. Сонымен бірге 13 жылу беру пункті күрделі жөнделеді. Бүгінде акционерлік қоғамның 74 338  тұтынушысы бар. «Біздің негізгі міндетіміз – барлық қарызды жинау. Бережақ тұрығындар мәселесі нотариус арқылы шешілуде. Жалпы проблемалық дебиторлық бережақ – 125 млн. теңге шамасында. Қордаланған қарызы бар тұрғындардың шетелге шығуына шектеу қойылады, мүлкін пайдалануға тыйым салынады. Яғни келісімшартқа сәйкес екі ай төлем жасамаған тұрғын жөніндегі мәлімет, жиналған қарыз мөлшеріне қарамастан, нотариусқа жолданады. Қазір екі мыңдай адам елден шыға алмайды»,  – деді бас директордың өнімді сату бойынша  Бекболат Камешов.  

Айна Имашева

zhaikpress.kz

Суреттерді түсірген Эльвира Меңдіғали

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале