5.12.2019, 19:27
Оқылды: 41

Қаржы министрі бензиннің неге қымбаттағалы жатқанын түсіндірді

Әлеуметтік саланың шығындары мен микро және шағын бизнестің үш жылға салықтан босатылуы республикалық бюджетке түсетін кірісті азайтады. Сондықтан үкімет мұнай өнімдерінің акцизін көтеру арқылы оның орнын толтыруды жоспарлап отыр

Үкімет басшысының бірінші орынбасары, қаржы министрі Әлихан Смайылов бензин неге қымбаттағанын түсіндірді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

1560150145_0_0_3072_1728_600x0_80_0_0_76a23ea85a835b1a8eafb99479f18e4f

"Бензин бағасы литріне 10 теңгеге өседі деп күтілуде. Бұл шамамен 6 процент. Инфляцияға елеулі әсер етпеуі тиіс, дегенмен бағаның өсуі үнемі күн тәртібінде. Әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын ұстап тұру үшін барлық шараны қабылдау қажет", - деді Смайылов үкімет кулуарында.

Бірінші вице-премьер бензин акцизінің көтерілуіне екі фактор негіз болғанын айтты.

"Біріншіден, келесі жылы әлеуметтік саланың шығындары артады. Бұдан бөлек, "Педагог мәртебесі" туралы заң қабылданғалы жатыр. Оған сәйкес, алдағы төрт жылда мұғалімдердің жалақысын екі есеге көбейту жоспарланып отыр. Мұның бәрі қосымша ақшаны қажет етеді", - деді ол.

Бұдан бөлек, микро және шағын бизнестің үш жылға салықтан босатылуы республикалық бюджеттің кіріс бөлігін азайтады.

"Сол себепті қосымша табыс көздерінің бірі осы акциз болып отыр, бірақ бұл басты кіріс көзі емес. Бастысы – кедендік-салықтық әкімшілендіруді жақсарту. Акциздерді көтеру келесі жылы кірісті ұлғайту факторларының бірі. Ол қосымша 50 миллиард теңгеден аса қаржы жинауға мүмкіндік береді", - деді Смайылов.

Екінші фактор, оның айтуынша, көрші елдердегі, атап айтсақ, Ресейдегі бензин бағасы.

"Қазір бізде АИ-91 бағасы бір литріне 163 теңге екенін білесіздер. Ал Ресейде бұл теңгелік мәнде алғанда литріне 260 теңгеден асады. Тиісінше, біздегі мұнай өнімдері жаппай Ресейге әкетіліп жатыр. Сол себепті біз бензинді автокөлікпен шығаруды шектеуге мәжбүр болдық", - деді қаржы министрі.

Бұған дейін ұлттық экономика министрлігі бензиннің бір литрінің акцизі 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10 теңгеге көтерілетінін мәлімдеген болатын.

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале